Әскери бөлімдер де іріп-шіри бастағаны ма?

02.03.2020
Қаралды: 276

Түркістан облысының Ордабасы ауданында орналасқан әскери бөлімде болған оқиға жұрттың жағасын ұстатып отыр. Онда бір адам бірнеше автомат пен тапаншаны ұрлап кеткені мәлім.

 

Абырой болғанда, осынша қаруды жымқырған сарбаз көп ұзамай қолға түсті. Ол аталған әскери бөлімге жақын аумақтағы ауыл тұрғыны, осы бөлімде келісім-шартпен қызмет етіп жүрген азамат болып шықты. Бүгінде оның үш сыбайласы ұсталғаны, қолды болған қару-жарақ пен оқ-дәрілердің түгелдей табылғаны туралы айтылып жатыр. Бұған қатысты қылмыстық іс қозғалған, сондай-ақ оқиға орын алған түні кезекшілікте болған сарбаздар мен офицерлер, дивизия командирі қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін.

 

Ал ұрланған қару – 30 автомат, 27 тапанша және 429 дана оқ-дәрі. Осынша затты әлгі сарбаз өткен қаңтар айынан бері жымқыра бастаған деседі. Ең көбін 20-ақпан күні түнде екі сыбайласымен бірге ұрлаған көрінеді.

 

Осыған қарап отырып күйінесің. Анау-мынау емес, әуе шабуылынан қорғайтын әскери бөлімнің сонда жұрт ары-бері еркін өтіп жүре беретін ашық-шашық ауладан айырмашылығы болмай қалғаны ма? Бүгінде адамдар өзінің үйін де олай қараусыз-қадағалаусыз қалдырмайды ғой. Әскери бөлімде қалыптасқан тәртіп, әсіресе қару-жарақ қауіпсіздігіне қатысты ережелер қатаң сақталуы тиіс емес пе? Отыз автомат түгілі, бір патронның жоғалуы төтенше жағдай саналуы керек. Өйткені ол оқтың жаман мақсатқа қолданылуы мүмкін ғой.

 

Ал бұл жерде 60-қа жуық адамды қамтамасыз етуге жарайтын қару-жарақ ұрланған. Осынша қару жаман пиғылды біреулердің қолына  түскенде  не болар еді?

 

Біз осы уақытқа дейін әскер, қорғаныс саласында қызмет етіп жүрген кейбіреулердің парамен ұсталғаны туралы көп мақалалар жазғанбыз. Мемлекет қауіпсіздігіне жауапты адамдардың осындай ұсақ әрекетке баратынына ашынатын едік. Ал мынау одан да асып түсті. Осындайда бізде бәрі де мүмкін деп айтпасқа шараң жоқ. Әлгі кіші сержант екі тапаншаны 120 мың теңгеге сатқан дейді. Ел ертеңі қолында деп отырған жастарымыз қыруар қару-жарақты ойланбай ұрлап, арзымайтын ақшаға сатып жіберуге дайын болса, бұл сұмдық емес пе?!

 

Осының бәрінің түбі қайдан шығып жатыр, бұған кім кінәлі? Әскер деген адамды темірдей тәртіпке, жауапкершілікті сезіне білуге үйрететін, Отанға адал қызмет етуге баулитын қасиетті орын емес пе еді? Сол әскерде жүрген адамың мынадай болып шықса, кімге өкпелерсің, кімге кінә артарсың?

 

Отанды сүйе білуді айтпай-ақ қояйық, өзінің қорғаны болып отырған мемлекетке жаны ашу деген қайда? Әрқайсымыз мүмкіндікке қарай қолымызға іліккенді сатып жібере берсек, елден не қалады? Отан қорғаушыларымыз өзіне сеніп тапсырылған аумаққа немқұрайды қараса, одан әйтеуір пұл болатын бірдеңені жымқырып кетуге дайын тұрса, онда бұл ұлт ретінде әбден азып-тозып, ұсақтап бара жатқанымыздың көрінісі шығар.

 

Қару ұрлау қаңтар айынан басталған деп айтылды. Сонда бірнешеуін бір-ақ әкетпегенде, кезекшілікке түскен сайын бір-бірлеп алғанда қарудың ұрланып жатқанын ешкімнің де білмей отыра бергені қалай? Кезекті өткізу-қабылдау кезіндегі есеп қайда, сол есепті қадағалау қайда?

 

Бұл өзі сұмдық, өте масқара жай болды. Әйтеуір аяғы тыныш бітті. Енді оқиғаның қалай болғаны, кінәлілерге қандай жаза қолданылғаны, мұндай оқиғалардың жолын кесу үшін қандай шаралар атқарылып жатқаны жөнінде халыққа ашық түрде айтылуы тиіс. Әйтпесе бүгінде жұрт ешкімге де сенбей қалды.  «Біреулер тұрмыс жағдайы қиын адамды ақшаға қызықтырған болуы мүмкін», «біреулерге қарыз болып, «қораға» кіріп кеткен болуы мүмкін», «бір «дәулер» сат­қызған болуы мүмкін», «жұрттың назарын басқа жаққа бұру үшін әдейі жасалған болуы мүмкін» деген сияқты сан түрлі «мүмкіндер» айтылып жатыр.

 

Қалай болғанда да елдің тыныштығын қорғауға арналған қару қауіпсіз жерде, сенімді қолда болуы керек. Осыны әрбір қазақ есінен шығармаса екен. Әйтпесе Арқанкергенде 14 азаматымыз жұмбақ жағдайда мерт болды, Арыста қару қоймасы жарылып, 50 мыңға жуық адам қаланы тастап қашты, тағы басқа шулы оқиғалар бар, әлемнің алдында әбден масқара болдық қой. Бұл елде жалпы жұртқа ортақ тәртіп пен әділет қашан салтанат құрады?

 

Р. ҚАЛТАЙ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ