Өзбекстандық студенттер неге жаппай еліне кетіп жатыр?

24.02.2020
Қаралды: 468

Өзбекстан өзінің Қазақстанның, Қырғызстан мен Тәжікстанның жоғары оқу орындарында білім алып жүрген студенттерін еліне қайтарып жатыр. Бүгінде Шымкенттегі оқу орындарындағы өзбекстандық жастар да жүздеп-мыңдап еліне қайтуда. Ал мұның нақты себебі неде?

 

ОҚМУ-дан 10 мыңға жуық жастар ауысуы мүмкін... 

 

Бүгінде бұған байланысты түрлі алыпқашпа сөздер таралып жатыр.

 

«Өз басым мұның нақты себебін біле алмадым, – дейді  бір танысымыз. – Біздің Оңтүстік Қазақстан университетінде сырттай оқитындарды қосып есептегенде шамамен 10 мыңдай өзбекстандық студент бар болуы керек. Бәрі дерлік түгелдей ақылы негізде оқиды. Оқу ақысы, жаңылмасам, техникалық мамандықтардікі жылына 340 мың теңгенің төңіре­гінде.  Өзбек валютасын теңгеге шаққанда өзбекстандықтар үшін бұл аз қаржы емес, әйтсе де оларға бізде оқыған ұнайды. Өздері солай деп айтады.

 

Енді... мемлекет солай деп шешім шығарғасын амалдары жоқ, елдеріне кететін шығар. Біраз студенттерден естігенім, оларға осы семестрде ауысу керек деген талап қойылыпты. Бұдан кейінгіге қалса, Өзбекстан оқу орындарына қабылдану үшін 3 мың дей ме, 6 мың ба, доллар төлейсіңдер деп айтқан көрінеді. Ал егер бәрібір де осында қалып, Қазақстан дипломын алатын болса, ол Өзбекстанда жарамсыз деп танылады деген ескерту бар деседі. Сондықтан біздегі өзбекстандық студенттердің барлығы да еліне кетуде. Бүгінде біразы құжаттарын тапсырып келіп, біздегі оқуын жалғастыруда. Өйткені қазір Өзбекстандағы оқу орындарында демалыс кезі, екінші семестр 10-наурызға қарай басталатынға ұқсайды, сол кезде баратын шығармыз дейді».

 

Шымкенттегі жоғары оқу орнында еңбек етіп жүрген танысымыз осылай дейді. Бұдан басқа да адамдармен хабарласқанда осыған ұқсас жауаптар естідік. Яғни өзбекстандық студенттер бүгінде тиісті құжаттарын алу үшін абыр-сабыр болып, әрі-сәрі күйде жүр екен.

 

Біздегі оқу орындары қатаң тексеруден өткізілуде

 

Бұл мәселенің мәнісін тереңірек білу мақсатында біз ұзақ жылдардан бері Шымкенттегі түрлі оқу орындарында еңбек еткен, бүгінде Оңтүстік Қазақстан фармацевтикалық академиясында қызмет істеп жүрген белгілі педагог Сапарбек Саховпен хабарластық.

 

«Менің білуімше, өзбекстандықтар ұйымдастырыл­ған тұрғыда, тиісті келісімдер бойынша кетіп жатыр, – дейді ол кісі. – Бұған қатысты таралып жатқан түрлі әңгімелердің еш негізі жоқ. Өзбекстанның шешімі солай. Олар қазір бірінші семестрді бітіріп, тиісті сынақ тапсырған студенттерді ғана еліне қайтаруда.

 

Негізі фармацевтика академиясында  жылда солай болады, сондықтан ол қалыпты жағдай деп қабылданады. Қыркүйекте студенттің оқуы басталса, 6 ай білім алған соң, қысқы сессия өткесін ол нақты мамандығы бойынша Өзбекстаннан  тапқан оқу орнына ауысады. Қалғандары, яғни сыннан өте алмағандары жазға дейін оқып, сосын тиісті емтихандарын тапсырып барып кетеді.

 

Жалпы, бұл мәселе ешқандай да заңсыз емес, төтенше жағдайға байланысты орын алған жоқ, бәрі де заңды, келісімді негізде, Өзбекстан үкіметінің, білім министрлігінің қалауы бойынша болып отыр», – дейді Сапарбек Мұсаханұлы.

 

Айтуынша, бұл жағдай біздегі кейбір жоғары оқу орындарында берілетін білім сапасына қатысты қолға алынған болуы да мүмкін сияқты. Мысалы, біздің Оңтүстік өңірінде 12 жоғары оқу орындары бар. Соның ішінде Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік университеті, Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік педагогикалық университеті, Халықаралық қазақ-түрік университеті мен Оңтүстік Қазақстан фармацевтика академиясынан басқаларының бәрі жекеменшік оқу орындары. Осылардың ішінде жоғарыда аталған төртеуінің және М.Сапарбаев атындағы гуманитарлық-педагогикалық институттың білім сапасына министрлік тарапынан қойылар кінәрат-талаптар жоқ. Яғни олар жан-жақты тексеріліп, тиісті бағасын алған. Ал басқаларының білім беру сапасы сын көтермейді. Олардың бірқатары сот шешімімен жабылған, тағы біразының жабылуы әбден мүмкін. Президент Қ.Тоқаевтың «тек диплом сатумен ғана айналысатын оқу орындарын жабу керек» деген сөзінен кейін жоғары білім беретін оқу орындарын жаппай тексеру басталған.

 

«Арнайы комиссия жоғары оқу орындарын өткен жылдың тамыз айынан бері тексеруде. Біздегі 8 университетке қатысты қатаң сындар айтылды. Аймақтық академиялық университет, оның қарамағындағы Әлеуметтік университет, «Отырар» университеті сот шешімімен жабылды. «Сырдария» университеті тексеріліп, оны жабу жөнінде мәселе сотқа жіберілді. Қазір Халықтар достығы универ­ситеті, «Шымкент» университеті және тағы екі-үш университет тексерілуде. «Мирас» университеті, Халықаралық гуманитарлық-техникалық университет тексеріледі.

 

Жалпы, біздегі бірқатар жекеменшік жоғары оқу орындары бүкіл Қазақстан бойынша рейтингі білім беру сапасы ең төмен деп танылған «ондыққа» кірді. Ол оқу орындары бітірушілерінің өз мамандығымен жұмысқа орналасу көрсеткіші бойынша да елдің ең соңында тұр екен.

 

Қысқасы, көптеген оқу орындарында білім беру сапасы төмен екені белгілі болды. Өзбекстанның өз студенттерін кері қайтаруының бір себебі осы болар деп ойлаймын. Өйткені олар да мұның бәрін естіп-біліп отыр ғой. Оған қоса оларда осы уақытқа дейін қажетті база қалыптастыру жүргізілді. Енді оларға студент керек», – дейді Сапарбек Мұсаханұлы.

 

...Өзбекстан көршілес елдерде білім алып жат­қан жастарын өз оқу орындарына қайтару жөнінде 7-ақпанда жариялаған еді. Содан студенттер арасында қарбалас басталды.

 

Д. НҰРПЕЙІС.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ