Дулат Ағаділдің қазасына кім кінәлі?

29.02.2020
Қаралды: 298

Астаналық белгілі қоғам белсендісі Дулат Ағаділ төтенше жағдайда қайтыс болды. Ол Нұр-Сұлтан қаласындағы уақытша ұстау абақтысында жан тапсырды. Есіл азаматтың жасы таяуда ғана 43-ке толып еді. Артында қайғы жамылып әйелі, 6 баласы қалды.

 

Дулат Ағаділдің есімі көпшілікке жақсы таныс. Оны жұрт адам құқы мен әділдікті талап еткен шерулердің бел ортасынан жиі көретін еді. Әлеуметтік желінің белсенді қолданушысы болған азамат онда көптеген көкейтесті мәселелерді қозғайтын, қоғамда орын алып жатқан келеңсіз жайларды ашық сынайтын, оның шулы оқиғалардың ортасынан жүргізген тікелей эфирін талай адам көріп, одан тиісті ой түйген.

 

Жұрт Д.Ағаділді шындықты ірікпей айтатын, батыл, халықшыл, адал азамат ретінде танып-білді. Ол рұқсат етілмеген шеруге қатыс­қаны, кейбір мәселелерге қатысты өзіндік ойын ірікпей, ашық айтқаны үшін бірнеше мәрте әкімшілік жауапкершілікке де тартылған. Осыдан үш-төрт ай бұрын сотқа тіл тигізді деп қамауға алынғаны да жұрттың есінде. Уақытша қамақ абақтысынан босатылуына бір күн қалғанда ондағы күзетшілердің салғырттығын пайдаланып, сырт­қа шығып кеткені, оны полициямен қоса олар жазым етті ме деп күдіктенген қоғам белсенділерінің жабыла іздегені де ұмытыла қойған жоқ. Кейін ол полицияға өзі барған еді.

 

Азаматтық ұстанымы берік Дулат Ағаділ осындай жайлардан кейін де келеңсіздіктермен күресуін доғармады. Кейін оның үстінен сотты сыйламады, сот отырысына қатысушылардың ар-намысына тиді деген айыппен қылмыстық іс қозғалды, алғашында ешқайда кетпеу туралы қолхат түріндегі бұлтартпау шарасы кейін қамауға алумен алмастырылды. Қайтыс болатын күннің кешінде оны өз үйінен қолын қайырып, алып кеткен, көп ұзамай абақтыда қайтыс болғаны туралы хабар жарияланды.

 

Ресми орындардың таратқан мәліметінде Д.Ағаділдің жүрек-қан тамыры жетіспеушілігінен  жан тапсырғаны жөнінде айтылады. Сот-медициналық тексеру қорытындысы осылай жасалыпты.

 

Бірақ марқұмның отбасы мен туыстары, жолдастары, қоғам белсенділері бұған сенбейді. Олар Дулатты қолдан өлтірді деп санайды. Солардың талабымен қосымша тексеру мен тергеу тағайындалды. Бұған қатысты қылмыстық іс қозғалды, мәселе Бас Прокуратураның қадағалауына алынды. Орын алған оқиғаның жай-жапсары алдағы күндері белгілі болмақ.

 

Жалпы, Дулат Ағаділдің мезгілсіз қазасы  көп күмән туғызып отыр. Осыған ашынған қоғам белсенділері ол қаза болған күннен бастап астана мен басқа да бірнеше қалада наразылық шараларын өткізді. Бұл жиындарды полиция күшпен таратты, біраз адамды қамауға алды. Бұған наразы жұрт ішкі істер органдарына дейін барды, жолдарды жауып тастады.

 

Ұлт мүддесін қашанда жоғары қоя білген азаматтың қазасы жөнінде шетелде тұрып жатқан қандастарымыз да құлағдар болды. Солардың бірі, бүгінде Германияның Мюнхен қаласында тұрып жатқан, «Еуропа қазақтары форумы» қоғамдық ұйымының басшысы Өмірхан Алтын «Ютуб» арнасында бұған қатысты арнайы бейне­жазба жариялады, ол кісі Д.Ағаділдің ұлт мүддесі жолында еңбек еткенін әңгімелей келе марқұмның отбасына, туған-туыстарына, үзеңгілес жолдастарына, барша қазақ халқына көңіл айтты. «Сенің есімің қазақ ұлтының жадында мәңгі сақталады. Жаның жәннатта болсын, Алла-тағала алдыңнан жарылқасын, Мұхаммед пайғамбарымыз шапағатына бөлесін, бауырым!» – деді Ө.Алтын.

 

Германиялық қандасымыз сондай-ақ алдағы Наурыз мерекесін өздерінің 28-наурызда мерекелемек болып дайындықты бастағандарын, алайда Д.Ағаділдің қазасына орай оның өткізілу мерзімін кейінге шегергендерін мәлімдеді. Ол кісі жұрт қайғырып жатқанда тойлап жатқанымыз жараспас деген шешімге келіпті.

 

...Ұлтжанды азамат Дулат Ағаділді жұртшылық өткен 27-ақпан күні ақтық сапарға шығарып салды. Оның отбасына көңіл айтып барып жатқан адамдарда есеп болмады. Отбасы үшін осынау ауыр күндерде үлкен-кіші көптеген азаматтар оның шаңырағына барып, қайғыны бірге бөлісті, қолдарынан келген көмегін беруге тырысты. Әлеуметтік желілерде де мыңдаған адамдар Д.Ағаділдің отбасы, туған-туыстарына көңіл айтып жатты.

 

...Кейінгі кездері орын алып жатқан оқиғалардың ортасынан көрініп жүрген азамат осылайша ойда-жоқта бұл пәниді тастап, бақи дүниеге аттанып кете барды. Біз осыған орай марқұм Дулат Ағаділдің отбасы, туған-туыстарына, дос-жарандарына қайғыларына ортақтаса отырып, көңіл айтамыз. Құдай марқұмның топырағын торқа, жанын жәннатта еткей!

 

Н. ЖҮНІС.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ