Ұлтаралық түсіністік тек қазаққа ғана қажет пе?

24.02.2020
Қаралды: 253

Қазақ тілінің проблемалары туралы тәуелсіздік алғалы бері айтылып келеді. Ол Қазақстанда тұратын барлық ұлт өкілдерін ұйыс­тыратын тіл деңгейіне жетуі керек. Қазақ тілі қазаққа ғана емес, өзгелерге де қажет.

 

Таяуда Жамбыл облысының Қордай ауданында орын алған оқиға кезінде онда ғасырдан астам уақыт бойы тұрып келе жатқан дүнген ұлты өкіл­дерінің көпшілігі қазақ тілін біл­мей­тінін көрсетті. Осы жай жұрт­ты ашындырды. Сондай-ақ қазақтың арасынан шыққан орыстілді кейбі­реулер орын алған оқи­ға үшін дүнген ұлтынан бүкіл қазақтардың атынан кешірім сұрады. Өз кезегінде бұл да қазақ азаматтарының шамына тиіп, ашуын келтірді.

 

Қоғам белсендісі Мұхтар Тайжан өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында осыған орай орыс тілінде жазба жариялапты. Ықшамдап аударғанда оның мазмұны мынадай:

 

«Ел тұрғындарының көпшілігі тұтынатын тілді білмей тұрып сол елдің мәселелерімен қалайша айналысуға, өзіңді қалайша журналист, саясаттанушы, саясаткер, әлеу­меттанушы деп санауға болады? Мен осыған әрқашан да таңқаламын. Бұл дегеніңіз – қазақтың тарихын, ұлттық менталитетін айтпағанның өзінде күн тәртібіндегі ақпараттарды, әлеуметтік желідегі хабарларды білмеу, халықтың басым бөлігінің ой-пікірін, арман-үмітін, мүддесін білмеу деген сөз ғой.

 

Кей журналистің ұлттық мәселе, ұлтаралық қатынастар бойынша ақыл айтып, бүкіл бір халықтың атынан өзгеден кешірім сұрауы тіпті де күлкілі.

 

Қазақстандағы ұлтаралық бейбітшілікті сақтай алатын бірден-бір жайт – ол қазақ тілін сыйлау, оған құрметпен қарау. Ешкім де дүнгендердің немесе басқалардың қазақ тілін әдеби деңгейде меңгеріп алуын талап етпейді. Бірақ қабілетіне қарай өмір бойы 20, 50, 100, 300 сөзді, қазақша амандасуды үйреніп алуға болады ғой.

 

Менің байқауымша, қазақтарды ұлтаралық бейбіт­шіліктің тек олардың шыдам-төзіміне байланысты ғана сақталып тұрғаны жалықтырды, мезі қылды. Екі тілді білуге неге қазақ қана міндетті? Басқалар өзіне ыңғайлы тілде сөйлей береді, қазақтар оған түсіністікпен қарайды. Ал күнделікті өмірде өзге ұлттар қазақтар үшін неге осындай қадамға бара алмайды? «Саламатсыз ба?» немесе «рахмет» деген сөздерді үйрену, оны қолдану соншалықты қиын ба?

 

Қазақтар өз елінде өз тілінде қажетті қызметті пайдалана алмайтын деңгейге дейін жетті. Осының бәрі жылдар бойы жинақталып келеді.

 

Осыны ойланыңыздар. Мемлекеттік тілге құрмет сол елдің Елтаңбасына, Туына, Әнұранына деген құрметпен тең».

 

Иә, өте орынды сөз, талай адамның көкейінде жүрген жанайқай. Өзгелер қазақ тілін – мемлекет құраушы ұлттың тілін үйренсе, ол бірінші кезекте оның өзіне жақсы. Оның ұлтаралық түсіністік-сыйластыққа қызмет етері сөзсіз. М.Тайжанның өз сөзін орыс тілінде жариялауының сыры да осында, өзгелер ойлансын деп отыр. Ұлтаралық түсіністікті, елдің тыныштығын, игілігін осы елдің нанын жеп, суын ішіп отырған өзге ұлттар да сақтауы керек қой.

 

Ж. ЕЛІБАЙ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ