Бүлдіршінді «Газельден» түсіріп жіберді

27.02.2020
Қаралды: 150

Қоғамдық көліктер туралы әңгіме қозғаған кезде тұрғындар тарапынан болатын арыз-шағымдар аз айтылмайды. Шымкент қаласының тұрғыны Әбдімәлік Исаев та қалалық маршруттардың бірінде орын алған келеңсіз жағдай үшін кей кондукторларға іштей наразы. Біз ол кісінің өзімен сөйлескен едік. Ол бұл туралы былай деп баяндап берді:

 

«14-ақпан күні болатын. Таңертең қалалық маршрутта адам тасымалдайтын «Газель» көлігіне міндім. Адам көп. Сол кезде бір аялдамадан шамамен 2-3 сынып оқитын оқушы бала мінді. Кондукторға жап-жаңа жалтыраған 1 теңге­ліктер беріп, 35 теңге жол ақысын төледі. Кондуктор келіншек жақтырмай: «Мұны алмаймын, басқасын бер», –  деді. Бала өзінде басқа тиын жоқ екенін айтты.

 

Соның бәрін байқап отырған мен: «Неге алмайсыңдар? 1 теңгелік те ақша. Айналымнан алып тастады деген заң шыққан жоқ қой. Баланы неге жазғырып тұрсың? Сендер халыққа қызмет етесіңдер. 1 теңге болса да алуға мін­деттісіңдер!» – деп кондукторға сөйледім. «Оны дүкенде алады, біз алмаймыз. Біз өзімізге өзіміз қызмет етеміз, 1 теңгелікті алуға міндетті емеспіз», – деп шіренді.

 

Адамдар бірі мініп, бірі түсіп жатқан. Бір кезде есік жаққа қарасам, әлгі бала жоқ. «Әй, бала қайда?» – десем: «Тиынын өзіне беріп, түсіріп жібердім, басқа автобусқа мінеді», – дейді. Әлгі баланың жағдайына ашынып: «Әшейінде қазақтың жігіттері неге ынжық дейсіңдер. Міне, осындайдан ынжық болады. Жас баланың меселін қайтарып... Мен сендерге көрсетемін!» – дедім мен де. Сөйтсем: «Стукач болмақшысың ба? Баратын жеріңе бара бер! Нөміріміз – 729», – дейді қаймықпай.

 

Екеуміз дауласып, біраз жерге барып қалдық. Оған рульде отырған жүргізуші де араласып кетті. Кондукторға: «Еркектермен айтыс, мұнымен айтысып не қы­ласың?» – деп қояды. Бұл сөзімен мені әйелге теңеп тұрған түрі ғой! Көліктің ішін­дегі адамдар да мені жақтап: «Бұл кісінікі дұрыс!» – деп шулап кетті. Тиісті аялдамадан түскен соң әлгі «Газельдің» нөмірін жазып алдым», – дейді ол.

 

Әбдімәлік Исаев халыққа дұрыс қызмет көрсетуді білмейтін мұндай қоғамдық көліктердің мүлде жүрмей-ақ қойғаны дұрыс деп санайды.

 

«Кейін мен мұны пост ретінде әлеу­меттік желіге жарияладым. Маған Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы жа­уап жазды. Айтуларынша, кондукторды жұмыс­тан шығарып жіберген. Ал мен бұл көлікті адам тасымалдаудан мүлде алып тастауын талап етіп отырмын. 

 

Естуімше, Нұр-Сұлтан қаласындағы қоғамдық көліктерде арнайы телефон нөмірі көрсетіліп тұрады екен. Егер біреулер шағым айтса, 5000 теңге айып­пұл салады деседі. Қанша рет қоңырау түссе, сонша рет ақшасынан ұстап қалатын көрінеді. Мұны сонда кондуктор болып жұмыс істеген жігіт айтты.

 

Қазір біздегі қоғамдық көліктерде сіз-біз десу азайып кеткен секілді, тым дөрекі. Бақылау жоқ. Баланы бала, үлкенді үлкен демейді. Меніңше, бәрін де тәртіпке шақыру керек. Оларға адамдарды «престеп» мінгіздің деп шағым айтып жатқанымыз жоқ», – дейді қала тұрғыны. 

 

...Үлкен қала болған соң бағыттағы автобустарда да түрлі оқиға болып жатады. Бірақ қыс ауасында оқушы баланы орта жолдан түсіріп кеткен кондуктор келіншектің бұл қылығы қаншалықты дұрыс?

 

Жұрт бұл туралы не дейді?

 

Әбдімәлік Исаев осы жағдайды «Фейс­бук» желісінде баяндап жазғаннан кейін оны оқығандар 1000-нан аса пікір қалдырып, жазбаны 240-тан астам адам бөлі­сіп­ті. Солардың бірқатары төмендегідей:

 

Ләззат Ерманова: Автобуста отыр­ған жолаушылар да өңшең тасжүрек екен, 35 теңге төлеп жіберетін бір иманды, рухани сауатты пенде болмағаны ма?!

 

Сания Нахыпбекова: Шымкентте ондайлар көп. Мына Әл-Фараби ауданына қарайтын «Сәуле» шағынауданында да осындай жағдай. 110 деген мар­шрутты қадағаласаңдар жақсы болар ма еді?! Талай көріп жатырмыз, үлкендер мінсін деп кішкентайларды итеріп, соңында «автобус келе жатыр» деп тастап кетеді Осыған мән беріңдерші, жоғарыда отырған адамдар...

 

Гүлзада Бедешова: Қоғамдық көліктерде бұдан да сорақы жағдайлар көп кездеседі. Шыдай алмай, кейде жаным ашығандықтан олардың жолақыларын төлей салатын кездеріміз көп. Сонша адам отырып, сол баланың түсіп кетуіне қалай жол берілді?

 

Мунира Жұматаева: Балаларды 1 теңгеліктер үшін емес, жолақысы болмаса да баратын жеріне дейін жеткізуге кондуктор мен автобус жүргізушісі міндетті. Қандай жағдай болса да, балаларды автобустан түсіруге құқы жоқ.

 

Қалқа Ермұқанқызы: Өте дұрыс емес кондуктордікі, акшасы болмаса да кешірім жасап, ескертіп айтуға болады ғой. Мен өзім он бес жылдай автобуста кондуктор болып істедім, ондай жағдайдың қыр-сырын жақсы білемін. Ішіп алып, ақшасын төлемей, онымен қоймай өзіңді боқтап кететіндер бар. Міне, соларды түсіріп тастау керек.

 

Имани Гүл: Шымкентте қоғамдық көліктердегі ақша жинаушыла­рымен де бір уақ мәдениетті сөйлеп, мәдениетті жүріп-тұру хақында жұмыстар жүргізу керек. Қоғамдық көлік иеле­рі­нен мәде­ниетсіздік көп байқалатыны рас.

 

Мараткүл Сауырбаева: Иә, мұндай жағдайлар көптеп  кездеседі. Менің де 5-сынып оқитын немерем сабақтан кеш кайтады. Сол  айтып келеді, автобуска мінгізбей, итеріп тастап, түсіріп кетеді деп. Өте өкінішті, адамдарда мейір-шапағат деген қалмаған.

 

Ақторғай Әмірбекова: Сауда орындары да, қоғамдық көліктерде де 1 теңгені алмайтыны рас. Бірақ түсін­бейтінім, ол тиынды өкімет неге шығарып отыр? Автобуста балаға обал жасаған екен. Одан да бәрі жабылып кондукторды түсіріп кету керек еді. Без­бүйректердің ақылы кіретін еді.

 

Замира Худайбергенова: Әрине, шара қолданылуы тиіс. Ол баланы автобуспен қатынайды деп ата-анасы уа­йымсыз отырса, ал безбүйрек, мейірімсіз, ақшаға құныққан кондуктор оны өзінің аялдамасына жетпей жатып түсіріп кетсе... Ал ол бала Алла сақтай көрсін, бір қиындыққа кезігіп қалса ше?!  Кейбір адамдар не боп барады?

 

Гүлнәр Алдоңғарова: Мен 7 жыл кондуктор, шалым жүргізуші болып жұмыс істедік. Өте қиын, таңғы 4-те тұрамыз, кешке 10 болмай келмейтінбіз. Бала түгілі, ересек адамдардың да жолақысы болмай калатын кездер болды, барлығына түсіністікпен қарайтынмын, ешбір адамды жолда калдырмауға тырысатынбыз. Қазір шүкір, халықтың алғысы болар, шалымыз екеуміз вахтада жұмыс істейміз, 15 күн демаламыз. Ал ауыл тұрғындары әлі сыйлап, сәлемдесіп жатады. Ал баланы түсіргені тіпті ұят болды, ол періште ғой, жолақысын алмай-ақ апарып тастаса, Құдай екі есе ырзық нәсіп етер ме еді?!

 

...Жұрт осылай деп ашынуда.

 

М. ҚҰРБАНҚЫЗЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ