Қазақтың намысына тигендер неге заңды түрде жазаланбайды?

04.03.2020
Қаралды: 411

Кейінгі кездері Қазақстанда тұратын кейбір өзге ұлт өкілдерінің аузынан қазақтың намысына тиетін сөздер жиі айтылатын болып жүр. Арам пиғылы бетіне шапшып тұрған сондайлардың бірі өткенде ұлтымызға қатысты өте былапыт сөздер айтты.

 

Алайда әлгі батырсымақты қазақ жігіттері арада көп өтпей-ақ тауып алып, сазайын берді. Ол қалтырап тұрып жаздым-жаңылдым деп кешірім сұрады.

 

Осының алдында да біреу қазақтың домбырасын сындырып, өз ісін видеода жариялап қоқи­лан­ған еді. Ақырында ол да өзін іздеп тауып алған жігіттерден таяқ жеп, кешірім сұраған.

 

Ал осындайларды тәубесіне келтіргендердің жариялаған видеосын көрген қазақтардың бірі бұған ризашылығын білдірсе, енді бірі мұндай істі құптамайтынын айтып жатты. Осындай жайлардан үлкен ұлтаралық қақтығыс туып кетуі мүмкін деп қауіп­теніп жатқандар да бар.

 

Ал мұндай кезде біздің заң орындары неге ештеңені көрмеген-білмеген болып отырады? Оларды мұның алдын-алу жағы тіпті де толғандырмай ма? Ұлт намысына тиетін қылықтар көр­сетіп, оны әлеуметтік желіде жариялайтындарды солар неге көр­мейді, неге іздемейді, неге та­уып алып, заң алдында жауапқа тарт­пайды?

 

Олардың осындай әрекетсіздігі қызуқанды қазақ жігіттерінің іске кірісіп, әлгіндейлерді тәртіпке салуына апарады. Дегенмен қауіп ойлап отырған жұрттың сөзі де қисынсыз емес. Өйткені бүгінде біреулер осындай бірді-екілі жайларды сылтауратып, «қазақ фа­шизмі», «қазақ шовинизмі» деген сөздерді шығаруда, тіпті оны бұ­қаралық ақпарат құралдары арқылы жариялай бастады.

 

Мысалы, кешегі аптада «Центральная Азия» сайтында осындай бір мақала жарияланды. Тақырыбының өзі «Қазақ фашистері өздігінен тыныштанбайды» деп «айқайлап» тұр. Авторы Қазақстанда кеңестік кезеңде  барлық ұлттардың ынтымақта болғаны туралы айта келіп, қазіргі жағдайға тоқталыпты. Қазақ халқын «ұстаздарының» үйретуі бойынша өз­дерін ұлы түрік сезініп, өзге ұлт­тар­ға мұрын шүйіре қарайтын бол­ды» деген тұрғыда күстаналайды. Базбіреулердің «қалалар салып, өнеркәсіпті, ауыл шаруашылығын дамытқаны, ғылым-білімді, өнер мен мәдениетті өркендеткені жоққа шығарылып жатқаны» жө­нінде айтылады. Кешегі Қордай оқиғасында құқық қорғау орындары әдейі кешігіп қимылдады дейді. «Оқиғаға кінәлі адам болса, неге соны жазаламады, неге бүтін бір ұлт өкілдері зардап шек­ті?» дегендей ой айтады. То­қетер тұжырымы Гитлер ұлтшылдығы да осындай болған, өзге ұлттарды лайықсыз, кем көрген дегенге саяды. 2019-жылғы Қазақстанның бірқатар аумақтарында өзге ұлт өкілдерімен болған жанжалдарды мысалға келтіріп, Ресей аймақтарында тұрып жатқан қазақтарға жергілікті жұрт сондай қысым көрсетсе қалай болады деп те құтыртады. Сондай-ақ материалға қоса бірер қазақ ұлты өкілдерінің іс-әрекеті түсірілген видеоларды жүктепті. Бірақ олардың өзі де түсініксіз, тақырыпқа орай қажетті тұстары ғана әдейі қиылып алынған сияқты. Қысқасы, мақала көрер көзге біржақты жазылып, оқиғаларға біржақты баға беріп, қазақ ұлтын қаралап тұр. 

 

Ал әлемге таралатын ақпарат құралында жарияланған бұл мақаланы біздегі тиісті орындар неге көрмейді, оған қатысы бар адамдарды неге жауапқа тартып, мұндай мәтіндегі жарияланымдарға неге тыйым салмайды? Ұлт­аралық араздық осындай «отқа май құюдан» өршімей ме?

 

Ел арасынан бірер бұзық шығып жатса, қазақ – телі-тентегін өзі-ақ тезге салатын халық. Жұрт­тың тыныштығын қазақ өзгелерден бұрын ойлайды. Кейбір ба­уырларымыздың бұл тұрғыдағы заңға қайшы әрекетін айыптап, оның ісін жақтағандармен айтысып, екіге бөлініп жататынымыз да өтірік емес қой. Ендеше осындай бейбітшіл халықтан бетімен кеткен фашист жасап шығару кімдерге керек, не үшін керек?

 

Осы жағын да ойланайықшы, абай болайықшы, ағайын!

 

Ал құқық қорғау орындары қа­заққа қарадан-қарап тиісіп, арандатқысы келетіндерді жіті қа­дағалауға алуы, шектен шығармай, тәртіпке салуы керек. Бұл – олардың мемлекет қауіпсіздігін сақтаудағы басты міндеті, Отан алдындағы қасиетті борышы.

 

Қисықты түзетейікші деп шырылдап шеруге шығып жүрген жас-кәріні аяқ-қолын қайырып қапасқа тоғытқыштар, сендер неге  ел ішіне жік салып, шын мәнінде ұлт араздығын қоздырып отырғандарды көрмейсіңдер?! Әлде ондайларға көрсететін дәр­мен жоқ па? Заңға қайшы әрекет жасағандарды тәртіпке саламын десеңдер күш қолдарыңда тұрған жоқ па еді?

 

Ж. ЕЛІБАЙ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ