Майлыошақта жасалған кеспелер шетелге де шығып жатыр

06.03.2020
Қаралды: 231

Күні кеше Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев 2019 жылы атқарылған жұмыстардың қорытындысы бойынша халық алдында есеп берді. Осы жиында облыс көлемінде қол жеткен жетіс­тіктерге тоқтала келіп, Қазығұрт ауданында жылдам дайындалатын кеспе шығаратын зауыт өндірісін іске қосқан непалдық миллиардердің ісін көпке үлгі етті.

 

Жедел дайындалатын кеспе зауыты өндірісінің бүгінгі жұмысымен тереңірек танысуды жөн көріп, зауытқа біз де бардық. «Термез – Алматы» магистральды автожолы бойындағы Майлыошақ елді мекенінің жанынан 13 гектар индустриалдық-инновациялық аймақтың екі гектар аумағына жылдам пісірілетін кеспе шығаратын зауыт өндірісін кеңейту бо­йынша ауқымды жаңғырту жұмыстары өткен жылдан бастап жүргізіліпті. 2019 жылдың қараша айында индустриалды-инновациялық аймақта тоқтап тұрған зауыттың меншік иесі мен Непал елінің миллиардері Бинод Чоудхариге тиесілі «Choudharі Group» компаниясы арасында аталған зауытты сатып алу туралы келісім жасалды. Келісім-шарт негізінде жаңа компания қажетті жабдықтарды орнатып, екінші өндірістік желіні салу жұ­мыс­тарына кіріскен. Алдағы жылы нау­рыз айында «CG Global»» корпорациясының еншілес кәсіпорны  «CG Foods Central Asіa» компаниясы өндірісті түбегейлі іске қосып, өндіріс қуаттылығын толық іске қосып, жылына 1100 тонна өнім өндіруді көздеп отыр.

 

Бастапқы кезде олар өнімнің 10 түрін шығаруды жоспарлаған. Өндірістік технологиялары еуропалық сапа стандартына сай зауыт жанынан тағы да жаңа цех салынып, онда кеспеге арналған арнайы дәмдеуіштер шығарылуда.

 

Аталған тамақ өнімдерін шығаруда 70 пайыз отандық, 30 пайыз Малайзия, Сингапур және Үндістан елінен әкелі­нетін шикізаттар пайдаланылуда. Ал да­йын өнім Орта Азия елдеріне экспортталуда. Атап айтқанда, компания Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан сынды елдерде сатылым нарығын қалыптастырып отыр. Сонымен бірге корпорацияның өнімі Үндістан нарығының 60 пайызын қамдай алады. Әлеуетті тұтынушылар саны шамамен 200 миллионға жуық адамды құрайды деген болжам бар.

 

Қазіргі таңда кеспе «Waі-waі» бренді­мен шығарылуда. Ол тай тілінен аудар­ғанда «тез-тез» деген мағынаны білдіреді.

 

«Жергілікті тұтынушылар үшін шығарылған өнім халал», – дейді  «TURKІSTAN ІNVEST»  компаниясының сыртқы байланыстар жөніндегі басқарушы директоры Баян Каюпова.

 

Аталған инвестициялық жобаға «Turkіstan іnvest» компаниясы қолдау көрсетуде. Тиісті құжаттарды дайындау, жер телімін заңдастыру, техникалық және инфрақұрылымдық мәселелерді шешуге «бір терезе» тәртібі бойынша қызмет көрсеткен.

 

Өткен күзде Премьер-Министр А.Мамин зауыттың ашылу салтанатына арнайы қатысқан еді. Бүгінгі таңда зауыт жұмыс істеп тұр. Оған 100-ге тарта ауыл тұрғындары жұмысқа орналасып, екі мау­сымда еңбек етуде.

 

Пісірілген кеспе өнімнің сапасы да жоғары. Соған сай тұтынушылар қатары да өсіп келеді.

 

Ж. СҮЙЕУБЕКОВ.

Қазығұрт ауданы. Түркістан облысы.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ