Әзірбайжанға барып, мұнаймен емделіп келді

25.02.2020
Қаралды: 442

Таяуда Бақтияр есімді танысымыз Әзірбайжан еліне барып, ем алып, демалып қайтты. Оның барған жері науқастарды мұнаймен емдейді екен. Мұны естігесін қатты қызығып, оған сұрақтарымызды жаудырдық.

 

Шипасы мықты дейді

 

«Барған жерім – Нафталан деген шағын қала. Сонда 10 күн мұнай ваннасын қабылдадым. Буындарым ауыратын еді, шипасы мықты екен, қазір өзімді жақсы сезінудемін. Бұрын бүйрегім  ауырады деп ойлап жүрсем, ол бүйрек емес, құйымшақ жүйкесі (седалищный нерв) болып шықты, мұнай оған да шипасын берді», – дейді ол кісі.

 

Айтуынша, ваннаны тазартылған мұнайға толтырып, соның ішіне жатасың. Ол аса ыстық та, суық та емес, жанға өте жағымды температурада болады. Ем арасында үзіліс жасап, бірнеше мәрте қайталанады. Мысалы, Бәкең 10 минуттық ваннаны күніне 3 мәртеден қабылдап, арасында бір күн үзіліс жасап отырған. Сөйтіп 10 күн емделген.

 

Мұндай емнің бір ғана кемшілігі, мұнайдан денені тазарту қиындау, жақсылап жуынып-шайын­ғанның өзінде киімге жабысып, біраз тітіркендіретін көрінеді. Бірақ денені мұқият тазартуға мүмкіндіктер бар.

 

«Емнің ағзаға жаққанын бірден-ақ байқайсың. Онда буын ауруларынан бөлек, әйелдердің гинекологиялық, ерлердің урологиялық дерттерін, сондай-ақ жұқпалы емес түрлі тері ауруларын да емдейді. Адамдардың псориазбен көп баратынын байқадым. Бір қазақ тіпті соның әбден асқынған түрінен емделіп жүргенін көрдім», – дейді Бәкең.

 

Он күнге – 70 мың теңге...

 

Ол кісі аталған сауықтыру орталығындағы көрсетілетін емдік шаралардың ақысы аса қымбат емес, қолжетімді екенін айтады. Мысалы, ол күндік ем шараларына 30 манаттан төлеп тұрыпты. (Біздің ақшаға шаққанда 1 манат 224 теңге болады). Яғни ол күніне 6720 теңгеден төлеп тұрған. 10 күнге ары кеткенде 70 мың – 80 мың теңгедей ақша шығындаған.

 

Онда массаж тегін жасалады. Ал қосымша, арнайы процедуралардан өткің келсе, оған қалтадан ақша шығарасың. Әрине, егер қаласаң. «Мынадай процедура бар, өтпесең болмайды» деп ешкім басыңды қатырмайды.

 

Қысқасы, 10 күндік емге аса шығындана қоймайсыз. Тек Нафталанға барып қайтуға кететін жол ақысын ауырсынбасаңыз болды. Ал Бәкеңдер ол жаққа ұшақпен барған. Ұшақпен бару тиімді саналады. Жолға ары кетсе 150 мың теңгедей қаржы жұмсалады. Бұл кісілер Шымкенттен Ақтауға, сосын Ақтаудан Бакуге қарай ұшқан. Нафталан Бакуден 350 шақырым арыда, Грузияға 250 шақырым жақын тұста. Ғаламтордан Нафталан туралы деректерді анықтап аласыз да, сонда көрсетілген телефон арқылы ұшақтан қай кезде түсетініңізден хабардар етсеңіз болды, сізді аталған орталықтан жеткен автокөлік әуежайдан күтіп алып, Нафталанға жеткізеді. Бакуден Нафталанға дейінгі жолкіре құны 25 – 35 манат төңірегінде.

 

Негізі Бәкеңдер екі адамға Бакуге дейін барып-қайтатын ұшақ билетін 215 мың теңгеге сатып алыпты. Яғни алдын-ала брондаған билеттің біршама арзанға түсетіні белгілі. Шымкенттен Ақтау­ға ұшақпен 2 сағатта жетсеңіз, ары қарай Бакуге 50-ақ минутта жетіп барасыз. Барарда Ақтауда ұшақты 2 сағат күтесіз, ал қайтарда 7 сағат күтуге тура келеді.

 

Нафталан Гянджа қаласынан 40 шақырым қашықта екен. Яғни Гянджаға Шымкенттен тікелей баратын ұшақ болса, Нафталанға сол арқылы тез жетуге мүмкіндік бар деген сөз.

 

 

Аяқ-қолы салданғанға да дауасы бар екен

 

Жалпы, Нафталандағы сауықтыру орталығы  кеңестік кезеңдерден бері жұмыс істейді екен. Оған ТМД елдерінен барып ем алып, демалушылар өте көп. Қазақстаннан баратындар да аз емес, әсіресе еліміздің батыс өңірлерінен барушылардың қарасы мол.

 

Нафталанның ауа райы жылы, қазір тұрақты түрде 10-15 градус болып тұр. Соңғы үш жылдың қысында ол жаққа бір түйір де қар жаумаған көрінеді.

 

Бәкең ол жақтың адамдарының да жүзі жылы, қарым-қатынасқа жайлы екенін айтады. Бұзақылық деген онда тіпті де кездеспейді екен.

 

«Орталықтың мамандары білікті,  қызметкерлері мәдениетті, олардың емделушілерге қарым-қатынасы жақсы. Бір қызығы – көбі орысша білмейді екен. Бірақ әрқайсысы өзінің міндеттерін біледі, ісін адал, сапалы атқарады. Артық бірдеңе дәмету  деген атымен жоқ, «мынадай қызмет бар» деп қажетсіз процедураларды өздігінен тықпаламайды. Қызметіне риза болып, оларға аз-маз бірдеңе беріп жататындар да болады, ондайда олар балаша мәз болып қалады. Өзі 3 мыңдай тұрғыны бар шағын қала, халқының көбі сауықтыру орталығында еңбек ететіндіктен барды қанағат көретін сияқты.

 

Ол жерге туыстары тірек-қимыл мүшесі салдан­ғандарды да апарып жатады екен. Өзім сондай бір адамды көрдім. Алғашында жүре алмайтын еді, мұнай ваннасынан ем қабылдағасын өз бетімен жүре бастады. Яғни тазартылған мұнай ваннасының ондай науқастарға да дауасы жақсы-ау деп қалдым.

 

Сауықтыру орталығында негізінен диеталық тағамдар беріледі. Тамақ жағынан қинала қойған жоқпыз. Қажет көргендерге сол маңдағы дәмханалардан тамақтануға да жағдай жасап қойған», – дейді Бәкең.

 

Нафталан қаласында қызмет ақысы қымбатырақ сауықтыру орталықтары да бар екен. Мысалы, «Чинар», «Гашалты», «Гарабаг» деген сияқты орталықтарда қызмет ақылары күніне 100 доллардан ары болып келетін көрінеді. Әрине, қалтасы көтеретіндер ол жерлерге де барып ем алып, демалуда.

 

...Қысқасы, Әзірбайжандағы мұнаймен емдейтін орталықтың шипасы мықты екен. Біз танысымызбен болған бұл әңгімені «Замананың» оқырмандарының назарына жеткізуді ниет еттік. Жылдар бойы мазалаған дерттен мұнайға шомылу арқылы аз күнде-ақ айығып кетсеңіз, керемет емес пе? Әрине, ол үшін алдымен дәрігермен кеңесіп, оның қандай да бір созылмалы дертке қатысты жанама жайсыз әсері бар-жоғын біліп алу керек. Интернетте көрсетілген телефон арқылы хабарлассаңыз, оны да егжей-тегжейлі біліп алуға әбден болады.

 

Р. ҚАЛТАЙ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ