Әлемді жайлап барады...

03.03.2020
Қаралды: 167

Қытайдың Ухань қаласынан шыққан коронавирус бүгінде әлемді кезіп жүр. Оның құрығына түскен адамдардың қатары күн санап артуда.

 

Ресми деректерге қарағанда, Қытайдың өзінде оны жұқтырғандар саны 80 мыңға жуықтап отыр, коронавирус 2700-ден аса адамның өмірін жалмады.

 

Бұл қатерлі ауруды жұқтырғандар әлемнің 30-дан аса елінде тіркеліп отыр. Соның ішінде Иран, Италия және Оңтүстік Корея халқы қатты дүрлігуде. Өйткені бұл елдерде де вирус жұқтыр­ғандар саны жедел өсіп келеді.

 

Бейсенбі, 27-ақпанда таралған мәлі­меттерде Иранда коронавирусқа душар болғандар қатары 100-ге жуықтағаны туралы айтылды. Олардың қатарында Денсаулық сақтау министрінің орынбасары және бір депутат бар. Бұл елде жаман аурудан 15 адам жан тапсырыпты.

 

Ал Италияда ауру жұқтырғандар – 320, қайтыс болғандар 11 адам.

 

Оңтүстік Кореяда коронавирус 1146 адамға жұққан. Бұл елде де одан 11 адам өлген.

 

Осыған орай кешегі аптада АҚШ-тағы Гарвард университетінің эпидемиологы Марк Липсич бұл ауру алдағы уақытта әлем халқының 70 пайызын қамтуы мүмкін деген болжам білдірді. (Әлемде 7,5 миллиард адам бар). Өз сөзінде ол коронавирустың АҚШ-қа толықтай таралуы үшін оны 200 адамның жұқтырғаны да жеткілікті деген пікір білдірді. Айтуынша, коронавирус доңыз, құс тұмаулары немесе атипиялық пневмония сияқты аса агрессиялы бола қоймайды, алдағы уақыттарда оны жұрт тұмау сияқты жұқтырып, айығуы мүмкін, ол тек денсаулығы нашар және жасы ұлғайған жандарға ғана аса қатерлі болады.

 

Бүгінде коронавирус эпидемиясы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымында қатты алаңдатып отыр. Ұйым басшылары оның пандемияға ұласып кету қаупі бар деп жасырмай мәлімдеді. Осыған орай дүние жүзі елдері шекарасын бекемдеп, тиісті шаралар жасап жатыр.

 

Коронавирус үрейінің күшейгені сонша, кей мемлекеттердің халқы Қытайдағы өз азаматтарының елге оралуына үзілді-кесілді қарсылық білдіріп жатыр. Мысалы, Украинада осындай жағдай орын алды. Ондағы алдын-алу, сақтыққа қатысты шараларды дұрыс түсінбеген әрі арандатушылардың таратқан сөзіне сенген халық Уханьнан оралған отандастары отырған автобусты таспен атқылады.

 

Қысқасы, коронавирус дүние жүзі мемлекеттерін уайымға салып отыр.

 

Н. ӘБДІ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ