Сыры белгісіз әйел сазға отырғызып кетіпті

20.09.2016
Қаралды: 961

Газетімізде «Екі жарты – бір бүтін» айдары ашылғалы бері қаншама адамның тағдыры туралы мақала жарық көрді. 

Олардың арасында өз теңін тауып, бақытты отбасын құрып жатқандары да жетерлік. Сол сияқты алаяқтарға алданып, барынан айырылып жатқан азаматтар да бар екен.

Таяуда біздің редакцияға Түлкібас ауданына қарасты ауылдардың бірінде тұратын оқырманымыз хабарласты. Осыдан екі ай бұрын біз ол азаматтың жар іздеп жүргені жөнінде жазып едік. Содан кейін ол кісіні Шымкент қаласында тұратын бір келіншек арнайы іздеп барыпты.

«Ол әйелмен алдын хабарласып, сөйлескен едік, – дейді оқырманымыз. – «Үй-жайыңызды, өзіңізді барып көрсем бола ма?» – деген соң мекен-жайымды айтқанмын. Күн сенбі еді, келді. Барымды қойып, шай бердім. Ол өзінің жетім өскенін, ешқандай туған-туысы жоқтығын айтты. Бұрын тұрмыста болған екен. «Күйеуім ішімдікке салынып кеткен соң бір баламмен ажырасып келдім. Қазір Шымкентте пәтер жалдап тұрамын. Кафеде ыдыс жуушы болып жұмыс істеймін», – деп көз жасын бір сығып алған соң, аяп кеттім-ау деймін: «Қаласаң, бірге тұрайық, ұлыңды да әкелеміз», – деп бауырыма бастым.

Не керек, екі күннен соң молда шақыртып, некемізді қидырттық. Көрші-қолаңды шақырып, кішігірім дастархан жайдық. Осылайша күндер өтіп жатты. Бір аптадан соң ол әйел: «Менің барлық құжатым, киім-кешегім қаладағы пәтерімде қалды. Рұқсат етсеңіз ұлымды, сосын заттарымды әкелейін», – деп сұранды. Ойымда ештеңе жоқ, қолына банктегі шотымның карточкасын ұстатып: «Мынаның ішінде азын-аулақ ақша бар, соны алып, керек – жарағыңа жаратарсың. Үйге де азық-түлік ала кел», – деп шығарып салғанмын.

Сөйтсем Құдайдай сеніп, құшағыма қысқан әйелім алаяқ болып шықты ғой. Карточкадағы ақшамен қоса қалтамдағы 15 мың теңгені де сыпырып кетіпті. Телефоны сөндірулі, міне, бүгін екі аптадан асты, ол адамнан хабар жоқ».

Ел-жұрттың, туған-туыстың алдында осылайша ұятқа қалдым деп күйінген оқырманымыз өз аты-жөнін жазбауымызды өтінді. Бүгінде тиісті орындарға алаяқтан алданып қалғаны жөнінде арыз да жазыпты. Таяу уақытта табылар деп үміттеніп отыр.

«Мен мұны өзгелерге сабақ болсын деп айтып отырмын. Әрине, бұл жерде газеттің еш кінәсі жоқ. Бар кінә өзімнен, танымайтын, бейтаныс әйелді үйіме кіргізбеуім керек еді. Енді мұндай оқиға орын алмасын, өз теңін іздегендерге адал жар жолықсын деген тілегім бар», – дейді оқырманымыз.

Расында да алаяқтардан абайлау керек. Лажы болса таныс­қан адамыңыз туралы ақпарат жинаңыз. Бірге суретке түсіп алғанның да артықтығы жоқ. Қысқасы, өздеріңізге сақ болыңыздар!

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ