Қандастарды құтқарар қандай амал бар?

25.02.2020
Қаралды: 360

Бүгінде Қытайдағы этникалық қазақтарға, ұйғырларға орамал тағу, ораза ұстау, намаз оқу, ислам немесе ұйғыр мәдениеті жайлы кітап ұстау, сақал қою, жұмыс бабымен немесе саяхаттау үшін шетелге бару, Қытай азаматынан өзге адамдармен байланысқа шығу күдік тудырды.

 

Туыстары туралы айтуға қорқады

 

2017 жылдан бері құқай көріп келе жатқан қандастарымыздың мәселесі бо­йынша еліміздегі қоғам белсенділері халықаралық адам құқығын қорғау ұйымдарының назарын аударды. Олар өз шағымдарында Қазақстандағы туыстарына келген этникалық қазақтардың Қы­тайға қайта барғандағы қысымы жайлы айтады. Ал бұл қысымның ең негізгі сатысында дін жолында жүрген азаматтар тұр. Қоғам белсенділері Қытай үкі­метінің 26 қауіпті мемлекеттердің тізімін жасағандығын, оның ішінде Қазақстанның да барлығын айтып, сондықтан Қытай үкіметі «саяси үйрету лагер­лерін» ашқандығын сөз етеді.

 

«The-vіllage.kz» сайтында көрсетіл­гендей, ресми мәліметке сәйкес, лагерьде адамдар экстремистік ойлардан құтылады және білім алады делінген. Алайда осынау «саяси үйрету лагерінің» жабық түрмеге ұқсайтынын ескерсек, олардың көпшілігі бұл жерде сотталған туыстары жайлы сөз етуге қазіргі күнде қорқады. Өздерінің Қытайдағы Қытай азаматтығында жүрген бауырларына іздеу салған Қазақстан азаматтығын алған туыстары: «Біз жазған хаттарға жа­уап жоқ. Бауырларымызды түрмеден құтқаратын басқа қандай амал бар?» – деген сауалдарын қойған еді. Қытайда ресми түрде концлагерьлер жоқ, алайда «саяси үйрету лагерін» «концлагерь» деп айтатын себептері бар сияқты.

 

Лагерьде жүріп жынданып кеткен

 

Қазіргі күнде Қытайдағы саяси үйрету орталықтарындағы осындай жағдайларға байланысты әртүрлі ақпараттар әлем назарын аударып отыр. Осыған байланысты лагерьлердегі «діни экстремизм» ретінде мұсылман халықтарының азапталғанын теріске шығарып отырған Қытай билігі 2019 жылдың тамыз айында лагерьлерге қатысты ұстанымдары жазылған «Ақ кітап» атты кітапта былай деп көрсетеді: «Бірқатар маңызды қа­жеттіліктерге жауап ретінде жүйелі түрде оқыту мен дайындайтын кәсіби орталықтар тобы құрылды. Орталық жиі орын алатын террористік қақтығыстарды ауыздықтау, діни экстремизмнің негізін жою, білім алушыларға үздік білім мен кәсіби дағдыларды алуға көмектесу, жұмыс табу және табысын арттыру, ең алдымен Шыңжаңда әлеуметтік тұрақтылық пен ұзақ мерзімді бейбітшілікті қамтамасыз ету үшін құрылды», – делінген.  Алайда саяси үйрету лагерінде отырған ет жақындары жайлы олардың Қазақстандағы туыстары көптеген жан түршігерлік мағлұматтарды айтып отыр.

 

Мысалы, Алматы облысының Қызылту ауылында тұратын, Қазақстан республикасының азаматтығын алған Күлмесхан Баймолла былай дейді:

 

«Мен былтырдан бері Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа арыздарымды жазып жүрмін. Бірақ ешқандай жауап жоқ. 2017 жылдың сәуірінде менің інімнің баласы Теңелхан Қалбиятты Қытайдың  лагеріне қамады. Бар айыбы – «Жұма мүбәрәк болсын!» деген сөзді, басқа да осыған ұқсас мұсылманша құттықтау сөздерді телефонда біреуге жолдаған. Қалбият – ҚХР, ШҰАР, Іле-қазақ автономиялы облысы, Тарбағатай аймағы, Шәуешек қаласы, Шашы ауылы, Қоскөпір қыстағында 1996 жылы дүниеге келген болатын.

 

Одан соң 2018 жылдың наурыз айын­да ҚХР-ның жер­гілікті қауіпсіздік орган қыз­меткерлері інім Мақсұтхан Текейді, Қал­бияттың әкесін саяси үйрету орталығына алып кетті. Оны да 5 жылға соттап жіберіпті. Қалбияттан бір жарым жыл хабарсыз қалған болатынбыз. 2018 жылдың қаңтар айында Қалбият Теңелханды «есінен адас­қан» деген диагнозбен  лагерьден шығарып, ауруханаға әкел­ген­дерін жергілікті қауіпсіздік орган қызмет­керлері хабарлаған болатын. Қазір мен сол інімнің баласын ойлап, денсаулығым бұзылды. ҚХР жер­гілікті қауіпсіздік орган қызметкерлері інім мен баласының саяси жеке бас бостандығына, емін-еркін жүріп-тұру бостандығына ауыр дәрежеде қол сұғып, адамдық құқығын аяусыз таптады. Қалбияттың ауруханадағы халін білуге барған сол жердегі шешесінің айтуынша, өте нашар екен. Қалбият ауруханаға келгесін жеті күн бойы көзі ашық жатқанмен ешнәрсені сезінбейді екен. Он бір күннен соң орнынан тұратын, жүретін болыпты. Шешесі баланың алдына барса, бетін қолымен жауып алып ешкімді жолатпайды деп отыр. Жанында күзетіп жүрген екі полиция бар. Олар күні-түні сол баланың жанында отырады екен. Туыстары келсе сол полицейлерден қашып, етегіне тығылады дейді. Бір нәрсе айтайын десе тілі шықпайды, сөйлей алмай жаны қиналып, жан-жағындағы заттарды лақтырып, қасындағыларды жұ­лып тастайды екен. Есін жинаған кезінде «...мен қылмыс­кермін, бәрін мен жасадым!» деп айқайлай беріпті. Сөйте жүріп, ақыры соңында бала жынданып кетті.

 

Сол жақта тұратын екі сіңлім бар. Олардан телефон арқылы Қалбияттың жайын сұрастырсам: «Қалбиятты білмей­міз. Бізде бәрі жақсы, ондай ешнәрсе айта алмаймыз, оны бізден сұрама», – деп жауап берді. Онан соң осында келген туыстардан сұрастырсам, соның өзінде олар: «Бізді айтты деп айтпаңыз. Баланың халі жақсы емес, тіпті целлофанға орап апарған тамақты целлофанымен қоса жеп қояды дейді. Баланың есі ауысқан», – дегенді айтты.

 

Солай бола тұрса да ешқандай ем қолданбай, Қалбиятты 2018 жылдың қыркүйек айында 15 жылға соттап жі­берді. Шиху деген қаладағы түрмеде екен. Ол жерде енді бізді Қалбияттың өзі тұрмақ, анасымен де сөйлестірмейді. Қазір тыйым салынған, телефонда да хабарласа алмаймыз. Осының бәрі хабарсыз отырған біздің жанымызға батады. 

 

Бір ауыз сөзі үшін соттап жіберген

 

Мұнан басқа, Салтанатұлы Ұлан деген қайын әпкемнің күйеу баласын да 13 жылға соттаған. Ешқандай қылмысы жоқ Ұланның әйелі мен бір баласы қалды. Қазіргі күнде одан да мүлдем хабарымыз жоқ. Ұланды да Шиху қаласында деп естідік.

 

Жалпы,Ұланның ұсталғаны былай болды. Сол уақыттары ел арасында «Қытай қыздарына үйленсе, үкімет тарапынан жағдай жасалады екен» дейтін шын-өтірік екені белгісіз бір сөз тарайды. Ұлан осы әңгіме туралы өзінің бір туысына: «Бұл қалай? Біз мұсылмандар­мыз ғой. Діні басқа қызға қалай үйле­неді?» – деген өзінің пікірін жібер­ген. Осы сөзі үшін ұсталып, «қылмыскер» болып отыр.

 

Алматы облысы, Іле ауданына қарасты Жаңаталап ауылына қоныс аударған Фарида Мұқайқызы нағашы ағасы Ақытжан Батырдың жазықсыз 20 жылға соттал­ғанын айтады. Қазір үш баласымен де, әйелімен де сөйлестірмейді. Ақытжан Батыр бұрын имам болған. Тіпті осы діни үгітті жақсы жүргізгендігі үшін марапаттау қағаздарын да берген. 

 

Фариданың ағасы, осы Жаңаталап ауылында тұратын Серік Мұқайдың інісі Қалиолла Мұқайдың 2016 жылы 21 жылға кесілгенін айтады. Себебі ол намаз оқиды. екен.

 

Төлқұжатты қайта бермей отыр

 

Алматы облысы, Панфилов ауданы, Үшарал ауылында тұратын, бүгінде Қазақстан азаматтығын алған Гүлбаран Өмірәлі былай дейді:

 

«Осы күні Қытайдағы саяси үйрету орталығынан шыққан қазақтардың төл­құжаттарын өздеріне қайтармай отыр. Саяси үйрену орталығынан өз мерзімін бітіріп шыққан соң ол қазақтардың төл­құжатын ұстап отыруына Қытай үкіметінің қандай құқығы бар? Егер ұлты қытай болса шекарадан өтуге болады, ал неге ұлты қазақ өтуге болмайды? Қытайлардың бұл себептерінің астарында саяси үйрету лагерінен шыққан қазақтарға «құпияны ашасыңдар» деген күдіктері тұр. Бұл не деген сұмдық?! Сонда біздің бауырларымыз елге қашан оралмақшы? Осы бір түсініксіз себептермен қамал­ған туыстарымыздың бүкіл құқығын шектеп қойғандығына байланысты бүгінде Еуропарламенттегі Адам құқықтарын қорғау жөніндегі комитетке, Біріккен Ұлттар Ұйымына туған бауырым Айболаттың ұлы Азаматқа іздеу салып, араша сұрап өз арыздарымды жолдадым. Бірақ жауап жоқ. 

 

Азамат 1995 жылы ҚХР, Іле-қазақ автономиялы облысы, Қорғас ауданы, Сарыбұлақ ауылы, 4-қыстақ, Шатыртал кентінде туып-өскен бала. Азаматты 2018 жылдың сәуір айында  жергілікті қоғамдық қауіпсіздік органы қызмет­керлері еш себепсіз, мәжбүрлі түрде саяси үйрену концентрациялық лагеріне қамап, осы жылдың маусым айында соттың шешімінсіз, заңсыз түрде 15 жылға жауып тастады. Қазіргі уақта Күнес ауданындағы жаңадан салынған түрмеде отыр.

 

Азамат 13 жасынан бастап діни білім­ді бір ай ғана оқып-үйренген. Намаз оқитын. Бар жазығы осы. Ал діни медре­селерді кезінде үкіметтің өзі ашып рұқсат еткен еді.

 

Азаматтың ата-анасы құсадан қан жұтып, денсаулығы төмендеді. Олардың саяси және бас бостандығына, емін-еркін жүріп-тұруына тыйым салып, адамдық құқығын аяусыз таптап отыр. Екі жылдан бері барлық тиісті орындарға арызданып жүрмін. Бауырларымызды құтқарудың мұнан басқа амалы бар ма?»

 

Гүлбаран Өмірәлінің келіні Қасен Ұлтайдың інісі Ербол Құштарды 2017 жылы Алтайда жүрген кезінде ұстап әкеткен. Ол телефонда таныстарына «Жұма қабыл болсын!» деген хабарлама жібер­гені үшін көп жылға жауапқа тартылды.

 

Ербол Құштар 1997 жылы Іле-қазақ автономиялы облысының Текес ауданы, Шолақтерек ауылында туған.

 

Бүгінде Жаркенттің Көктал ауылында тұратын Мұқтархан Абылайхан ағасының ұлы Айтуған Нұрболатұлын 2018 жылдың сәуір айында лагерьге қамап, маусым айында соттың шешімінсіз 16 жылға бас бостандығынан айырғандығын айтады. Айтуған Қорғас ауданы, Дон Ма Ли ауылында туған.

 

2018 жылдың маусым айында Нұрсейіт Сенбайұлын да тергеусіз, заң­сыз түрде 15 жылға соттап отыр. Содан бері екеуі де із-түзсіз, хабар жоқ. Қорғас ауданына қарасты Керімқұл қыстағында туып-өскен Камалмансұр Мұқтарханұлы – Абылайханның туған ағасы. Қор­ғас ауданының Шуи Дин қалашығында тұрып, мешіттің имамы болған, діни са­уаты мол кісі он жеті шәкіртке сабақ беріп жүрген. 17 шәкіртімен қоса қамауға алын­ған олардан осы күнге дейін хабар жоқ. Бүгінде 25 жылға сотталған Камалмансұр Мұқтарханұлының 75 жасқа таяп қал­ған анасы Мейраш Жаркенттің Көктал ауылында тұрады. Анасы баласымен, бауыры Абылайхан туыстарымен қауы­шуға үміттеніп отырған жайы бар. Бірақ бауырларымызды құтқарар жол қайсы деп мұңаяды олар.

 

Қасіреті қабырға қайыстырған қандастардың мұңы мұнымен бітпей тұр. Тар қапаста қалған бауырлары әр түрлі қорлыққа тап болып жатқанда қалай жаны жай тапсын? Кімнен үміттенеді? Туысын қорғап беретін кім бар?

 

Сұраулы көздер. Мұңайған жүздер...

 

Шара ҚҰРБАНОВА.

Алматы қаласы.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ