«Жылыжайлардың жұртқа да, шипажайға да зияны тиіп жатыр», – дейді Сарыағаш ауданы, Көктерек ауылының тұрғындары

10.03.2020
Қаралды: 297

Кешегі аптада редакциямызға «Сарыағаш» шипажайының іргесіндегі Көктерек кентінің тұрғындары хабарласты. Олар өздерін толғандырып жүрген мәселені басшылар мен тиісті мекемелердің  назарына жеткізуімізді өтінді.

 

«Көктеректе осыдан екі жыл бұрын үш-төрт қана жылыжай (теплица) бар еді. Кейінгі кездері олардың қатары 20 шақты болып қалды. Жылыжайларға күзден бастап көктемнің сәуір-мамыр айларына дейін көмір жағылады. Ауданның басым бөлігі табиғи газбен қамтылғанына, газ тұтынуға болатынына қарамастан олар осылай етеді. Өйткені бүгінде тұрғындар тарапынан көмірге сұраныс азайған, оның бағасы төмендеген, ал жылыжай үшін көмірдің құны газдікінен арзанға түседі екен.

 

Бүгінде аумағы 40 соттықтан үлкен жылыжайдың бәрі түгел көмір тұтынуда. Солардың әрқайсысы қазандықтарына бір жаққанда 2 тонна көмір салады екен. Отты таңертең және кешкі уақытта жағады. Қазандықтары 2 метр тереңдіктегі шұңқырға орнатылған, оған көмірді көлікпен апарып, аударады. Ол жақтан қаңғырлап-дүңгірлеген дыбыстар тынымсыз шығып жатады. Көмірдің ащы иісі мен будақтаған түтіні тұрғындарға жайсыз тиюде. Оның күлін де жол бойларына төгіп жатыр. Сыртқа кір жаюдан қалдық, көліктерімізді де көмірдің шаң-тозаңы басып қалады. Есікті ашсаң, үйге ыстың иісі келеді.

 

Мұндай проблемалар Жартытөбе ауыл әкім­шілігінің Ынтымақ, Достық елді мекендерінде де бар. Өйткені ол жақтарда да бірнеше жылыжайлар жұмыс істеп тұр», – дейді бізге хабарласқан азаматтардың бірі. Оның сөзін екін­шісі былай деп жалғастырды:

 

«Жылыжайлар әлі де көбейе беретін сияқты. Өйткені одан түсетін пайда бар. Біз жылыжай салынбасын демейміз, бірақ олар халыққа, экологияға зиянын тигізбеуі керек. Ол үшін оларды санитарлық нормаларға сай етіп, елді мекеннен  сыртқары салу қажет, мұржасын зиянды заттарды ұстайтын арнайы сүзгілермен қамтамасыз ету керек қой.

 

Осыны айтып, шырылдап жүргенімізге біраз болды, мәселе ауыл, аудан басшыларына да жақсы таныс. Бірақ біздің айтқанымыздан нәтиже шығар емес.

 

Осы бетімен кете берсе, Сарыағаштың екінші Теміртауға айналмасына кім кепілдік бере алады? Ондай жағдайда адамдар денсаулығына көп зиян тимей ме? Экологиясы бұзылса, «Сарыағаш» шипажайына жылдағыдай мыңдаған демалушылар келе ме? Туристер келе ме? Экологияға жауапты адамдар, басшылар мұны неге ойламайды?

 

Ал жылыжай иелеріне бәрібір, оларға өз жұмысы жүрсе болды. Мәселені түсіндіріп айтпақ болсақ, сөзге құлақ аспайды. Тиісті құжаттар түзіп, рұқсат алу үшін жарты миллион теңгеге шығындандым дегендерді естідік. Әрине, олар бірінші кезекте шығын орнын толтыруды, пайдаға кенелуді ғана ойлайды. Ал басшылар мәселені тереңірек ойлауы керек қой. Сіздерге «Уатсаппен» түтінін будақтатып жатқан жылыжайлардың суреттерін жіберейік, соған қарап-ақ мәселенің мән-жайын түсіне беруге болады».

 

...Редакциямызға Сарыағаш ауданынан хабарласқан адамдардың бұл сөздерін қаз-қалпында жариялап отырмыз. Бұған тиісті орындар назар аударып, тиісті шешімдер қабылдайды деген үміттеміз.

 

Т. ТҰРАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ