Әкені көрмей, арманда өскен бір ұлмын

19.02.2020
Қаралды: 553

Биылғы жылы Ұлы Жеңістің 75 жылдығын атап өтеміз. Бұл күн бүкіл халқымызға қуаныш әкелгенімен, алапат соғыс артында жазылмастай жара қалдырды. Ел үшін миллиондаған адамның қаны төгілді. Соғыстың қасіретінен қаншама ана жесір, қаншама бала жетім қалды. Соғыстың тауқыметін тартпаған, санасында сыз қалмаған отбасы жоқ шығар, сірә!

 

Атымды неге Бегалы қойған?

 

Сұрапыл соғыстың тауқыметін тарт­қанның бірі – мына мен. Мен де, міне, жетпістің жетеуіне келіппін. Әйтсе де мереке қарсаңында көңілді мұң басып, сағымға айналған сонау бір қиын күндерің еске түседі екен. Кейінгі ұрпақ біле жүрсін деп соның бірін оқырман назарына ұсынып отырмын.

 

Соғыстың екінші жылында менің әкем Әбдуәлі Бәйдібек ауданында мектеп мұғалімі әрі комсомол комитетінің хатшысы болып қызмет еткен екен. Сол жылы әкем анам Ұлжанға үйленіп, отбасын құрғанына үш ай толғанда майдан­ға аттаныпты. Ол кезде мен ана құрсағында қалыппын. Әкем 1943 жылдың қаңтарында анама жазған бір хатында өзінің әзірге аман-сау екенін, жақын күндері ұрыс майданына шығатынын айта келіп, хатын былай деп аяқтапты:

 

«Ұлжан, сәулем, мен түсімде сені көрдім. Аман-есен босанып, ұл туыпсың. Егер осы түсім расқа шықса, атын Бегалы деп қой. Қош, сау болып тұр. Өзіңнің денсаулығыңды күт», – депті. Көп ұзамай, 1943 жылдың 15-наурызында мен дүниеге келіппін де, сүйікті жарының аманатын орындап, анам менің атымды Бегалы деп қойғызыпты.

 

Содан көп ұзамай әкемнің ұрыс даласында ерлікпен қаза болғандығы жөнінде майданнан «қара қағаз» келеді. Міне, сөйтіп анам байғұс 19 жасында жесір қалады.

 

Директор ауылға апарды

 

Ақыры сарғая күткен Жеңіс күні де келіп жетеді. Сол кезде мен 3 жасқа аяқ басқан екенмін. Соғыс біткенімен халқымыздың алдында қыруар жұмыс күтіп тұр еді. Сол қайнаған жұмыстың ортасында жүріп анам Ұлжан Байзақ деген кісіге екінші рет тұрмысқа шығады. Мен нағашыларымның қолында қалыппын. Нағашы апам Күнеш мені бауырына басып, өз баласындай тәрбиелеп өсіріпті. Ол кісінің жары Шылқабай көкем де соғыстан оралмаған екен. Сонымен елдің бәрі мені «Күнештің баласы» десе керек.

 

Апамның менен кіші Шалдарбек деген баласы бар. Мен – аға, ол – іні болып, тел қозыдай бірге өстік. Екеуміздің де тегіміз Шылқабаев болатын. Неге екенін қайдам, мені ауылда бәрі Бегежан деп атайтын. Өзімнің де оған құлағым үйреніп кеткен. Ал өзімнің туған анамды «Ұлжан әпке» дейтін едім. Сөйтіп уақыт зымырап өте берді.

 

Мен осылай шындықты білмей жүре берер ме едім, егер мектепті бітірер жылы күтпеген жерден бір оқиға болмағанда. Мен ол кезде совхоз орталығындағы С.Ерубаев атындағы орта мектептің оныншы сыныбында оқитынмын. Біз, оныншы сыныптың төрт баласы мектеп жанындағы интернатта бір бөлмеде жататынбыз. Оқу жылы да аяқталуға шамалап қалған. Қыстың ызғары кетіп, көктемнің шуақты күндерінің бірі еді. Бір топ бала интернат жанында ойнап жүргенімізде мектеп директоры Бейсеев Әбдіқадір жанымызға келді. Қасында біз танымайтын бөтен бір кісі бар. Басында шляпа, қалаша әдемі киінген, ұзын бойлы, аққұба, қалың қара қасты, қолында папкасы бар көрікті кісі екен. Екеуі бізге бұрылмай, жанымыздан өте берді. Артынша тәрбиеші ағайымыз сыртқа шығып, айналаға көз салды. Сосын бізді көріп:

 

– Әй, Шылқабаев! – деп мені өзіне шақырып алды да: – Жүр, сені директор шақырып жатыр, – деді. Жүрегім зырқ ете қалды. Құдайым-ау, тағы не жазып қалдым? Мен туралы директорға біреу бірдеңе деді ме екен?

 

– Не үшін шақырады? – деп сұрадым тәрбиешіден.

 

– Оны барған соң көрерсің.

 

Мен өзіммен-өзім қуыстанып тәрбиеші көрсеткен бөлмеге кірдім. Директор тәрбиеші үстелінің жанындағы орындықта әлгі кісімен бірге отыр екен. Директор Бейсеев бізге қазақ әдебиетінен сабақ беретін. Мені жақсы танитын еді. Әлгінде топ баланың ішінен мені аңғармаған болуы керек. Енді алдына келгенімде:

 

– Ә, келдің бе, Шылқабаев? Атың кім еді сенің? Айналайын, ұмытып қалыппын, – деді бетіме қарап.

 

– Бегалы, – дедім мен.

 

– Так, Бегалы қарағым, интернатта жатырсың ғой, солай ма?

 

– Иә.

 

– Жағдайың жақсы шығар? Тамақтарың дұрыс па?

 

– Жақсы, ағай.

 

– Так, онда дұрыс болған екен. Ал енді мен саған мына кісіні таныстыра­йын. Бұл – менің орта мектепте бірге оқыған жолдасым. Қазір Шымкент қаласында тұратын облыстық тұтынушылар одағының төрағасы Құндызбай Иманбаев  деген ағаң болады, – деді де, сәл ойланып тұрып: – Шындығына келгенде бұл кісі сенің жақын туысың, – деп қосып қойды.

 

– О, айналайын, жігіт боп қалыпсың ғой өзің! – деп әлгі кісі маған жақындап келді де, маңдайымнан сүйді.

 

– Ағай, бұл кісіні мен танымаймын, – дедім мен.

 

– Оның рас, танымайсың. Өйткені бұл кісіні бұрын-соңды көрмегенсің. Бүгін сені ауылыңа апарып, үлкендердің алдында ағаңмен таныстырайын деп отырмын. Бұған қалай қарайсың? – деді директор. Мен үндемедім.

 

– Жақсы, айналайын, онда дереу дайындал. Машина дайын, – деді ол кісі.

 

Әпке деп жүргенім туған шешем екен

 

Киімімді ауыстырып, сыртқа шықсам, интернат іргесінде су жаңа «ГАЗ-69» машинасы тұр екен. Жүргізушісі орыс білем.

 

Сонымен он шақырымдай жердегі менің туып-өскен ауылым Қаратасқа келдік. Көп ұзамай біздің үйге маған етбауыр жақын адамдардың бәрі жиналды. Амандық-саулық сұрасып болған соң сөзді әлгі бейтаныс қонақ бастады. Өзі майын тамыза шебер сөйлейді екен. Қазақтың өткен-кеткен тарихын қозғай келіп, біздің ата-тегіміздің текті әулеттен екенін, бірақ қылышынан қан тамған кеңестік дәуірде біраз қуғынға ұшырағанын, кейінгі ұрпақтарының өзі саясаттың ықпалымен көзтүрткі болып, оқу-білімнен шеттетілгенін айтты. Әйтсе де өздерінің еті тірілігінен жасырынып жүріп білім алып, қазіргі кезде үлкен жауапты қызметтерді атқарып жүргенін әсерлі етіп жеткізді. Міне, енді ел етек-жеңін жинап, еңсесін көтерген заманда ағайын-туыс, бауырды іздейтін кез келіпті. Бауыры мені сұрастырып жүріп тапқан жері екен бұл.

 

Үнсіз тыңдап отырған мені ой үстіне ой биледі. Әлгі кісінің сөздерінен түсінгенімнен түсінбегенім көп сияқты.

 

– Апа, бұл қалай болғаны сонда? – деп, көзім жасаурай Күнеш апама қарадым мен.

 

– Айналайын, Бекентай, шындығы осылай болды. Бәрі де соғыстың ылаңы ғой. Бұл тағдырға дауа бар ма? Мына «әпке» деп жүргенің – өзіңнің туған анаң Ұлжан, шырағым. Сенен жасырып жүрген сырымыз – осы. Кейін есейген соң өзіміз айтармыз деп жүргенде мына ағаң келіп шындықтың бетін ашты. Бұл кісі сенің әкеңнің туған ағасының баласы. Яғни сенің бауырың екен.

 

Ұлжан әпкем бағаналы бері үнсіз тыңдап отыр еді, сыңсып қоя берді.

 

– Жаным-ау, осылай болар деп ойлаппын ба? Тағдырым солай болды. Қарағым, бөтен жақта қалған жоқсың. Туған нағашыларыңның қолында, өзімнің көз алдымда өстің. Талай рет шындықты айтуға оқталсам да нағашыларыңнан бата алмадым. Солардың көңіліне қарадым. Кей-кейде өзегім өртеніп қала беруші едім, – деп көзінің жасын сүртіп, төмен қарады.

 

Сөзге Байзақ көкем араласты.

 

– Қарағым, жағдайды түсінген боларсың? Міне, жігіт болдың. Енді жалғыз емессің, артыңнан ерген інілерің бар. Бір құрсақтан шыққан Бауыржан, Әлім­жан, Керімжан, Нұрымжан, Сабыржан – бәрі сенің інілерің. Мені бұрын көке деуші едің. Сол көке болып қала берейін. Ал өзіңнің туысқандарыңды тауып, араласамын десең, әне, жол көрсетер Құндызбай ағаң келді. Бұларды да кінәлауға болмайды. Мына үкіметтің қаһарынан қорқып, өздері де бір-бірінен көз жазып қалыпты, – деді.

 

Қалың қара қасты, үлкен өткір көзді, аққұба өңіне қауға сақалы жарасып-ақ тұратын толықша келген осы кісіні «көке» деп жүргенім рас. Ол кісі маған үнемі мейіріммен қарап, «қарағым», «шырағым» дегеннен өзге көңіл қаларлық сөз айт­қан емес еді.

 

Енді қорытынды сөзді Құндызбай ағам айтты.

 

– Бегалы қарағым, сенің осы нағашыларыңның қолында екеніңді сыртыңнан естіп-біліп жүргенбіз. Өзіңді іздеп тауып, туысқандарыңмен табыстырсақ деп жүрген едік. Соның сәті енді келген сияқты. Сенің арғы аталарың дәулетті, көзі қарақты, киелі кісілер болған. Қаншама қуғын-сүргінге ұшыраса да балалары оқып білім алып, бүгінде үлкен-үлкен қызметте істеп жүрген бауырларың бар. Аманшылық болса, бәрімен таныстырамын. Әрине, мына нағашыларыңнан, өзіңнің туған анаңнан ажыратпаймыз. Бәрі де сен үшін ең жақын адамдар ғой. Ал енді сені өсіріп тәрбиелеген, оқытқан осы кісілерге Алланың нұры жаусын! Бәріне туысқандарыңның атынан шексіз алғысымды білдіремін, – деді.

 

Байқаймын, мына келген кісіні мені алып кету үшін келген шығар деп ойлады ма, Күнеш апам аса көңілсіз, жүзі сынық көрінді маған. Дегенмен сабырлы, аса көп сөйлемейтін, орынды жерде ғана сөз айтатын кісі ғой. Көз жасын көрсетпейін дегендей орамалымен бетін басып, теріс айналды. Менің жанашыр бауырымдай болып кеткен Мәделі тәтем де төбесіне жай түскендей болды-ау деймін:

 

– Бекентай, айналайын, соңымнан ерген жалғыз тұяғым менің! Бізді ұмытпа! – деп құшақтап маңдайымнан сүйді. Менің жүрегім қарс айырылғандай болды.

 

– Керегі жоқ, ешқайда бармаймын! – деп орнымнан атып тұрып, жұлқына сыртқа шыға беріп едім, бәрі басу айтып тоқтатты. Өздері шешсін дегендей бағаналы бері сөзге араласпай үнсіз отырған мектеп директоры Бейсеев Әбдіқадір ағай да бір сөз айтуға оқталды. Бір жөтеліп алды да:

 

– Байзақ аға, Мәделі інім, өздеріңізді сырттарыңыздан жақсы білемін. Менің мұнда келуімнің себебі: мына Құндызбай орта мектепте бірге оқыған жолдасым еді. Мына жағдайды естіп, әдейі осында еріп келдім, айып етпеңіздер. Ал балаларыңыз Бегалы интернатта жатып оқиды. Сабағы да, тәртібі де жақсы. Құдай қаласа, енді екі-үш айдан кейін мектеп бітіргелі отыр. Балаға әлі де түсіндіріп айтыңыздар. Ер бала қашан да өз тегін табады емес пе? Меніңше, мұның ешқандай сөкеттігі жоқ. Қайда жүрсе де бала сіздерден безбейді ғой. Ендігі жол көрсетер сіздерсіздер. Лажы болса, ертең аттестат алғанша баланың фамилиясын ауыстырып, аттестатқа өз тегімен жаздырайық, – деді де, орнынан тұрып барып: – Ұлжан апай, Байзақ аға, балаларыңызбен табысқандарыңыз құтты болсын! – деп екеуінің қолын алды. – Ал, Құндызбай, үлкен қуаныш өзіңде, бауырыңды таптың. Ертең екеуміз мұны жақсылап атап өтетін болдық қой, – деп аяғын әзілге айналдырып әкетті.

 

Сонымен келген қонақтар бір шай ішіп болып аттанып кетті.

 

Бірден есейіп кеткендей болдым

 

Осы мәжілістерден кейін менің мінезім күрт өзгеріп сала берді. Тез арада есейіп, ержетіп кеткен сияқтымын. Шытырман ойдың шырмауында қалғандай сезінемін өзімді. Оңаша қалғанда арғы-бергі жайды ой елегінен өткіздім.

 

Ұлжан менің анам болса, онда Байзақ көкем менің өкіл әкем болғаны ғой. Мен руымды Жаныспын деп жүруші едім, ал бұлар Шоқай руынан. Сонда қалай болғаны? Бұдан былай өзімді қай руға жатқызамын? Бағана бір сөзінде Құндызбай ағам: «Сенің әкең Сиқым, Дулаттан тараған», – деп еді. Ендеше, әкем Сиқым болса, мен де Сиқым болғаным да. Апыр-ай, бір күнде қалай боп кетті өзі? Бұрын фамилиям Шылқабаев еді, енді Әбдуәлиев болатын болдым, бұрын руым Жаныс еді, енді Сиқым болдым, бұрын мені Бегежан деуші еді, әлгілер: «Бұдан былай өз атымен Бегалы деп атаңдар», – деп кетті. Бұның бәрін маған бірден қабылдау оңай бола қоймас, сірә!

 

Әлгінде сыртқа шыққан соң қоштасар сәтте Құндызбай ағам мені құшағына алып, былай деп еді. «Бегалы қал­қам, есің бар жігіт сияқтысың, жақсылап ойлан, келешегіңді ойла. Кешегі қан майданда қаза болған әкеңнің орындалмаған арманына сен жетуің керек. Енді мектепті бітіріп аттестатыңды алған соң маған кел. Сен қалайда оқуың керек. Мен сенен көмегімді аямаймын», – деп телефон нөмірін беріп кеткен еді.

 

Қос анамды қимаймын

 

Уақыт шіркін тез-ақ өтіп кетеді екен. Міне, оқу жылы да аяқталды. Біз сегізінші сыныпта 41 бала оқуды бас­тап, мектеп бітірерде іріктеле келе 13 ұл, 1 қыз ғана мемлекеттік емтиханға жіберілдік. (Ол кезде тәртіп өте қатал еді ғой). Сәтін салып, барлық пәндерді «4» пен «5» деген бағамен аяқтап, орта білім туралы аттестат алдым.

 

Енді оқу керек. Бірақ қырсыққанда сол жылдары КПСС Орталық Комитетінің Бас хатшысы Н.Хрушевтің қаулысымен «Орта мектепті бітірген әрбір жас бірден оқуға түспей, өндірісте не ауыл шаруашылығында ең кемі екі жыл жұмыс істеп тәжірибе жинасын» деген қатаң талап қойған болатын. Амал жоқ, мен екі жыл ауылда құрылыста жұмыс істеп, 1962 жылдың жазында барлық құжаттарымды дайындап алған соң енді қалайда оқуым керек деген ойға келдім.

 

Өткен жылы әкемнің Сәндіқыз деген немере қарындасы да мені іздеп келіп, үйге бір күн қонып кеткен еді. Күнімен-түнімен менің қасымда болып, әкемнің туыс­қандары, бауырлары жайында білгендерін құлағыма құйып кеткен еді. Кетерде: «Алдымен маған кел. Құндызбай көкеңе мен өзім ертіп апарамын», – деп адресін жазып беріп кеткен. Бұл ойымды Мәделі тәтеме, Күнеш апама айтып едім, екеуі де «өзің біл» деді де қойды. Көңілдерінде бір қимастық бар сияқты. Қайтсін, кішкентайымнан бауырына басқан менен айырылып қалатындай көреді-ау, шамасы. Әрине, оларды да түсінуге болады.

 

Мен де бірер күн әрі-сәрі күйде жүрдім. Ұлжан әпкеме (анама) бір-екі рет айтуға оқталып тұрып, айтпадым. Ақыры жолға дайындалып, қалаға жүрерде Күнеш апам:

 

– Айналайын Бекентай, үлкен үмітпен жолға шығып барасың. Ендеше, жолың болсын! Қайда жүрсең де аман бол! Бізді ұмытпа, – деп жасаураған жанарын етегінің ұшымен сүртті. Менің де өкпе-жүрегім езіліп кеткендей болды. Апамды құшақтап бетінен сүйіп тұрып:

 

– О не дегеніңіз, апа? Неге ұмытамын? Бұл менің кіндік қаным тамған жер. Балалық, жастық шағым осында өтті. Мұнда құлын-тайдай тебісіп бірге өскен достарым бар. Менің барым да, нарым да сіздерсіздер. Мен қашан да сіздермен біргемін, – дедім.

 

Сол бір сәт ана жүрегінің өртеніп, езіліп тұрғанын сездім. Қайтсін, өзінің ұлы Шалдарбектен ешбір кем көрмей, кішкентайымнан бауырына басқан мен де бір перзенті емес пе едім? Енді, міне, есейіп, ержетіп, алысқа ұшқалы тұрмын.

 

Құсбегі қыран бүркітті балапанынан асырап баулиды. Қанаты қатайып, ұшуға талпынғанда алғаш рет көкке көтеріледі. Сол кезде құсбегінің көңілінде екіұдай пікір қалмай ма? Бірі –құсының алғаш рет көкке көтерілгені үлкен қуаныш болса, екіншісі – құсы қайтып қолына қонар ма екен деген күдікті ой. Міне, менің анамның да көңіл-күйі осы тәріздес болар.

 

Иә, менің екі анам бар. Бірі – қазіргі көкірегі қарс айырылып тұрған Күнеш апам. Мен оның көкейіндегі сөзін айтқызбай-ақ біліп тұрмын. «Шырағым, мен сені шамамның келгенінше тәрбиеледім. Енді өсіп, ержеттің, ана жүрегін түсінуің керек» дейтін болар. Екіншісі – Ұлжан әпкем. «Әпке» деймін-ау тағы. Ол менің анам ғой. Тоғыз ай көтеріп, дүниеге әкелген тұңғыш перзентін өмір бойы «балам» деп айта алмай, бауырына баса алмай кеткен ана жүрегін немен салыстыруға болады? Мені көрген сайын ет жүрегі елжіреп, асты-үстіме түсіп бәйек болатынын сезбейді емес, сезінетінмін. Ана мен бала арасындағы осы бір ұлы сезімді Құдайым білдіріп тұрса да біз сол кезде бір-бірімізге ашып айта алмап едік. Ой, қатал тағдыр-ай десейші! Кімді кінәларсың?

 

Соғыс! Иә, соғыстың лаңы ғой бұл. Қойшы, несіне қамығамын? Осылай әркімнің көңіліне қаратып, жәу­теңдетіп қойған тағдырға амалың бар ма? Жалғыз мен бе екенмін? Мен сияқты қаншама бала жетімдіктің тақсіретін тартты ғой.

 

Апамның қасында тұра беруге дәтім шыдамады. Тұра берсем өзімнің де езіліп кететін түрім бар. Апаммен қоштасып, жолға шықтым. Бұл жол – өмір жолы. Болашағымның бастауы шығар, сірә.

 

Бегалы Әбдуәліұлы ИМАНӘЛІ,

Білім беру ісінің үздігі, Бәйдібек ауданының Құрметті азаматы.

Бегалы Иманәлінің байланыс телефондары: 8-701-348-35-32, 8-747-473-05-30.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ