Американдықтар туысын жоқтап еңіреген қазақтармен қоса жылады

19.02.2020
Қаралды: 844

Қытайдағы жазықсыз қандастарымызды қорғап, оларға араша болып жүрген Серікжан Біләшұлының «ұлт араздығын қоздырды, жиһад­қа шақырды» деген күдік тағылып, «үй қамағында» бес ай отырғаны белгілі. Бүгінде ол «Нағыз Атажұрт» болып қайта құрылған ұйымның қатарына қосылған. Таяуда бізге ол кісімен сұхбаттас болудың сәті түсті.

 

– «Туысымызды жазықсыз  15-20 жылға қамап отыр, оларды құтқарар басқа жол бар ма?» деп амалы таусылған туысын жоқтаушыларға не айтар едіңіз? Олар Қазақстанның құзырлы орындарына жолданған хаттарына еш жауап келмей отырғанын айтады.

 

– Бұл орайда алдымен Қазақстанның құзырлы мекемелеріне арыздануы керек. Нәтижесін күтіп, содан соң халық­аралық ұйымдарға шағым жасауға болады. Әйтсе де біздің  жұмыстарымыздың арқасында көптеген жандар бостандыққа шыққанына ел куә. Біз туысын жоқтаушыларға мекемемізге келіп арызын жазуына көмектесеміз. Ең бірінші Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа, екінші Парламентке, сосын «Нұр Отан» партиясына, содан соң Сыртқы істер министріне, Ұлттық Қауіпсіздік Комитетіне жазамыз. БҰҰ-ға, халықаралық ұйымдар­ға қалай жазуды үйретеміз. Ал хатты арызда­нушылар өздері жолдайды. Қы­тай­дағы туыстары зардап шегіп жүрген халықтың арыздарындағы фактіні әлемдік қауымдастыққа жеткіземіз. Бәрі де заңды әрі бейбіт жолмен шешілуін қадағалаймыз. Мұнда келіп арызданушыларға ереуілге шықпау керегін түсіндіреміз және Қазақстанда жүрген Қытай азаматтарына кектену амалдарына бармаңдар деп сабырға шақырып отырмыз. Себебі ызалы халық кездейсоқ жәйттерге ұрынып жүруі мүмкін. Ал еліміздің Ата заңында бір адамдық пикеттерге шығуға рұқсат берілген.

 

– Егер саяси үйрену лагеріндегі қазақтар Қытай азаматтығында болса ше?

 

– Қазақстан азаматтығын алған қазақтар Қытайдағы туыстарына қысым жасалып жатқанын құзырлы орындарға ашып айтуы керек. Себебі ол жақта қы­сым көріп жатқан Қытай қазақтарының басындағы ащы шындықты біздің билік­тегі құзырлы органдар білуге тиісті. Қытай азаматындағы қазақтардың арызын біздің биліктегілер де тыңдауы керек.

 

Бұл жерде айта кетерлігі, бұрын сол жақтағы үй-жайы сатылмай қалғандар немесе зейнетақы мәселесімен шаруасы бітпей, қайта-қайта Қытайға барып жүрген кейбір зейнеткерлердің өздері де «Қазақстанға барып келдің» деген желеу­мен саяси үйрену лагеріне түскен. Олардың ішінде әсіресе намаз оқитындары, бұрын медреселерде тәлім алғандар, мешіт имамдары ең көп жылды арқалап кетіп жатыр. Ал кезінде мешіт пен медресе салуға Қытай үкіметі өзі қаржы бөліп, өзі рұқсат еткен болатын.

 

Біз Қытай азаматтығындағы қазақ бауырларды қорғауға құқылымыз. Мәселен, Қазақстанға келіп, азаматтығын алғанымен олардың сонда әлі келе алмай жүрген баласы түрмеге түсіп қалса ше? Оған ата-анасы неге көмек қолын созбасқа? Үйінің сатылғанын білуге барған күйеуі немесе әйелі саяси үйрену лаге­ріне түсіп, ары қарай әртүрлі сылтаулармен көп жылдарға қамалып кеткен болса ше? Қазақтың көптеген отбасылары осының бәрінен зардап шегіп отырса, біз  қалайша үндемей отыра бермек­піз? Мұның бәрі халықаралық нормаларға сай емес.

 

– Қабырғадағы мына суреттегі жандардың іздеушілерінің туыстары қай елде тұрады?

 

– Бұл суреттегілердің туыстарының бәрі осы Қазақстан азаматтығын алғандар. Олар Қытай лагеріне түскен туыстарының суретімен қоса арыздарын да бізге тапсырған.

 

Мысалы, Оралбайлар отбасын зиялы әулет десек болады. Ділшат Оралбай – Қытайдағы атақты жазушы, аудармашы, тележурналист. Оның оншақты кітабы шыққан. Бақтыгүл Оралбай – Діл­шаттың туған қарындасы, Іле-Қазақ автономиялы облысындағы «Күйтің» газе­тінің тілшісі болған. Бақтыгүлді және ағасын әрқайсысын 20 жылға қамауға алды. Тағы бір ағасы банктен пенсияға шыққан кісі болған. Ол да қамауда. Ал Бағила Оралбай деген кіші қызы өзінің бизнесімен жүргеніне қарамай оны да біраз жылға кесті. Сөйтіп бір әулеттен төрт адам сотталып кете барды.

 

Мынау қабырғаны біз «Қасірет қабыр­ғасы» деп атаймыз. Біз солайша, Қытай еліндегі қазақтарға жасалған қысымды, ащы шындықты, қасіретті осында келген адамдар көрсін деген оймен қабыр­ғаға аты-жөнімен қоса жапсырып қойдық. Мұндағы Ертай Солтанбек деген – Қы­тай­да атақты ақын кісі болған. Оның Ел­басымызға арнаған поэмасы бар. Бұл поэма «Қазақ әдебиеті» газетіне шыққан. Еліміздің Тұңғыш Президентіне арнал­ған поэма үшін Елбасы Ертай Солтан­бек­ке сыйлық береді. Мұнан соң Іле-Қазақ автономиялық облысының құзы­рын­дағы «Іле» газетіне қытай тіліндегі нұс­қасы жарияланады. Сөйтіп бұл поэ­ма Қытай билігінің назарын өзіне аударып, Қытайдың үкіметі мен партиясы «екі елдің достығына үлес қосушы болдың» деген мақтау қағаздарын Ертай Солтанбекке ұсынған болатын. Осылайша екі ел достығына үлесін қосқан ақынның жа­зығы не? Ертай ақын өзінің қаламгер­лер клубындағы 30 шақты қаламгер­лері­мен бірге біраз жылға қамауға алынды.

 

– Олар әдебиетшілер емес пе? Неліктен жауапқа тартылады?

 

– Бұл қаламгерлерге бар болғаны  шетелдермен байланыста болғансыңдар деген айыптар тағылған. Шығармашылық, өнер иелері екендігіне қарамай түрлі айыптар тағылып жүргені рас.

 

Қабырғада Дина Игембердінің суреті тұр. Бұл қыз бүкіл Қытай еліне танымал суретші болатын. Қытайдағы көркемөнер институтын бітірген жоғары білімді қыз да түрмеде жынданып кеткен соң Талдықорғандағы туыстары бізге 2019-жыл­ғы 2-қаңтар күні арызданды. 3-қаңтарда Американың ақпаратына жарияладық. Содан соң, қаңтардың ортасында бұл қызды түрмеден шығарды. Бірақ әлі күнге дейін Қытайдағы «үйқамақта» отыр.

 

Міне, осындай жағдайлардан соң дені қазақтың қаны қайнамай ма? Мұның бәрі асқынып, Қазақстанның ішкі тұрақты жағдайына әсерін тигізбей ме?

 

Байқаған болсаңыздар, біздің ұйымды жапқысы келіп, түрлі жала жауып жүрген қытайшыл топтар көп. Әлдебір күш­­терге сенетін бұл қытайшыл топтардың «Фейсбук» парақшаларындағы пікір­лерінде бізді қаралайтындай бірде-бір нақты дәлелі жоқ. Түрлі фейктермен шы­ғып отырғандардың саны баршылық. Олар­дың ішінде Қазақстанға белгілі зия­лылары да бар, нақты дәлелдері болмағандықтан мені соттай алған жоқ.

 

«Нағыз Атажұрт» еріктілері әлі де өз жұмыстарын жалғастырып келеді. Осы күнге дейін әлемдік ақпарат құралдарына Қытайдағы лагерьлерде тұтқындарды азаптау жөніндегі 90 пайыз ақпаратты біздің ұйым берген. Біздің жанкешті жұ­мысымыз туралы қытайлық саясаткер Гуо Уынгуй өз ақиқатын айтқан болатын.

 

Гуоның өзі миллиардер, демократ, диссидент екендігін айта кетейін. Оның арнайы «Guo Medіa» деген медиасы бар. Гуо кезінде Қытайдың магнаты болған. Бұл күнде елінен қашып, АҚШ-ты паналап отыр. Трамптың миллиардерлер клубының мүшесі. «Шыңжаңдағы ұйғырлардың концлагері туралы шындықты ұйғырлар не тибеттер ашқан жоқ. Шетелдік демократ қытайлар да аша алған жоқ. Мұндағы шындықты дүние жүзіне паш ет­кен – қазақстандықтар», – деп ақиқа­тын айтқан кісі.

 

Қазақстанда Қытайдың ірі ұлттық компаниялары бар. Си Цзиньпиннің былтырғы бұйрығында Қазақстандағы қытай компанияларында Қытай Компартиясының «ячейкасы» құрылады деп айтыл­ған. Қытайдағы орталық  саяси бюроға қарайтын «Единый фронт» дейтін мекеме бар. Мұның жылдық бюджеті он миллиард долларды құрайды. Олардың негізгі мақсаты шетелдегі «Қытай жұмсақ күштерін» қаржыландыру болып табылады. Атақты Конфуций институттарын құру немесе екі елдің делегацияларының достық сапарын ұйымдастыру осы орталықтың қаржысымен іске асып жатады.

 

2019 жылдың желтоқсанында қазақстандық бірқатар әлеуметтік желі белсен­ділері мен атақты журналистерінің Қы­тай­ға сапарлап қайтқаны бар. Әрине, Қытайда оларды қонақ ретінде күтіп, қонақ ретінде шығарып салады. Ал бұларды ол жаққа кімдер апарып жүр?

 

«Қонақтар» Қытай қалаларында саяхаттап, ондағы сағатына 300 шақырым жылдамдықпен жүретін пойызына мініп, түрлі селфилер жасап, дамыған технологияларды өз көзімен көргенге мәз болып, «Қытай қандай керемет еді!» деп келді. Әрине, мұндайларға Қытайға баратын тегін турлар көрген түспен бірдей ғой. Расында мұндай журналистер, блогерлер біздің елімізде не көріпті? Ақшамен оқуын бітіріп, тамыр-таныспен жұ­мыс­қа тұрған шала сауат, жабық көкірек, қуыс кеуде оларға ұлтыңның керегі не?! Бұлардың ішінде веб-сайтта істейтіндері, ресми түрде телеканалда істейтіндері де бар, немесе ешқайда істемей, өзінің басындағы «мұң-қайғыны» әлеуметтік же­лілерге үйіп-төгіп жазып жүретіндерді сол Қытайдың «жұмсақ күштері» жиып-теріп алып, Қытайға саяхаттауға апарып жүр. Қытайда серуендеп қайтқан олардың әлеу­меттік желілерде «Қытай дегенің жәннат екен!» деп жазғанынан көзің сүрініп, миың жаңылысады. Қайсы бір сорлысы бар­ған қонақүйіндегі аппақ төсек жамылғыларына дейін көрсетіп қойыпты. «Жамылғысы аппақ, қырлары оқтай, өзін күн­де ауыстырып тұрады» деп Қытай қонақ­үйінің қызметі туралы сіле­кейі шұбырып екі бет жазыпты.

 

Бір әйел Қытайдың саунасына бар­ған екен. Сондағы өзінің постында Қытай саунасындағы астаушасының қайнаған буына түсіп отырғанына мақтанып сурет жариялапты. Бір аяғын жоғарыға асып қойған, жасы елулер шамасындағы қазақ әйеліне бұл қылық жарасады ма?

 

Бұл Қытай «жұмсақ күштерінің» біз­дегі­лерді бейресми түрде серуенге апаруы еді. Ал оңтүстік Қытайдағы Хайнань қаласына дейін тегін барып келе­тіндей олар өз халқына не жақсылық жасап қойыпты?

 

Осындай саяхаттан жаны жай тап­қан қазақтар Қытайды мақтамағанда қайтсін? Осыдан келіп мұндайларды «Атажұрт» еріктілерін арандатушы демей не дейсің?! Ал мен мұндайларды Қазақстанның есек мінген  блогерлері деп атаймын!

 

Ал енді өткен жылы қытайлар дүние жүзінің бірталай журналистерін өздерін­дегі саяси үйрету орталығына ресми түрде шақырды. Қазақстан, Үндістан, Пәк­стан, басқа да мемлекеттерден тілші­лер барып қайтты. Сонда үндіс­тан­дық журналистің лагерьдегі қазақпен болған әңгімесі былай еді:

 

«Сіздің мұнда отырғаныңызға қанша уақыт болды? «Екі жыл». «Балаларыңыз бар ма?» «Бар...» «Неше жаста?» «5 жаста» «Оны көрмегеніңізге қанша уақыт бол­ды?» «Екі жыл». «Мұнда өз еркіңізбен отырсыз ба?» «Иә», – деп жауап беріпті әлгі қазақ.

 

Екі жылдан бері саяси үйрету лаге­рінде баласын да көрмей, өз еркімен отыра ма адам? Әрине, олар барған тілшілерді, саясаткерлерді осы үйрету лагерінен ғана қайтарады. Ал бізден барған тілші сол лагерьде қырғыздарды көргенін, олармен қазақша сөйлескенін, оған бәрі таңқалғанын жазыпты.

 

– Дін өкілдері бұл іске аралас­ты ма?

 

– Бізде дін өкілдері де атсалысқан жоқ. Қазіргі төраға Бекзат Мақсотхан бірде Нұр-Сұлтан қаласындағы мешіт­тер­дегі имамдардан Қытай қазақтарына Алладан дұға тілеңіздер дегенде олар біз саясатқа араласпаймыз деген жауап қатты. Тек іштерінде Әбдіғаппар Сманов деген молда ғана дұға жасап жүрді.

 

«Атажұрттың» белсенді мүшесі Тілек Ниязбеков деген жігіттің кіші атасы былтыр жаназасыз қайтқан. Сондықтан біз молдалардан ғайып жаназа өткізуді сұрадық. Олар бұған «ғайып жаназа» деген жоқ деп қарсы болды. Бірақ ғайып жаназа деген дәстүрімізде бар. Мұны қазақстандық молдалар білмегендіктен бұрын Қытайда тұрған, имам болмаса да діни сауаты бар кісілерге айтып, олар Қытайдағы лагерьде із-түзсіз кетіп, марқұм бол­ғандарға осы ғайып жаназасын өткізіп келеді. Басқа амал жоқ.

 

– Батыс елінен келген журналис­тердің Қытай лагері туралы пікірлері қандай?

 

– Американдық тілшілер бізге келіп сұхбат алып кеткен болатын. Батыстан кейде бір күнде 5 – 8 тілшілер келген кезі болған. Сонда америкалық тілші «Нағыз Атажұрт» кеңсесіне келіп, арызданған қазақтармен кездесіп, олардың мұң-зарын тыңдағаны бар. Туысын, әке-шешесін немесе, баласын, қызын жоқтап жылаған, еңіреген қазақтарды көріп, олар да қосыла жылаған. Бұл журналис­тер еліне барғасын психологтарға барып, арнайы ем қабылдағанын өздері телефон шалып  айтқан болатын. Себебі олар жоғын іздеген қазақтардың зарын көріп, психологиялық тұрғыдан шок бол­ған еді. Ал бізде, жоғарыда айтқанымдай, бәрі керісінше болып жатыр. Осыдан соң өз-өзіңе өкпелемей қайтесің?

 

– Иә, Алла оларға жар болсын дегеннен басқа не айтамыз? Ал сізге әңгімеңіз үшін  алғысымызды білдіреміз.

 

Шара ҚҰРБАНОВА.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ