Қаптаған басшы ел ертеңін ойлап жүр ме?

25.02.2020
Қаралды: 335

Бүгінде Қазақстанды басқарушылар көп. Жұрт соларға сенеді. Бірақ кей жайларға қарап, «Қойшы көп болса, қой арам өледінің» кері келіп отыр ма деп те ойлайсың.

 

Қазақстанның табиғат байлығы өзіне жетіп-артылады. Әсіресе астықтан таршылық көрмеуіміз керек, өйткені жылда миллиондаған тонна өнім аламыз ғой. Бірақ бізде басқаны былай қойғанда, нанның өзі қымбаттап жатыр. Осы жағы жұртқа тіпті де түсініксіз.

 

Соған қарағанда, біз бидайды сыртқа көп экспорттайтын сияқтымыз. Мысалы, Өзбекстанға астық аз кетпейді, ал олар одан жоғары сұрыпты ұн өндіріп, ары қарай, Ауғанстанға, Иранға шығарады.

 

Ал жылдағы астық түсімін есептегенде одан өзімізге жеткілікті  етіп алып қалмай ма, «жеті рет өлшеп, бір рет кеспей ме»? Әр жылы элеваторда халық үшін бидай қалдырылуы керек қой. Халыққа ауыртпалық түспеуі керек.

 

Бүгінде парамен ұсталғандар туралы күн сайын дерлік еститін болдық. Солардың бәрі қызметтегі, елге қызмет көрсетеді деп сенген адамдар. Олар бір тояр емес. Сонда халықтың жайын кім ойлайды?

 

Қазір көп адамның алатын жалақысы, зейнетақысы аз, мойнында несие тұр. Басқасын айтпағанның өзінде ең керекті азық-түліктер қымбат, тағы да қымбаттап жатыр. Елде үйсіз-күйсіз адамдар көп. Оған қоса келімсектер қатары да артып барады.

 

Тәшенов, Қонаев сияқты ел қамын, Қазақстанның болашағын ойлайтын, елді ақылмен басқаратын адамдар қайда? Қаптаған, жоғарыға ұмтылған шенеунік, сен неге елге адал қызмет етуді ойламайсың?

 

Жеріміз үлкен, асты-үсті байлыққа толы, ал халқымыз аз, өсімі баяу, соларға қажетін жеткізіп бере алмасақ, несіне кеуде керіп, дамып келе жатырмыз деп айтамыз?

 

Ойланайық, қажетті шараларды ертерек қолға алайық, қойшысы көп қойдың күйіне түсіп қалмайық, ағайын! Мұны баршамыз болып қаперде ұстауымыз керек.

 

Ардагерлер атынан – Шалқар АРЫСБАЙҰЛЫ.

Шалқар Арысбайұлының байланыс телефоны: 8-701-164-46-71.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ