Алтын бұйымдар мен миллиондаған теңге ақша жоғалтқан

04.03.2020
Қаралды: 196

Жеті балалы отбасы жәрдемге аса мұқтаж болып отыр.

 

Арыс қаласының тұрғыны Жарқынай Кенжетайқызы көпшіліктің көмегіне зәру. Өзімен сөйлескенімізде ол былай деді:

 

«Біздің азық-түлік және ұсақ-түйек сататын екі дүкеніміз болды. Арасында алтын да сататынбыз. Жаңа жылға қарсы екі дүкенге біраз қаржы керек болды да, таныстарымыздан  көп сомада ақша алдық. Мерекеден кейін ол ақшаларды қайтару керек болатын. Біз сол қаражатты жинап жүргенбіз.

 

8-қаңтар күні өзім сатып жүрген алтындар мен сол жиналған ақшаны үйге апару керек болды да, пакетке салып алып шықтым. Ішіндегілердің жалпы құны 40 миллион теңгеге жуықтайды. Оны ертеңіне қарыз берушілерге апарып өткізуіміз керек еді. Сол күні күйеуім екеуміз үйге қайтып бара жатып, алма алайық деп жолай дүкенге кірдік. Сатушы өзіңіз салып ала беріңіз дегесін қолымдағы ақша мен алтын салынған пакетті жерге қойдым да, сол жерден қалаған жемістерімді салып алдым. Есептесіп болған соң әлгі пакетті ұмытқан күйі дүкеннен шығып кетіппіз. Қолымда  базардан алған заттарым салынған тағы да бірнеше пакетім болған. Үйге келдім де, пакеттерді шкафқа салып, апыл-ғұпыл кешкі тамақ дайындауға кірісіп кеттім.

 

Кешкісін ақша сомасын есептейін деп қарасам, әлгі пакетім жоқ. Үйдің ішін ақтарып, қарамаған жерім қалмады. Кейіннен дүкенде қалдырғаным есіме түсті де, ертеңіне мен, жолдасым, қайным үшеуміз әлгі дүкен ашыла сала сонда бардық. Дүкендегілер ондай ештеңені көрмедік, білмедік дейді. Полицияға да арыз жаздық. Сатушылар екі рет тергелді. Қарама-қарсы дүкенде орнатылған бейнекамераны қарасақ, дүкенге сол пакетпен кіргенмін, пакетсіз шыққанмын. Ақырында екі күннен кейін істі жауып тастады», – дейді ол.

 

Жарқынай қазір бәрінен айырылып отырғанын айтып, көзіне жас алды.

 

«Содан кейін екі дүкенімізді, қайнымның үйін, екі көлігімізді саттық. Бірақ қарыздан әлі де құтыла алмай жатырмыз. Үйін сатқан соң қайным қара шаңыраққа көшіп келді, қазір 7 бала-шағаны қос­қанда 14 адам бір шаңырақ астында тұрып жатырмыз. Бұл үйдің құжаты да қолымызда емес, оны өзіміз қарыз болып қалған адамдарға бердік. Енді амалсыздан халықтан көмек сұрауға мәжбүр болып отырмыз. Далада қалғалы тұрмыз.

 

Осы жағдайдан кейін енем төсек тартып жатып қалды. Мен де перзенттерім үшін шырылдап отырмын. Тезірек қарыздан құтылып, аяққа тұратын қам жасасақ дейміз. Ақша барда дос та, жолдас та көп еді. Мынадай жағдайда ешкімнен қайыр болмай қалды. Осыған дейін енем еден жуып, мен үй қызметшісі болып, көшеде көже сатып, одан кейін екеулеп «пирожки» пісіріп сатып та күн көрген кездеріміз болған. Бәріне адал еңбегімізбен жеткен едік. Біреудің артық ақшасын алған адамдар емеспіз. Қазір бізге 20 миллионнан астам қаражат керек. Лажы болса, үйімізді де өзімізге алып қалсақ дейміз. Маған да бүкіл Қазақстаннан көмек сұрау оңай болып тұрған жоқ. Бірақ одан басқа жол болмай тұр. Мұсылман бауырлар, сіздердің қолдау­ларыңызға өте зәруміз. 100, 200 теңге болса да шамаларыңыз келгенше көмек қолын созуға тырысыңыздаршы, өтініш.  Өте қиын жағдайда қалдық», – дейді ол.   

 

Егер де ел арасынан Жарқынай Кенжетаеваға жәрдем ететін жомарт жандар табылып жатса, оған мына есеп-шот арқылы қаржы аударуға болады: ИИН: 910130402159, «Каспий Голд»: 5169 4971 5317 8813. Жарқынайдың телефон нөмірі: 8 -776- 327-85-58.

 

М. ІЛИЯС.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ