Түсінде тек ерекше тұлғаларды көретін адам

27.02.2020
Қаралды: 496

Таяуда редакциямызға Жақсылық Құлтаев деген шымкенттік азамат (суретте) келді. «Айтарым бар еді», – деген соң уақыт бөліп, ол кісінің әңгімесіне құлақ түрдік.

 

Хакім Абайды пейіштен көрдім дейді

 

«Көп нәрсеге мән бермейміз ғой, – дейді Ж.Құлтаев. – Менің басымнан бір өзгеше жайлар өтіп еді. Биыл Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы тойланатын болып, түрлі іс-шаралар өтіп жатқасын осыдан үш-төрт жыл бұрын көрген бір түсім жа­йында айтқым келді. Мұны кезінде Шымкенттегі Қонаев мешітінің имамы Дәулет қажы Исабекұлына айтқанмын. Ол кісі: «Жақсы түс екен. Бірақ бұл жөнінде ешкімге айтпа. Қасиеті кетеді», – деген. Мен болсам, ол түсті ішімде сақтай алмадым.

 

Ал мен түсімде пейішті, одан хакім Абай атамызды, сондай-ақ Иса пайғамбарды көрдім.  Түсім­де биіктігі 4 метрдей болатын, ортасында үлкен дәлізі бар бір ғимаратқа ұқсайтын жерге кіріппін. Ол аспанда, жан-жағы кө­рінбейтін бір кеңіс­тікте сияқты. Жұ­мырт­қадай аппақ, ешқандай шырағдан, шам, жарық көзі, терезесі болмаса да іші айнадай жарық.

 

Ал әлгі жердің шығыс қақпа жағына ұқсайтын тұста Иса пайғамбар тұр екен. Оның қолында да сары түсті тәспі бар. Бір кезде ол маған жалт бұрылып, төрт-бес секундтай ғана қарап қалды. Сол кезде әлгі тұстан оған қарата айтылған: «Сен қазір жерге барасың, сосын маған қайтып келесің», – деген үн естілді. Қоңыр дауыс. Мен оны Алланың үні болар деп ұқтым.

 

Ал Абай атаны көргенімде іштей бұл кісінің сақал-шашы қалай ағармаған деп ойладым».

 

Жақсылық Құлтаев бізге осылай деді. Расын айтқанда, ол кісінің сөздеріне сенер-сенбесімізді білмедік. Сосын оған: «Абай атамыздың суретін кітаптардан көрген шығарсыз, ал екінші адамның Иса пайғамбар екенін қайдан білдіңіз?» – деген сұрақ қойдық.

 

«Бұл аян түс қой, – дейді Жақаң. – Аян түсте кімнің кім екенін – бәрін де сездіреді».

 

Осылай деген ол кісі Иса пайғамбарды: «Жасы 30-35-терде болар деп шамаладым. Атжақты, бидай өңді, көздері үлкен, қоңырқай-жирен бұйра шашты адам екен», – деп суреттеп берді.

 

Назарбаевты түсінде 11 мәрте көргенін айтады

 

Жақаң бізді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты түсімде 11 мәрте көргенмін деп те таңқалдырды.

 

«Ол түсіме пейішті көргенімнің алдында кірген еді, – дейді ол. – Түсімде ол кісімен амандасып, ылғи да «көке» деп сөйлеймін. Сол түс­тердің бірінде Назарбаевты Қазығұрттың биігінен көрдім. Үлкен, шоғыр тастың үстінде отыр екен. Атымды атағанына таңқалдым. «Әй, Жақсылық, бұл жерге қайдан келіп қалдың?» – дейді. Амандасып, төменнен шаршап-шалдығып әзер жет­кенімді айтып жатырмын.

 

Енді бір түсімде Шымкенттегі бір көпқабатты үйдің бірінші қабатындағы пәтерде екенмін деймін. Көрпе төселген, жастықтар қойылған, дастархан жаюлы тұр. Нұрекеңе сол жерде шай құйып беріп отырмын. «Жақсылық, ешкімді кіргізбе», – деп қояды. Мен сол жерге келген бірер адамды қуып шығарып жіберіппін.

 

Кейін дәл сондай тағы бір түс көрдім. Нұрекең тағы да сол жерде шай ішіпті. Аулаға шықсақ, қаптаған адамдар келе жатыр. Менің көзіме олардың кейбірі қорқынышты мақұлықтар сияқты көрінді. Сол жерде үш аяқты фотоаппарат пайда бола кетіпті. Назарбаев солармен адамдарды шыртылдата суретке түсіріп жатыр. «Қорықпа, Жақсылық!» – деп қояды».

 

Таразыдан жемеуді жиі ескертеді екен

 

Иә, өмірде кей адамның өзгеше болмысымен, өз­геше сөз­де­рімен таңқалдыратыны болады. Жақсылық Құлтаев та сондай жан­дардың бірі сияқты. Айтып отырғаны рас болса, мұндай жайлар екінің бірінің түсіне кіре бермейді ғой. Біз ол кісіден қысқаша өмірбаянын айтып беруді сұрадық.

 

Ж.Құлтаев 1946 жылы қазіргі Түркістан облысының Сайрам ауданына қарайтын Оймауыт ауылында өмірге келген екен. 16 жасында Қарабұлақтағы шопан-механизаторлар даярлайтын курсты бітіріп, шаруашылықтарда шынжыр табанды трактор жүргізіпті. Шымкенттегі көлік жүргізушілерін даярлайтын оқу комбинатында мастер болып та еңбек етіпті. Қазір қаладағы №4 шағын ауданда тұрады, жеке көлігімен такси қызметін көрсетеді екен.

 

«Үш ағайынды едік. Әкем соғыстан келгесін бірер жылдан соң қайтыс болып кеткен. Мен үйдің ортаншысымын. Бүгінде ағам да, інім де өмірде жоқ. Әйелім екеуміз бір ұл, бір қыз өсіргенбіз. Жұрт қатарлы өмір сүріп жатырмыз», – дейді ол.

 

Сөздерінен аңғарғанымыз, Жақаң жақсы тәрбие көріп, жан-дүниесі таза болып өскен азамат сияқты.

 

«Бала кезімнен әділетсіздікке қаным қас. Өтірік айтқанды тіпті де суқаным сүймейді. Қолымнан келсе, өзгелерге шама-шарқымша жақсылық жасауға тырысамын. Дүкеннен, базардан бірдеңе алар болсам, сатушыға: «Тауарыңның үстіне ақы қоссаң, қос, бірақ таразыдан жеме. Таразыдан жеген – от», – деп міндетті түрде айтамын. Сонда олар «оттың» не екенін сұрайды. «От деген – жамандық, ауру-сырқау. Таразыдан жесең, ауру бірте-бірте жинақтала береді, ақырында өзің соның зардабын көресің», – деп түсіндіремін. Жалпы, жұрттың жақсы-жаман туралы ойлана жүргенін қалаймын», – дейді ол.

 

...Міне, редакциямызға арнайы бас сұққан Жақсылық Құлтаев осындай жан екен. Жоғарыда айтып берген түстері ол кісіні  осы жаны ізгілігі үшін де таңдаған болар, кім білген... Бірақ ол кісі кейінгі кездері ондай түстерді көп көрмей жүр екен. Бұл да бір жұмбақ қой.

 

Р. ҚЫДЫР.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ