Баланы ана сүтінен айырмаңыз

06.03.2020
Қаралды: 391

Бүгінде Шымкенттің «Нұрсәт» шағын ауданындағы қалалық перинаталды орталықта аналарға арналған бағдарлама жүргізіліп жатыр. Осында Алмагүл Жарықбасова басқаратын ресурстық орталық ашылған.

 

Бұл орталықтың басты мақсаты – балалар аурулары мен өлімдерінің алдын-алуға мүмкіндік жасау, әйел-аналарға сәби үшін ана сүтінің маңыздылығын түсіндіру. Осы орайда құрамында Т.Нұрмұхаметова, Г.Тәнен, Т.Бердіқұлова, С.Шадиметова, Д.Шукуралиева, Д.Шалданбаева, Д.Канасова бар арнайы топ қала емханаларының қызметкерлеріне тиісті сабақтар өткізуде. Өз кезегінде олар да басқа қызметкерлерге, бала емізетін аналарға сабақ өткізеді. Медицина қызметкерлері балаға ана сүтін емізудің оған және анасына, соған қоса отбасына тигізетін қыруар пайдасы туралы түсіндіреді. Соның ішінде әсіресе мынадай жайларды түсінікті түрде жеткізуге баса мән беріледі:

 

- Ана сүті – сәби үшін теңдесі жоқ азық. Ол баланың иммунитеті қалыптасуына, ана мен баланың арасында психикалық-эмоциялық байланыстың туындауына қызмет етеді. Өйткені сүт құрамында баланың өсіп-жетілуіне, дамуына қажетті барша нәруыздар, майлар, лактоза, дәрумендер, темір, су, ферменттер болады. Емізу арқылы бала мен ана арасында сүйіспеншілікті оятатын тығыз қарым-қатынас орнайды. Ананың өзі баланы емізуден, оған күтім жасаудан эмоциялық қанағаттану сезімін алады.

 

- Сүт емген баланың денсаулығы нығаяды, оның асқазан-ішек жүйесі патогендік бактериялардан қауіпсіз болады, сүт баланы түрлі жұқпалардан қорғайды, ол сондай-ақ аллергия, диабет, семіздік сияқты жайлардың даму мүмкіндігіне жол бермейді.

 

- Ана сүтінің микробтарға қарсы тұратын қасиеті бар, ол бактериялармен бүлінбейді.

 

- Ана сүтінің сәби миын дамытуда да ролі зор, онда миға аса қажетті, өзге нәрсе алмастыра алмайтын май қышқылдары болады.

 

- Оның баланың өсіп-жетілуі үшін маңызы аса жоғары. Сондықтан баланы мүмкіндігінше 2 жасқа дейін емізу керек. (Осы орайда аталған орталық мамандары жұмыс істейтін аналарға да сүтті қалай қалыпты жағдайда сақтауға болатынына дейін түсін­діреді).

 

- Баланы емізудің ана үшін де пайдасы өте көп. Ол, мысалы, босанғаннан кейін қан кету мен анемия­ның алдын-алады, сондай-ақ омырау безі ісігінің даму қаупін азайтады.

 

- Баланы емізу әйелдің тән сымбаты сақталуына да пайдалы. Оның тіпті жаңа жүктілікті болдыртпайтын да қасиеті бар.

 

- Жеткілікті ана сүті баланы жасанды қоспалармен азықтандырудан сақтайды, сол арқылы отбасының артық шығындануын да болдыртпайды.

 

...Жалпы, ана сүтінің бала мен ана денсаулығына, көңіл-күйіне, оған қоса отбасы бюджетіне тигізер пайдасы туралы айтатын әңгіме көп. Ең бастысы, әрбір отбасындағылар оның маңызы туралы көбірек біліп жүргені абзал. Бүгінгідей ақпарат алу оңайлап тұрған заманда оны интернеттен де тауып оқуға болады. Дегенмен ең бастысы, тиісті дәрігердің ақыл-кеңестерін құлаққа құйып алу керек. Осы орайда Шымкенттің «Нұрсәт» шағын ауданындағы қалалық перзентханадан ашылған арнайы ресурстық орталықтың жұмысы жұртшылықтың көңілінен шығып жатыр десек болады.

 

Т. ТҰРАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ