Профессор Құлбек ЕРГӨБЕК: «Ассамблея мемлекеттен, қазақ халқынан кешірім сұрауы тиіс»

09.03.2020
Қаралды: 150

Өткен ақпан айында Жамбыл облысының Қордай ауданында болған қанды оқиға жұртшылықты дүр сілкіндіргені белгілі. Осы кезде көптеген келеңсіз жайлардың беті ашылған болатын.

 

Таяуда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қордай ауданына ресми сапармен барып, оқиға орын алған ауылдардың тұрғындарымен кездесті. Бұл бас қосуда айтылған жайлар да көпшілікке ой салып, түрлі пікірлер туындатып отыр. Осы орайда жерлесіміз, халық­аралық «Алаш» сыйлығының иегері, түрколог-ғалым, профессор Құлбек Ергөбек Президент сапарына өзіндік бағасын бере отырып, ол кісіге Ашық хат жолдады.

 

Өз хатын: «...Президенттің сапары Қордай оқиғасы жайында ойда қордаланған түйінді мәселелерді қозғайды. Ақордаға оралған соң елімізде болып өткен келеңсіз қақтығыс жайында шешім жасауыңыз керек. Президенттің әкесімен бір кабинетте отырып қызмет атқар­ған азамат ретінде жанашырлықпен ой салу үшін пікір айтуды жөн көріп отырмын», – деп бастаған Қ. Ергөбек өзінің Қордай оқиғасына қатысты бірнеше көзқарас-пікірлерін білдірген.

 

«Дүнгендердің астамсуы Қазақстанда диаспора мәселесінің түбегейлі шешімін таппағанын көрсетеді, – дейді ол кісі. – Ассамблея институттық құрылым ретінде өзін ақтамады деп ойлаймын. Егер Қордайда болған оқиғадан дұрыс сабақ алмасақ, мемлекет үшін де, мемлекет құраушы ұлт – қазақтар үшін де, жалпы диаспора үшін де дұрыс болмайды. Ертеңгі күні мұндай оқиға әр жер-әр жерде тағы да қайталануы мүмкін».

 

Осылай деген Қ. Ергөбек дүнген мәселесін облыс әкімі Б. Сапарбаевқа ғана артып қоймай, саяси және экономикалық жағынан маңызды қадамдар жасау керегіне тоқталған.

 

Қордай оқиғасынан кейін дүнген диаспорасының кей өкілдерінің Қытайдан көмек сұрағаны, енді біреулерінің Ресей құрамында болғысы келетінін білдіргені де жұртқа терең ой салған еді. «Дүнген мәселесі Қазақстандағы барлық диаспораға көлеңке түсіріп кетті деп білуіміз керек. Бұл Отанын сүйген әрбір азаматты, әсіресе диаспораны қатты ойландыруға тиісті. Демек, мұны барлық диаспора басшы, қосшы болып Ассамблея Президиумында талдауы керек. Дүнген диаспорасы Ассамблеядан кешірім сұрауы керек. Ассамблея содан кейін барып диаспораға қамқор болып отырған мемлекеттен, мемлекет құраушы қазақ халқынан кешірім сұрауға тиісті», – дейді ғалым бұған байланысты.

 

Қ. Ергөбек сондай-ақ Қордай оқиғасы кезінде өртенген, қираған ғимараттарды кім жөндеуге тиістігін Ассамблея Президиумы шешуге міндетті деген пікір білдірген. «Егер мемлекет қалпына келтіріп береміз десе, онда ол халықтың қаражатын өзін орынсыз астам ұстаған бір диаспораға қисынсыз жұмсаған болып шығады. Бұл  мемлекеттің оқиғадан сабақ алмағаны болады. Мұндай шешім жалпы халықтың наразылығын тудырады. Ең дұрысы, қалпына келтіру жұмысын Ассамблея мойнына алғаны жөн. Жалпы Ассамблея шаңырағы астына біріккен барлық диаспора кәсіпкерлері ынтымақтасып,  ортадан қаражат шығарып жөндей ме, жоқ әлде өзара ақылдасып, талдап, дүнген кәсіпкерлерінің мойнына жүктей ме – бұл Ассамблея шешуге тиісті мәселе», – дейді Қ.Ергөбек.

 

Ол кісі қазақтың тілін меңгеруді диаспораға Қазақстанның қаражаты есебінен міндеттеудің де қате болатынын айтқан. «Қазақ тілін мемле­кеттік тіл ретінде таза білу, тұрмыста, қоғамдық салада тұтыну – Қазақстан азаматтарының міндеті. Мемлекеттік тілді білу- мемлекет қаржысынан емес, мемлекеттік тілді білмейтіндер есебінен қаралуы тиіс», – дейді ғалым.

 

Сондай-ақ Қ. Ергөбек дүнген ұлтының кей өкілдерінің шет елмен байланыс орнатып, көмек сұрауы мемлекетімізге жасалған опасыздық және сатқындық ретінде қаралуға тиіс деп атап көрсеткен.

 

Р. ҚАЛТАЙ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ