Зайсанда жұрт дүрлікті

24.02.2020
Қаралды: 543

Шығыс Қазақстан облысының Зайсан ауданындағы Сарытерек ауылынан шу шықты. Жұрт ауылдық амбулаторияға Қытайдан коронавирус жұқтырған адамдарды әкеліп орналастырады екен деп естіп, қатты дүрлігіп жатқан көрінеді.

 

Өткен сәрсенбіде аталған ауыл тұрғындары жиналып, амбулаторияға қойылған кереуеттер мен көрпе-төсекті ғимарат ауласына шығарып тастады, Қытаймен шекараны жауып тастауды, науқастарды әкелмеуді талап етті. Осы оқиғаны бейнежазбаға түсіргендер оны әлеуметтік желіде жариялады.

 

Арада көп өтпей облыс әкімінің баспасөз қызметі жұртты дүрліктірген сөздерді негізсіз, қауесет деп мәлімдеді. Айтуынша, ол жерге коронавирус жұқтырғандар апарылмайды, тек оның алдын-алу мақсатында карантинге арнап жарақталған орталықтар бар. «Кейбіреулер  бұрмалап, өтірік ақпарат таратып, халық арасында наразылық тудырып, арандатушылық жүріп жатыр», – деп айтылды.

 

Артынша ол ауылға облыс әкімі Д.Ахметов келіп, халықты сабырға шақырды. Облыс әкіміне жұртты тыныштандыру оңай болған жоқ. Өйткені халықтың көкейінде күдік-күмән көп. Жиналғандардың арасынан біраз адамдар шығып, өздерінің алаңдаушылығын,  әкімнің аузынан айтылған жайларға сене алмайтындарын білдірді. «Шекара жабылды дегеніне бір ай болды, бірақ қазір одан ары-бері жаяу өтіп жүргендер бар. Ол толық жабылуы тиіс!» – деді сол азаматтардың біреуі. Жұртшылық осы облыста жол салумен айналысып жатқан, денсаулық жайы қадағалауға алынған 42 Қытай жұмысшысын еліне қайтаруды, сондай-ақ Қытайдан келеді деген бірнеше шығысқазақстандық азаматты карантинге бұл ауылдарда қалдырмай, Нұр-Сұлтан қаласына немесе Алматыға апаруды талап етті. Олар жергілікті амбулаторияның қажетті құралдармен жабдықталмағанын, өзге түгілі, өздеріне де сапалы қызмет көрсете алмайтынын алға тартты.

 

...Бүгінде Шығыс Қазақстан облысында шамамен 1 миллион 400 мыңдай адам тұрады, халқының 60 пайыздан астамы – қазақтар. Зайсан ауданы – облыстың қиыр шығысындағы аймақ, ол Қытаймен шектеседі. Жоғарыда аталған оқиға орын алған Сарытерек, Айнабұлақ ауылдары – құрамына бірнеше елді мекендер қарайтын ауылдық округ орталықтары. Тұрғындарының басым көпшілігін қазақтар құрайды. Аудан орталығы Зайсан қаласы облыс орталығы Өскеменнен 460 шақырым қашықта орналасқан.

 

Т. ТҰРАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ