Ауылына балабақша салған азамат

10.03.2020
Қаралды: 296

Қазығұрт ауданының Жаңаталап ауылында осыдан екі жыл бұрын 200 орындық, жалпы құны 75 миллион теңгеге салынған «Нұрасылхан» бөбекжай-балабақшасы пайдалануға берілгенде ауылдастардың қуанышында шек болмады.

 

Өйткені ауылда бұрын-соң­ды балабақша жоқ еді, жұмыс істейтін келін-кепшіктер балаларын қайда тастап кетерін білмей қиналатын. Елдің жағдайын ойлаған ауыл азаматы Әбдікәрім Нұржанұлы балабақша ашылуына ұйытқы болды.

 

Бүгінде екі қабатты бөбекжайда 200 бүлдіршін тәрбие алуда. Балабақша бүгінгі талап­қа сай салынған. Бүлдір­шіндер үшін арнайы әжетхана, душ, би билеп, ән салатын зал, ағылшын тілін оқытатын сынып – бәрі-бәрі, тіпті асхананың өзі өзгеше. Бөбекжай іші жарық, жылы. Жылу еден арқылы беріледі.

 

Балабақша басшысы – Ердос  Әбдікәрімұлы, ал меңгеруші қызметін  келіні Ақерке Мылтықбаева атқарады екен.

 

Бұл балабақшаға көршілес Көкібел, Жылыбұлақ, Тілектес ауылдарынан тәрбиеленушілер күнделікті тасымалданады. Оған арнайы «Газель» автокөлігі бөлінген, көлікті Бәйгел Мұсақов жүргізеді. Тәрбиеленушілерге төрт мезгіл тамақ беріледі, ал тасымал тегін. Ата-аналардан қосымша жарна жиналмайды. Бәрі де балабақша есебінен.

 

Балабақшада 54 жұмыс орны ашылған. «Қыран», «Балдырған», «Балауса», «Айгөлек», «Мерей», «Балапан» топтары жас ерекшеліктеріне қарай іріктелген. Осы топтарға 14 тәрбиеші, 7 көмекші тәрбиеші,  бір дәрігер, 1 шаруашылық меңгерушісі, тағы да түрлі жұмыстарды атқаратын 10 жұмысшы тартыл­ған.

 

Әдіскер Нұрсұлу Измаханова тәрбиешілерге өз білгенін үйретіп жүрсе, музыкашы Әділбаева, ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Гүлзат Керімқұлова бүлдіршіндердің музыкаға, тілге деген қабілеттерін аша түсуде. Мұнда сондай-ақ педагог-психолог Жансұлу Төлегенова, топ тәрбиешілері Майра Бекбердиева, Салтанат Сартай, Лаура Байсопиева, Мәдина Өтебаева, Таңшолпан Есімхан, Гүлнәр Аманова, Меруерт Әбдірахманова және басқа да тәрбиешілер еңбек етуде. Ал Мақпал Өмірова, Ботагөз Абылаева дәмді де сіңімді ас әзірлеуімен бүлдіршіндердің сүйікті аналарына айналғандай. Балабақша дәрігері Әлиасқар Мүсіров өз жұмысына жауапкершілікпен қарайтынын сезіндік.

 

«Немерелерімнің осында тәрбиеленіп жатқанына қуанамын, – дейді «Алтын алқа» иесі Гүлім Боранова. – Мұнда Мейірбек, Айару, Мейірхан, Мансұр, Айәділ, Айнұрым, Арсен, Әлинұр атты 8 немерем тәрбие алуда. Балабақша басшылары мен тәрбиешілеріне дән ризамын».

 

Кезінде білім беру саласында еңбек еткен зейнеткер Әбдірәкім Тұрдиев былай дейді: «Ауданнан шалғай жатқан аядай ғана Жаңаталап ауылына табиғи газ, ауыз су жүйелері тартылды, жол  асфальттанды, ауылға жаңа типті мектеп, медпункт, балабақша салынды. Ауылымыз қаладан бірде-бір кем емес. Балабақшаны салған Әбдікәрім Нұржанұлына жұрт риза. Ол жұмыс орнын ашу арқылы біраз қыз-келіншектерді жұмыспен қамтыды. Менің Нұрасыл, Жанерке есімді екі немерем осы балабақшаға барады».

 

...Әбдікәрімді жұрт Кәрім деп атап кеткен. Еңбекқор, әрқашан елге жақсылық жасағысы келіп тұратын оған әкесі Нұржан қажы мен  анасы Егізгүлдің ұлағатты тәрбиесі сіңген. Ол ауыл ақсақалдарының тілегіне сай мешіт салуға, Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне ескерткіш орнатуға ауыл жастарын жұмылдырып, демеушілік жасап, ауылда орын алып жатқан барлық іс-шаралардың бел ортасында жүреді. Ауылдың көркейіп, абаттануына мол үлесін қосты.

 

...Міне, Жаңаталапта осындай абзал азамат бар.

 

Жорабек СҮЙЕУБЕКОВ.

Түркістан облысы.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ