«Шөкеевтің бізге қатысты ешқандай тапсырмасы орындалмады» – дейді Арыста тұратын көп балалы ана

03.03.2020
Қаралды: 623

Былтырғы жылдың жазында Арыста болған жарылыс қала халқын әбігерге түсіріп, талай адамның баспанасын тұруға жарамсыз еткені белгілі. Он төрт облыс жабылып жүріп қаланы ретке келтірген еді. Десе де ел арасында әлі күнге дейін жөндеу жұмыстарына көңілі толмайтын жандардың бар екені байқалады. Солардың бірі –  Арыс қаласының тұрғыны, жеті баланың анасы Дина Әйтімбетова. Біз ол кісінің өзімен тілдескен едік. 

 

«Бес жыл ене тәрбиесін көрдім, ата-енем жақсы кісілер еді. Таңертең төрт сиырды сауып, сүт пісіріп, айран пісіп, май шайқап, құрт жайып, қаттама, жұқпа секілді нанның түр түрін тезекке жауып, самаурынмен шай берген келіндердің бірімін. Қара шаңырақтан бөлек шыққан соң пәтер жалдап тұрдық та, нан жауып сатып күн көрдік. Бастапқыда күніне 10, кейіннен 180 дана нан жа­уып дүкендерге өткізетін болдық. Сол еңбектің арқасында тамағымыз тоқ болды. Кейінірек Атырау, Ақтау қалаларына шұлық сатуды бастадық. Нәтижесінде үш айдың ішінде-ақ көпқабатты үйден үш бөлмелі пәтер алғанымызда туыстардың таңқалғаны есімде.

 

Бірде орыс қыздардың теміржол вокзалында кәуап сатып жүргенін көрдім де, мен де Ақтау, Атырау саудасын қойып, Арыстың теміржол вокзалына үйден пісірген кәуапты сатуға шықтым. 40 данасын пісіріп, пойыз уақытына үлгеру үшін бір өзім түнгі сағат 2-3 демей, вокзалға кететінмін. Қайтарда да қорықпаймын, бір қарбызды салып алып, велосипедпен үйге қайтатын едім. Содан көп ұзамай пәтерімізді сатып, үстіне ақша қосып, жер үй сатып алдық. Кейінірек ауламыздың бір бұрышынан екі қабатты үй соғып, сонда кірдік.

 

Дайын кәуаптарымызды вокзалға жеткізбей, ауыл адамдары пісіп жатқан жерінен таласа алатын болған соң үйден асхана аштық. Қазір күніне 50-60 кәуап шығады. Оған қажетті тауық етінің ма­йын, қабығын алып тастаймын да, әлгі майды жинап, қазанға құйып күйдіріп аламын. Оны  алғашқыда көршілерге тараттық, одан балалар үйіне бердік, кейін осы майдан бауырсақ, самса, қаттама – барлығын үйден пісіріп, базарға өткізетін болдық. «Есебін тапсаң, екі аса» деген осы екен ғой. Барлығын да өз еңбегімізбен, маңдай терімізбен жасап жүрген қарапайым жандармыз», – дейді Дина ханым. 

 

Бұдан соң ол жарылыстан кейінгі жағдайды баяндап берді. Дина Әйтім­бетова ауласындағы жарылыстан зардап шеккен екінші үйін несие алып жөндеткенін, кеткен шығынның орнын толтыруда әкімдік тарапы құлықсыздық танытып отырғанын айтады.

 

«Сол күнгі жарылыста ауладағы екі бірдей баспанам зардап шекті. Кейіннен  ескі үйім ғана жөндеуден өтті де, құжаттары толығып үлгермеген жаңасы жөн­деу­ге ілінбей қалды. Бірақ әу баста көп­балалы ана екенсіз, оны да, мұны да жасап, жарығын жамап береміз деген уәде болған еді. Одан кейін Арыс қаласының әкімдігіне де, прокуратураға да, облыс әкімдігіне де, «Нұр Отанға» да жүгіндім, бірақ тек бір ауладан екі үйді жөндемейміз деген жауап қана алдым.

 

Содан Нұр-Сұлтан қаласына барып, Президенттің атына хат қалдырдым. Үйдің жайынан бөлек, жүз мың теңгеден көмек ретінде берілген ақшаның үш балама аударылмай қалғанын, үлкен балаларымның дипломы бола тұра еш жерге жұмысқа тұра алмай жатқанын да қоса жаздым. 

 

Төрт айдан кейін Түркістан қаласынан «тез жетіңіз» деген қоңырау түсті. Базардан келсем, үйдің ішін біреулер фотоға түсіріп жатыр, әкімдіктің адамдары аулада жүр. Осыған дейін ала алмай жүрген «дефектный актыны» әп-сәтте дайын қылып берді. Әкім мырза: «Мына кісіні неге көрмегенсіңдер? Үйін жөндеп береміз, ақшасын әпереміз», – деп қасындағыларына ұрсып жатты. Содан мені көлікке мінгізіп алды да, Түркістан қаласына жол тарттық.

 

Келген соң облыс әкімі Ө.Шөкеевтің алдына кіріп, бар бұйымтайымды айттым. Үш балама алынбай қалған жүз мың теңге туралы да, олардың жұмыссыздығы жайлы да әңгіме қозғадым. «Хостел» ашқым келетінін, мүмкін болса, аз пайызбен несие алуыма, біраздан бері реттей алмай жүрген үйімнің құжаттарын жөндеуге көмек беруін сұрадым. Бірақ Арыс әкімдігінің берген уәделеріне сенгендіктен сол жолы жөнделмей қалған екінші үйім туралы жақ ашпадым. Облыс әкімі бәрінің ретке келетінін айтты.

 

Содан бері бір айдан асты. Ө.Шөкеевтің бізге қатысты ешқандай тапсырмасы орындалмады. Түсінгенім, басшы тапсырма беруін береді, бірақ қол астындағылар барлық кезде орындай бермейді екен. Арыс әкімдігінің үйді жөндеп береміз деген уәделері де сол бойы жүзеге аспады. Менің азғантай бұйымтайымды шеше алмаса, халықтың бұйымтайын қалай шешпек?

 

Рас, жыртық үйде қашанғы қарап отырамыз деп жаңа үйімді несие алып өзіміз жөндетіп алдық, енді оның тым болмаса ақшасы берілуі керек еді ғой? Мен үй сұрадым ба, жер сұрадым ба, маған еңбекпен тұрғызған үйімді жөндеуге кеткен шығынды төлеп берсін, айт­қан сөздерінде тұрсын.

 

Енді Президентіміз Қ.Тоқаевтың қа­былдауына жазылғым келеді. Өз құқы­ғымды қорғауым керек. Алладан басқа ешкімнен қорықпаймын, әрі қарай күресемін. Несие төлеп өмірден өтетін жайым жоқ, онсыз да талай қиындықты бастан өткердік», – дейді ол.

 

Арыс тұрғыны осылай деп арыз айтады. Мұны жариялаудағы мақсатымыз – әлдекімді даттау не жақтау емес, тек қарапайым қала тұрғынының жанай­қайын жеткізу еді. Осы  мәселеге қатыс­ты басқа да азаматтардың айтары болса, оны да тыңдауға әзірміз.

 

М. ШЫНҰЗАҚ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ