Белгісіз дерттің беталысы сойқан деседі

04.03.2020
Қаралды: 425

Қытайдағы қазақтардың мәселесін көтеріп жүрген тіркелмеген «Нағыз Атажұрт» ұйымының өкілі Серікжан Біләш таяуда әлеуметтік желі арқылы тосын хабарлама таратты. Онда  ол Қытайда коронавирустың тарауына байланысты болып жатқан кей жайттарды былай деп жеткізген:  

 

«Ашаршылық басталды ма? Қолдан жасалған ашаршылықтан адамдардың қайтадан миллиондап қырылуы мүмкін бе? Американың «Radіo Free Asіa» медиасында жарияланған ақпарат біздің үрейімізді тудырып отыр.

 

Естеріңізге салайық, Қытайға тәуелді Іле-қазақ автономиялы облысының Құлжа қаласында болуы мүмкін делінген бір видео әлеуметтік желіні зілзалаға салып тұр. Бұл видеода өзінің басын электр бағанасына да, қабырғаға да ұрып, жанұшыра айқайлаған жігіт: «Біз аштыққа ұшырадық, ашаршылық келді!» – деп есінен айырыла айқайлауда. Бұл жігіттің ақпаратына сүйенсек, олар қамал­ған үйде аштықта өмір сүріп жатыр. Ал «Radіo Free Asіa», яғни «Еркін Азия» радиосының ақпаратына қарағанда, бұл кісінің үйіндегі үш жанның аш екендігі және олардың осы қиыншылықты жоғарыға жеткізуіне үкіметтің құзырлы органдары кедергі келтіріп отырғандығы айтылады.

 

Ал шын мәнінде «Еркін Азия» радиосы Құлжа қаласындағы кейбір үйлердің телефондарына Америкадан қоңырау шалып білген ақпаратында Құлжа қаласындағы бір әйел өздерінің он күннен бері азық-түліктен қиналып отырғанын айтады. Ал 9 жастағы бір кішкентай қыздың азықтық қоректің жетіспеуінен есінен танғандығын да әшкерелейді. Қытайдың құзырлы мекемелері болса бұл ақпаратты жабық ұстап отыр.

 

Тағы бір әлеуметтік желіде таралған видеода адамдар жағатын отынның жоқтығынан аяқ киімдерді, тіпті ескі киім­дерді пешке жағып отырғандығы көр­сетіледі. Яғни Қытайда соңғы кезде коронавирустың қаупінен көпқабатты үйлердің подъездері, кіре берістері бекітілген. Ауыл-ауылдың арасындағы тас жолдар қазып тасталған. Ауыл мен ауылдың ортасы үзілген. Тек арнайы пәленбай таңбасы бар рұқсат қағазы болмаса, ешкімнің бір ауылдан бір ауылға қатынауға мүмкіндігі жоқ. Тіпті қалалы жерде көпқабатты үйлердің сырт­қа шығатын есіктері тұтасымен бекітіліп, тұтас микрорайондар қарулы әскери күзетпен күзетіліп отыр. Ал осындай жағдайда азық-түлікті жеткізіп беру ісі тосқауылға ұшырауда. Себебі, тағы бір видеода көрсетілгендей, банан мен мандариндерді ауылшаруашылық биз­несмендері иен далаға төгуде. Себебі олардың қалаға кіруіне тиым салынған. Ал олар «КамАЗ»-дағы банан мен мандариндерді қалаға кіргізе алмағаннан кейін амалдың жоқтығынан иен далаға төгіп, «КамАЗ»-ды да жолға салып, өздері де үйлеріне қайтуға мәжбүр болған. Себебі оларды қалаға кіргізбейді.  Керісінше, қалада азық-түлік жетіспей жатыр.

 

Осы орайды пайдаланған Қытайдың саудагерлері де керекті азық-түліктің бағасын өсіріп немесе оны тығып сақтап отыр делінген ақпарат бар. «Еркін Азия» радиосында берілген тағы бір ақпарат­қа сүйенсек, Қытай билігі азық-түлік тапшылығын әлемге айтудан қорқып отыр. Себебі олар қоғамда қандай да бір дүрбелеңнің тууынан қорқады. Қытай Компартиясы миллиондаған халық қырылып кетсе де Компартияның билігін сақтауды бірінші кезектегі міндеті деп біледі.

 

Ал кейбір әлеуметтік желідегі хабарларда Қытайдың Шыңжандағы концлагерь түрмесіндегі адамдар он күн бойы тамақсыз қалған делінеді. Кейбір үйлер көмірсіз, газсыз қалғандықтан ескі киім-кешегін отқа жағып отыр дейді. Мұны Американың «Еркін Азия радиосындағы» ақпаратқа сүйене отырып жарияладық. Бұл ақпарат 21-ақпанда жарияланған».

 

Осылай деген С.Біләш бұдан кейін Қытайдағы бұл жағдайдың елімізге қаншалықты әсер етуі мүмкін екендігін де түсіндіреді.

 

«Құрметті бауырлар, Қытайда дәл қазіргі сәтте осындай сұмдық оқиғалар болып жатыр. Ендеше, Қазақстандағы дәріханаларда бетке тағатын масканың өзі санаулы бір уақыттың ішінде сатып алынып, Қытайға жөнелтіліп кетсе, Қытай билігі алда-жалда біздің бида­йымызды, күрішімізді, азық-түлігімізді әлдебір алаяқ саудагерлерден 2-3 есе бағамен сатып алса, онда Қазақстанда 18 миллион халық ашаршылыққа ұшырамай ма? Ендеше біздің мемлекеттік қауіпсіздігіміз қайда? Осыған назар сал­ған адам бар ма? Қытаймен ортадағы шекара толық жабылды ма? Қытайдан тауар кіріп жатыр ма? Осыған кім жа­уап береді? Егер Қытайдан тауар кірсе, онда коронавирустың зат арқылы да, ауа арқылы да тасымалданатынын білсек,  біз одан сақтанайық!

 

Әлеуметтік желідегі кей видеоларда кәдімгі көпқабатты үйдің лифтісінен шыққан қариялар бүкіл лифттің айналасына түкіреді. Тіпті бір шал қолына түкіріп алып, түкірігін сол лифттің қабыр­ғасына, басатын түймешесіне дейін жағып шығады. Бұлар температурасы көтерілген, өздерін коронавирус жұққандар деп есептейтін адамдар екен. Соның барлығы бақылаушы камераларға түсіп қалған. Тіпті коронавирус жұқтырған болуы мүмкін деген кей адамдар өлсем жалғыз кетем бе, жастығымды ала кетейін деп қоғамдағы мүлде бейтаныс адамдарға таратуға тырысып жатқандығы, температурасы көтерілген, 38-39 градусқа жеткен немесе жайсызданған адамдар осылай ауруды басқаларға қасақана таратып жатқандығы туралы Қытайдың әлеуметтік желілерінде шу болып жатыр. Қытай билігі кейбір ақпараттарды жарияланған соң 2-3 минутқа жетпей өшіріп үлгергенімен оны қадағалап отырған Батыс ақпарат көздері мұндай ақпараттарды алып қалып, лезде әлемге таратып үлгеріп жатыр.

 

Дәл осы сәтте Қытай билігі алдағы уақытта бүкіл интернетті басы бүтін үзіп тастауы да бек мүмкін. Себебі Ухань қаласына коронавирус тарала салған сәттің өзінде Қытайдың Азаттық армиясын кіргізгендігін білесіздер. Ал бет-аузын тұмшалап алған, қолында билігі бар адамдар көшедегі адамдардың температурасын көреді. Кез келген уақытта оны еш себепсіз тұтқындап алып, карантинденген көліктерге тиеп алып ке­теді. Ары қарай бұл адамдардың тек қана мәйітханадан шыққанын немесе өртелгендігі туралы хабарламаны туыс­тары алып жатады. Сонда бұл адамдар шынында емделді ме, тексерілді ме, олардың денесіндегі коронавирустық белгілер тексеруге тапсырылды ма, жоқ әлде тікелей апарып өртелініп жатыр ма? Бұл да әлемдік ақпаратқа әлі күнге дейін құпия. Себебі Қытай билігі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы және басқа да халықаралық ұйымдардың талап-тілегін ескерместен коронавирус туралы барлық медициналық және басқа да ақпараттарды адамзаттан мүл­дем құпия ұстап отыр», – дейді ол. 

 

Қоғам белсендісі С.Біләш елдегі қауіпсіздік шараларына байланысты да өз ойын ортаға тастайды. 

 

«Құрметті бауырлар, айналаңызға дабыл қағыңыз! Бізбен пәленбай мың шақырым ортақ шекарасы бар ол елде дәл қазір осыншама сұмдық-сойқан болып жатыр. Ал біздің ақпарат саласы үнсіз. Ендеше, осы Қытайдың Жаңа жыл мерекесі, яғни өздерінің ұлттық көктем мерекесі кезінде Қазақстаннан Қытайға барып, одан іле-шала Қытайда ауру туралы дабыл қағылғанда, Қазақстан шекарасын жауып үлгермей бейғам жат­қан кезде тікеден-тіке «Пекин – Алматы», «Үрімші – Алматы» немесе «Пекин – Бішкек», «Бішкек – Алматы», «Үрімші – Бішкек» бағытында ұшып келген қытайлар тексеруге алынды ма? Соңғы кезде коронавирустың денедегі құпия сақталу мерзімі 14 күн делінді, ал тағы бір зерттеуде 42 күнде білінеді деп жатты. Ендеше, 2020 жылдың қаңтарынан бастап, тіпті 2019 жылдың қараша, желтоқсанынан бастап Қытайға барып қайтқан адамдарды тексеру біздің елде қолға алынды ма, алынбады ма? Себебі бұл вирус 2019 жылдан бастап белгілі болған, тек оны Қытай Компартиясы жасырып ұстап отырған деседі.

 

Ендеше сол 2019 жылдың қарашасы, желтоқсаны Қытайға барып қайт­қандарды, мейлі, ол қытай не қазақ азаматы болсын, жүйелі түрде тексеруден өткіздік пе? Небәрі 18-ақ миллион хал­қымыздың коронавирустан қырылып қалмауына кім кепілдік береді? Біздің ұлт зиялылары, қоғам белсенділері бұған қалай қарайды? Ал астығымыздың амандығы қандай? Егер Қытайда ашаршылық болып жатқанда Қытайдан 1 миллиард ел келіп бір-ақ минутта біздің бүкіл астығымызды сатып алып кетпей ме? Ақша десе әкесінің сүйегін қабірден қазып алып, сатып беретіндер ондай кезде біздің тұтас астығымызды сатып жіберіп, халықты ашаршылыққа ұшыратпай ма? Біздің ұлттық мемлекеттік қауіп­сіз­дігіміз үшін сақталатын астық қоймалары бар ма? Әлемдік дағдарыс бол­ғанда біздің ұлттық, мемлекеттік азық-түлік қауіпсіздігімізді қамтамасыз ететін мемле­кеттік жүйе жолға қойылды ма? Әлде біздің астық кешендеріміз жеке тұлғалардың меншігінде ме? Осы туралы сұрақ көп, жауап жоқ.

 

Ендеше бұл мәселені барлық ұлт зиялылары мен қоғам белсенділері болып, ашық көтеруі тиіс деп ойлаймын. Егер біздің ұлтымыз тағы да ашаршылыққа ұшырамасын десек, тұтас ұлт болып, осы азық-түлігімізді шетелге экспорт­тамау мәселесін қолға алайық! Бүгіннен бастап шетелге, әсіресе Қытайға бір түйір бидай, бір түйір күріш, ет те сатылмауы тиіс. Себебі біз аз ғана қазақпыз. Бірінші өзі­міздің амандығымызды сақтайық. Құранның өзінде: «Алдымен жақсылықты өзіңе істе, содан соң жақындарыңа істе», – дейді. Ендеше біз алдымен аз қазақтың қамын ойлап алайық», – дейді ол.

 

М. ӘМІР.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ