Басшылардың қатарын азайтуды қолдаймын

10.03.2020
Қаралды: 115

Қожахмет Баймаханов деген азамат елді тиімді басқаруға қатысты ойларымен бөліскен екен. Осыны «Замана» газетінен оқып, бір серпіліп қалдым.

 

Мен Қожахметті танимын. Ол кезінде Бұхарбай батыр атындағы совхоздың директоры бол­ған. Өте турашыл, қандай мәселе болса да әділ шешетін басшы болатын. Кейін Жалағаш ауданының, Қызылорда қаласының әкімі, Мәжіліс, Сенат депутаты болған азамат. Қайда жүрсе де келелі мәселелерді көтеріп, сол проблемаларды шешу жолында аянбай еңбек етті. Қазіргі депутаттар сияқты қалғып-мүлгіп отырмай, өз ұсыныстарын жоғарғы билікке жеткізе отырып, соның орындалуын талап ететін.

 

Қожахметтің әкімдіктердегі штаттың өте көп­тігін айтып, дабыл қағуын қолдап, қуаттаймын. Мен де уақытында осы мәселені газеттер ар­қылы көтергенмін. Қазақстанда 18 миллион халық бар. Екі палаталы Парламент АҚШ, Ресей сияқты елдерге қажет шығар, ал бізге оның қандай пайдасы тиіп жатыр? Миллиондаған теңге жалақы алып, қалғып-мүлгіп отырған, алды 80-нен асып, арты 70 жасқа келген, қалжыраған зейнеткерлер не береді? Олар бір жаңалық ашып, халық үшін бар мүмкіндігін жасайды дегенге мен сенбеймін. Олардың бәрін босатып, тек жасы 50-ге толмаған жастардан сайлау керек, ең төменгі жасы 25-30-да болса, сол тиімді. Сондай заңды қабылдасақ, одан қазақтың ұтары көп. Бұл мәселені тез арада шешудің жолдарын қарастыру қазіргі биліктің бел шеше кірісетін жұмысы. Көптеген министр­ліктерде қысқарту жүргізсе дұрыс болар еді. Бюджет ақшасын үнемдеудің төте жолы осы.

 

Ауыл шаруашылығы министрлігін, облыстық басқармаларын қысқартып, комитет деп атау керек. Себебі қазір колхоз-совхоздар жоқ, жер, егіс – бәрі жеке меншіктің қолында. Сонда ауыл шаруашылығы басқармасы, министрлік не істейді?

 

Ауыл шаруашылығында 40 жылдай жұмыс істеген, агрономнан бастап, облыстық басқармада бөлім бастығы, агробірлестік басшысының 1-ші орынбасары, облыстық өсімдіктер карантині жөніндегі инспекцияда 20 жыл істеген адам ретінде мен ауыл шаруашылығын бір кісідей білемін. Ол кез бен қазіргі нарық заманын салыстыруға келмейді. Әрбір тиын есепте болуы тиіс, босаған мамандарды өндіріс орындарын көптеп ашып, жұмыспен қамтамасыз ету жоғарғы басшыларға тікелей байланысты.

 

Қ. АЙДАРБЕК.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ