Бүкіл елді бір түнде туған жерден бездірген

06.03.2020
Қаралды: 208

23-ақпан – шешендер мен ингуштердің Солтүстік Кавказдан депортацияланған күні. Сонау 1944 жылғы дәл осы күні түнде оларды алыстағы Қазақстан мен Қырғызстанға жаппай жер аудару басталған болатын. Бұл халықтар жыл сайын 23-ақпанда жазықсыз жер аударылғандар мен қаза болғандарды еске алып, олардың рухына құран бағыштайды.

 

Кешегі 23-ақпанда Шешенстан Пре­зиденті Рамзан Қадыров әлеуметтік желідегі өзінің жеке парақшасында бұған қатысты жазба жариялады.

 

«Осыдан тура 76 жыл бұрын жауыз Иосиф Сталиннің бұй­рығымен шешен және ингуш халықтары аяусыз түрде қатаң репрессияға ұшырады. Әйелдер, балалар мен қарттар өз туған жерінен қуылды, барша мүлкінен айырылды, мал артатын вагондарға тиеліп, Сібір мен Қазақстан даласына жеткізілді. Олардың бар жазығы шешен немесе ингуш отбасында туғаны ғана болды. Мыңдаған, жүз мыңдаған адамдар жолда аштықтан, аурудан, суықтан өлді, көптеген ересектер мен жастар ойдан шығарылып тағылған айыппен Колымаға айдалды. Халықты бұлайша саяси қуғынға ұшыратудың ешқандай да себебі жоқ еді, оның нақты себебі күні бүгінге дейін табылмай, айтылмай келеді», – деп жазды шешен Президенті.

 

Бұрынғы кезеңдерде бұл депортацияға шешен­дердің неміс басқыншыларымен ауыз жаласуы, Кеңес өкіметіне қарсы әрекеттер жасауы себеп болды деп айтылатын. Қазір де осылай деп жүргендер жоқ емес. Қадыров мұның бәрін негізсіз деп атады.

 

«Өйткені фашистер біздің жеріміздің бір шаршы метрін де басып ала алған жоқ. Соғыстың алғашқы он күнінде Солтүстік Кавказдың 20 мыңға жуық азаматы майданға баруға сұранып, еріктілер қатарына жазылды. Республикамыздың 50 мыңдай азаматы соғысқа қатысты, олар Сталинградты қорғады, Ленинград қоршауын бұзуға, Кеңес Одағы мен Еуропаның көптеген қалаларын азат етуге қатысты», – деді бұған байланысты Р.Қадыров.

 

Шешен Президенті бұл қасіреттің шешен хал­қының жадынан ешқашан өшпейтінін, дегенмен қазіргі халық пен ел басшыларының ертеңгі келешекті ойлауы керектігін айтып өтті. «Қазір біздің республика мен халықтың Ресейді мекендейтін бауырлас халықтар мен аумақтар арасында ла­йықты орын алуға нақты мүмкіндігі бар. Сондықтан біздің әрқайсымыз Шешен республикасының гүлденуіне үлес қосуға тиіспіз», – деді ол.

 

Осылай деген шешен Президенті Ресей басшыларының Сталин мен оның төңірегіндегілердің қылмысын айыптап, саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөнінде құжаттар қабылдағанын да айта кетті.

 

...Солтүстік Кавказдағы Шешен-ингуш Автономиялы Кеңестік Социалистік Республикасы 1936 жылы құрылған. КСРО-ның басқа аумақтарындағы сияқты онда да кезінде кеңес өкіметіне қарсы көптеген көтерілістер болған. Ондай көтерілістер тіпті 1936-1940 жылдары да жүріп жатыпты.

 

 КСРО басшыларының шешімімен Шешен-ингуш АКСР-ы 1944 жылы жойылған. Кей деректерге қарағанда, 1944 жылы 23-ақпан мен 9-наурыз аралығында одан 500 мыңнан 650 мыңға дейін адамдар депортацияланған. «Чечевица» деген құпия ат қойылған бұл операцияны іске асыруға 100 мыңдай әскер жұмылдырылған, одан басқа да әскери бөлімдер дайындықта тұрған. Қарсылық көрсеткендер табанда атылған, орманға, тауға қашып үлгергендер ғана аман қалған.

 

Ал осы кездері шешен мен ингуштің көптеген азаматтары Ұлы Отан соғысы майдандарында жауға қарсы шайқасып жүрген. Олардың ішінен 30-дан аса Кеңес Одағының Батыры шығыпты. Майданнан аман оралған азаматтар соғыстан соң өздерінің жер аударылған туыстарының артынан Қазақстан­ға, Қырғызстанға, Сібірге барып тұрыпты.

 

Ал Шешен-ингуш АКСР-ы 1957 жылы қайта қалпына келтірілген. Шешендер мен ингуштер – бір-біріне туыс халық. Бірақ олар 1993 жылы өз алдына республика болып, екіге бөлініп кетті. Қазір Шешенстанда 1 миллион 400 мыңнан аса, Ингушетияда 507 мыңдай адам тұрады. Бұл екі республика да Ресей Федерациясының субъектілері болып табылады.

 

Р. ҚЫДЫР.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ