Жапониядан қайтқандарды еркінен тыс карантинге жатқызған

09.03.2020
Қаралды: 333

Алматы қаласының тұрғыны Назым Басқынбаеваның Денсаулық сақтау министрлігіне айтар арызы бар.

 

Басынан бастап айтар болсақ, ҚазҰУ-нің докторантурасында оқитын ол 14-ақпан күні ғылыми жұмыс аясында тәжірибе алмасу үшін Жапонияға барады. 22-ақпан күні елге келген соң оны ұшақтан түсе сала әй-шайға қаратпастан басқа да жолаушылармен бірге Нұр-Сұлтан қаласындағы арнайы ауруханаға карантинге жатқызып қояды. Себебі бұлар Жапонияның Йокогама қа­ласында екі аптадай уақыт коронавирусқа байланысты карантинде тұрған «Dіamond Prіncess» круизді лайнерінің төрт жолаушысымен бір ұшақта ұшып келген екен. Назым да, басқалар да бұл туралы ауруханаға келген соң бір-ақ білген көрінеді. Назым Басқынбаева: «Круиздегі карантиннен шыққан төрт азаматты елге эвакуациялағаны дұрыс-ақ, бірақ қалған 16 адамның өмірімен неге ойнады, ол туралы неге біздерге ескертілмеді?» – деп ашынады.

 

Осыған қатысты толық ақпарат беруін сұрап, біз Назымның өзіне хабарласқан едік. Ол бізге былай деді:

 

«Сол күнгі «Токио – Нұр-Сұлтан» бағытындағы ұшақта экипажбен қосқанда 20 адам бірге ұшып келдік. Оның төртеуі круиздегі карантиннен шыққан азаматтар екен. Бұл туралы бізге ешкім ештеңе айтқан жоқ болатын. Естігенде төбемізден мұздай су құйғандай болды. Нәтижесінде бәрімізді карантинге жапты. Ауруханаға жатқызған соң дәрігерлер үш сынама алатынын, үшеуі де теріс («отрицательный») нәтиже көрсетсе, онда бізді үйге жіберетіндерін айтқан. Дегенмен одан кейін тағы да төртінші және бесінші сынаманы ала бастады. Неге екенін сұрағанымызда сауалымызды жауапсыз қалдырды.

 

Енді өзімді мазалаған басқа да сұрақтарға жауап алу үшін құзырлы орындарға хат жолдадым. Өкінішке орай, үш күннің ішінде маған еш жауап келген жоқ. Сондықтан мен аштық жариялауға мәжбүр болдым. Қазіргі талаптарым тайға таңба басқандай анық.

 

Біріншісі, сынама қорытындыларын көзбен көру. Өйткені оны тек ауызша естігеніміз болмаса, кәдімгі мөр басылған анықтаманы әлі көрген жоқпыз.

 

Екіншісі, осыған дейін біз санитарлық жағдайға аса назар аударған жоқ едік. Карантиніміз ұзаққа созылатын болғандықтан біз жатқан палатаның тазалығын талап етіп отырмыз.  

 

Үшіншісі, мен еркімнен тыс карантинге жабылдым. Бұған Денсаулық сақтау министрлігі себепші екендігі нақты көр­сетілген анықтама сұрап отырмын. Бар қойған талабым осы», – дейді ол. 

 

Назым өзінің бұлай жіпсіз байлануының кесірі көп нәрсеге тигенін айтады. «Жапонияда іссапарда жүргенде біз үй карантинінде боламыз деп ойладық. Оған моральдық тұрғыда дайын да едік. Бірақ Алматыға жеткізбестен, астананың дәл түбіндегі ауруханаға жатқызып қойды. Менің әлі кәмелеттік жасқа толмаған екі қызым бар. Кішісі 2-ден асқан, олар сағынып, тіпті ауырып та қалды.

 

Сондай-ақ өзім жалғызбасты анамын, екі апта жұмысымнан шеттетілуімнің өзі мені табыс көзінен айырып отыр.

 

Бұл маған моральдық тұрғыдан да нұқсан келтіруде. Себебі осы жерден «таза» деген анықтамамен шыққанның өзінде басқа адамдардың бізге деген көзқарасы қандай болмақ? Жұқтырып аламыз ба деп сескенетін болса түк те істей алмаймыз ғой», – дейді ол.

 

Сонымен қатар Назым осы талаптары орындалмайынша аштық жариялауды тоқтатпайтынын да айта кетті.

 

«Алғашқы ниетім әуе компаниясын сотқа беру болатын, бірақ Денсаулық сақтау министрлігі оларды арашалап қалды. Е.Біртанов осы рейсте болған жолаушылардың барлығынан кешірім сұрады. Сондықтан ендігі кезекте қалған әңгіменің барлығы осы министрлікпен болатын шығар. Ол жағын осы жерден шыққан соң көре жатармыз», – дейді Назым.

 

...Бұл оқиға біздің елдің эпидемияға қарсы дайындығының қаншалықты деңгейде екенін көрсететін секілді. Әйтеуір аты да, заты да жақсы емес бұл аурудан аман болсақ екен.

 

М. БИБОЛ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ