Кәсіпкерге жеңілдік берілгені дұрыс па?

27.02.2020
Қаралды: 309

Біздің мемлекетте кәсіпкер­лерге көптеген жеңілдіктер жасалуда. Мұны ешкім жоққа шығара алмайды.

 

Жуырда Президент кәсіпкерлерді тексеруге мораторий жариялады. Салықтан да азат етіп жатыр. Әрине, кәсіпкерлер аяқтан тұрып кетсін деген мемлекет басшысының ізгі ниетін түсінемін. Бірақ сол дұрыс емес секілді.

 

Бюджеттің салықтан құралатынын естен шығармауымыз керек. Қазіргі мұнайдан түсіп жатқан табыс, ол уақытша жағдай. Қазақстанның жерасты байлығына көп сенім артқаны дұрыс емес. Керісінше, АҚШ секілді оны келешек ұрпақтың үлесіне қалдырып, бүгінгілер өз күндерін өздері көруі тиіс. Тіпті болмаса мұнайдың табысы халыққа үлестірілсін. Халық жұмыс істемесе де содан үлесін алып отырсын. Ал енді кәсіпкерге жеңілдік бергенге мен қарсымын.

 

Мысалы, мен де шаруа қожалығының иесімін. 10-15 гектар жерім бар. Салық төлемей, табысым туралы тексерудің болмағаны менің өз басыма жақсы. Тек мен емес, бүкіл ауылдағыларға тиімді. Бірақ бізге жақсы болған нәрсе мемлекетке зиян әкелмеуі тиіс.

 

Мемлекеттік тұрғыдан қарасақ, Үкіметтің мұндай жомарттығы жалқауларды көбейтеді. Хал­қымызда: «Түйенің жүгі жеңіл болса, жатаған келеді» деген сөз бар. Осының өзі мемлекет жеңілдік берген сайын адамдар соған үйрене беретінін білдіреді. Мен неге 25 жылдан бері өнім алып келе жатқан 15 гектар жерден табыс тауып отырып, салық төлемеуім керек? Өзіме сай жағдайымды жасағанмын. Егер 25 жыл бойы 15 гектар жерден өнім алып отырып, жағдайымды жасамаған болсам, оған өзім кінәлімін. Ол үшін мемлекетке алақан жайғаным орынсыз. Салықты төлеуге тиіспін. Егер мен салық төлемеуді қаласам, ондай жеңілдікке 150-200 мың гектер жері барлар да ие болады. Ондай адамдарға неге жеңілдік беріледі?

 

Мейлі, кәсіпті енді ашқандар болса, үш жыл­ға жеңілдік жасалсын. Бірақ барлығына бірдей емес. Бұрынғыларға жеңілдік қажет емес. Керісінше, жері көп адамға салық пайызбен еселенсін. Мысалы, елімізде миллиондаған гектар жері бар латифундистердің салық деңгейі неге бізбен тең болуы тиіс? Оның табысы көп. Демек, табыс көбейген сайын төлейтіні де соған сай еселене түссін.

 

Бұл дамыған елдердің көпшілігіне тән жағдай. Салық көп түссе, мемлекет те бай болады. Салық төленбегендіктен зейнетақы мен жалақы кешігеді. Бюджеттің кіріс көзі азаяды. 

 

Сондықтан менің айтарым, мемлекет кез келгенге жалпақшешейлік таныта бермей, салық жүйесін, мықтап қолға алу тиіс.

 

Қанат БЕГАЛИЕВ.

Шардара ауданы. Түркістан облысы.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ