Шаруашылықтарды таратып тастағанымызға ішім ашиды

27.02.2020
Қаралды: 249

Ауыл шаруашылығының қазіргі күйін ойласам, «дамыған елдер қатарына қосыламыз» деп жүргендердің оны неге сүйеніп айтатынына таңқаламын. Өйткені біздегі мал шаруашылығы 1990 жылдары талан-таражға салынып, халық қазынасы әркімнің қолында кеткен болатын. Енді мал басының сол кездегідей көбейетініне сене алмай отырмыз.

 

Мен өз басым шаруашылық саласында еңбек еткен адаммын. 1973 жылы Созақ ауданындағы Шу совхозына зоотехник болып бар­ған едім, кейін ферма басқарушысы болып істедім. Сол кездері аудандағы ең артта қалған деп есептелетін Шу совхозының №1-ші, 2-ші фермаларында 35 мыңдай уақ мал болды, ал №3 фермада 3 мыңнан аса жылқы, 400 түйе, 150 сиыр бар болатын. Осы 3-ші ферманы басқарып жүргенде жылқы басын 10 мыңнан асырдық, соның ішінде 3500-і биелер еді.

 

Сол кездері малшылардың барлығы дерлік жылдың төрт мезгі­лінде де киіз үйде тұратын. Соған қарамастан еңбек өнімді болды, жоғары нәтижелер берді. Кейін өкімет қора-жайлар салып, малшы қауымның әлеуметтік жағдайын жақсартты.

 

Бүгінде жесір әйелдердің тұр­мы­сы өте төмен деген сөздер жиі ай­тылып жүр ғой, ал ол кезде асыраушысынан айырылған отбасылар ешкімнің қолына жалтақтамайтын, жақсы тұратын. Жесір әйелдер 60 сом  ақша алатын, қолында малы бар, тұрмыс деңгейі жоғары еді. Қажет кезде өзіміз олардан мал сатып алатынбыз.

 

Осы орайда айтайын дегенім, басшылардың мал шаруашылығын таратып жібергеніне мен қатты қынжыламын. 1980 жылдары Созақ ауданында уақ мал басы жекешенікін қоспағанның өзінде 1 миллионнан асқан, аналық қойлардың өзі 700 мың бас болып еді. Осыған орай халық тоқшылықта болды. Ол кезде жұмыс істемей­тіндерді жер аударатын тәртіп бол­ған, сондай жандарды біз шопан етіп жұмысқа алатынбыз.

 

Егер де шаруашылықтарға жеке­шелендіру саясатын жүргізбегенде халық қазіргідей қиналмас еді. Сол жылдары қыруар мал ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетті.

 

Ал енді қазір мал шаруашылығы қайтіп дамиды? Енді мал алған адамға оны жаю үшін жер керек, көшіп-қонып отыру керек, жем-шөп өсіріп, жинап, тасымалдау, техника керек. Кезінде жолға қойылған осы шаруаның бәрі де жойылып кетті.

 

Одан бөлек, кезінде тұрмысын түзеген малшылардың да жағдайы нашарлап, олар бет-бетімен кетті. Солардың әрқайсысында кемінде жеті-сегіз баладан бар еді. Ішінде жоғары оқу орнын бітіргендері некен-саяқ сол балалардың тұрмысы да қазір оңып тұрған жоқ, әркімге жалданып күн көріп жүр. Кейбірі базарда арба айдап тіршілік етуде. Осы азаматтардың көбі бала-шағалы бола тұра қалаларда пәтер жалдап күнелтуде.

 

Өсіп-өркендеп тұрған мал шаруашылығы талан-таражға түсті, соның төңірегінде жүрген мыңдаған еңбек адамдары жұмысынан айы­рылып, күнкөрістің қамымен босып кетті. Бұл өзі әділ тірлік болмады.

 

Ал Ресейде, Белоруссияда сол кеңестік кезеңдегі шаруашылықтар, шаруашылық қатынастар сақталып қалған. Малшы керек болса, жұмыс іздеген өзбек, тәжік, тағы басқалар жүр, соларды жалдайды.

 

Осы жайларды ойлап, саралап отырып, қатты қынжыламын. Халықтың жайын ойлаған өкімет бұлай етпеуі керек еді. Қазір жан-жақты дамып жатырмыз деп көп айтылады. Осы ма сонда даму деген?

 

Ол кездері жұрт ертеңін уайымдамаушы еді. Қазір бәрі жаппай күнкөрістің қамына түсіп кеткен. Адамдардың мінез-құлқы, адамгер­шілік қасиеттері де өзгеріп барады. «Сананы тұрмыс билейді» де­мекші, әйтеуір қатардан қалмауды ойлап тыраштанып жүрген біреу. Жұрт ешкімге сенбейтін болды. Қарап отырсаңыз, осының бәрі адамды көңілсіз ойларға жетелейді.

 

Ел басқарып отырған азаматтар мұның бәрін ойлап, саралап, жалпы жұртқа пайдасы тиетін шараларды қолға алуы керек қой. Ондай жанашырлықты қашан көреміз?

 

Амангелді ӘДІШ, зейнеткер.

Шымкент қаласы.

Амангелді қарияның байланыс телефоны: 8-702-541-03-59.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ