Сайрагүлге «Батыл әйел» сыйлығы табыс етілді

09.03.2020
Қаралды: 118

Қытайлық қазақ қызы Сайрагүл Сауытбайдың 2018 жылы сәуір айында саяси қудалаудан қашып, Қазақстанға келгені белгілі. Қытай жағы оны қайтаруды талап еткен болатын. Егер Қазақстан кері қайтарғанда оның бас еркіне ғана емес, өміріне де тікелей қауіп төнуі әбден мүмкін еді.

 

С.Сауытбай Қазақстаннан саяси баспана сұраған болатын, бірақ еліміз оған ондай мәртебе бере алмады. Оны шекараны заңсыз бұзып өткені үшін 6 айға шартты жазаға кесті. Осы мерзім аралығында саяси баспана алуға жасаған әрекеттері нәтижесіз аяқталған С.Сауытбайға былтырғы жазда Швеция мемлекеті өз аумағына барып тұруға мүмкіндік жасады. Бүгінде ол отбасымен бірге сонда тұрып жатыр. Бұйыртса, оның отбасы Швеция азаматтығын алуы мүмкін.

 

Міне, осы Сайрагүл Сауытбайға кешегі аптада АҚШ-тың мемлекеттік департаменті «Батыл әйел» сыйлығын табыс етті. Бұл сыйлықты Сайрагүлге Вашингтон қаласында болған салтанатты жиын кезінде АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Майкл Помпео мен Президент Д.Трамптың әйелі Мелания Трамп табыстады. Сайрагүл бұл жиынға қазақша киініп барды.

 

Сайрагүл Сауытбайға бұл сыйлық Қытай Компартиясының азшылық ұлттарға жасап жатқан қысымы туралы қорықпай, әлемге жариялағаны үшін берілді.

 

«Сайрагүл Сауытбай шындықты айтқаны үшін қамалып, қысым көрді, оның өлім жазасына кесілуі де мүмкін еді. Ол – Қытай Компартиясының Шыңжаңдағы мұсылмандарға көрсеткен қысымы, арнайы лагерьлердегі ахуал жайлы ашық айтқандардың бірі, ол қазір де лагерьде қамалып шыққандар мен олардың туыстарын өздерінің көрген-білгендерін ашық айтуға жігерлендіріп жүр», – деді АҚШ Мемлекеттік хатшысы аталған сыйлықты тапсыру рәсімі кезінде.

 

Айта кетейік, АҚШ Мемлекеттік департаментінің «Батыл әйел» сыйлығы адам құқын қорғау, гендерлік теңдік, бейбітшілік, әділдік жолындағы күресте көзге түскен әйелдерге беріледі. Естеріңізде болса,  мұндай сыйлыққа 2018 жылдың наурызында қазақстандық адам құқын қорғаушы, белгілі адвокат Айман Омарова да ие болған еді. Сол кезде де сыйлықты тапсырушылар арасында Мелания Трамп болған. Яғни АҚШ саясаткерлерінің қазақ қыздарына деген құрметі артып отыр десек болады.

 

«Бұған мен де өте қуаныштымын. Арасында, әрине, саясат бар. Бірақ бұл жерде нақты адам қарастырылып отыр. Нақты қазақ әйелі лагерьден қашып келіп, көрген қорлығын ашық айтты. Сайрагүл – шынында да батыл әйел», – деді онымен жиі хабарласып, хал-жайын біліп отыратын адвокат А.Омарова.

 

...АҚШ Мемлекеттік департаментінің «Батыл әйел» сыйлығы 2007 жылы тағайындалған. Осы кезге дейін онымен әлемнің 150-ге жуық әйелі марапатталды. Бұл жолы Сайрагүлмен бірге аталған сыйлықты иеленгендер қатарында әзірбайжан, армян, пуштун, малай,  араб, үндіс ұлттарының өкілдері, африкалық бірнеше әйелдер бар. Олар адам құқын, әйелдер мен балалар құқын, демократия құндылықтарын қорғаумен айналысады, осы күрес жолында өз бастарын қауіп-қатерге тігіп жүр. Кейбірі тіпті түрмеде де отырып шыққан. Осындай қиыншылыққа қарамастан өз жұмысын белсенді түрде жүргізіп жатқан әйелдер арасынан бірнешеуі жыл сайын АҚШ Мемлекеттік департаментінің «Батыл әйел» сыйлығымен марапатталады. Бұл сыйлық АҚШ-та әр жыл сайын көктемде, арнайы ұйымдастырылған салтанатты жиын кезінде тапсырылады.

 

Р. ҚЫДЫР.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ