Жабайы хайуанаттарды азыққа тұтынуға тыйым салынды

01.03.2020
Қаралды: 310

Күн өткен сайын әлемді жайлап бара жатқан коронавирус қаупі елді үрейлендіре бастады. Осы орайда эпидемияның таралуына жабайы аң саудасының әсері болуы мүмкін деген болжамнан кейін Қытайда оларды саудалауға тыйым салынған болатын.

 

Таяуда Қытайда жабайы хайуанаттарды заңсыз саудалау, тасымалдау, аулау, тұтыну  әрекеттерінің қатаң жазаланатыны туралы қаулы шықты. Ол туралы Қытайдағы қазақ тілінде ақпарат тарататын «Іле радиосында» былай деп хабарлады:

 

«Мемлекеттік халық құрылтайының тұрақты комитеті жуырда маңызды ұйғарым жасап, жабайы хайуанаттарды азық ретінде тұтынуға ты­йым салып, оларды заңсыз саудалауға қарсы қатаң күрес басталғанын жариялады. Өйткені оларды азыққа пайдаланудың қаупі зор. Алайда елімізде малдың, үй құстарының етін немесе теңіз өнімдерін қанағат тұтпай, түз тағысына сұғын қадаған, өзі тойса да көзі тоймайтын ашкөздер жоқ емес. Құлқынның құлы болған осы адамдар әлеуметтік денсаулық сақтау қауіп­сіздігіне зор қатер төндіруде. Осыған орай мемлекеттік халық құрылтайының тұрақты ко­митеті жабайы хайуанаттарды қорғауға қатысты арнайы ұйғарым жасап отыр. Мұның өзін ауруға қарсы шайқасты заңмен қамтамасыздандырғандық деп қабылдау керек. Енді «түз дәмі» деп жабайы хайуанаттарға қанды шеңгелін соз­ғандар  елеусіз қалдырылмайды».

 

Қысқасы, Қытайда осы уақыттарға дейін етін тұтыну, сатып пайда табу мақсатында жабайы  хайуанаттарды қырып-жойып келгендерге мем­лекеттік деңгейде тосқауыл қойылатын сияқты.  Елді жайлаған коронавирус ел басшыларын осындай ұйғарым жасауға итермелегенге ұқсайды.

 

М. ӘМІР.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ