Әкіммен кездесуді армандап жүр

24.08.2016
Қаралды: 1667

«Замана» газетінің өткен нөмірлерінің бірінде «Қызылқұм жақта шу көп, бірақ су жоқ екен» деген тақырыпта мақала жарық көрген болатын. 

Онда Шардара ауданына қарасты Қызылқұм ауылының тұр­ғыны Қанат Бега­лиевтің ауылды суландыру жөніндегі ұсынысы әкімдер тарапынан қолдау таппай жүргені туралы айтылған. Кешегі аптада Қ.Бегалиев редакцияға қайта хабарласып, былай деді:

«Мақала шыққан соң мені аудан әкімі Арман Абдуллаев шақырды. Әкім өткен жолы кездесуде бір миллион теңге туралы айтпағанымды алға тартты. Мен ол туралы бұрынғы әкімге де, өзінің орынбасарлары мен бөлім басшыларына да талай ескерткенімді айттым. Содан соң әкім орынбасарларын шақыртып: «Халықтың қарғысына қалмайық, ауылға барып, барлық тұрғындардың қатысуымен жиналыс жасаңдар. Нәтижесін маған айтасыңдар», – деген болатын. Көп ұзамай ауылға әкімдіктің адамдары келді. Олар шаруалардың емес, мұғалімдердің, медицина қызметкерлерінің, ауылдағы әкімдер келсе қоштай кететін бір-екі адамдардың қатысуымен жиналыс өткізді. Сол жерде «6-р-1» каналынан арық тартылса, мақтаға зияны тимейді деп жиырма шақты шаруа қожалық иесі қол қойғызған хатты көрсетті. Ол жұмыстың қашан бітетінін ешкім білмейді. Биылға қаржы қарастырылмаған, келесі жылы не болатынына да кепілдік беретін адам жоқ. Арықты тарту үшін қазынадан ондаған миллион теңге қаржы керек. Бұрынғы әкімнің кезінде 2,5 миллион теңге бөлінді деп естідік. Бірақ атқарылған жұмыс та, ауылға келген су да жоқ қой. Ал қаржы игерілмей жатыр ма, әлде жұмсалып кетті ме, ол жағы бізге айтылмайды.

Мен ол миллиондарды мүгедектер мен жетім-жесірлерге бөліп беріңдер деп ауылдың екінші жағынан өтіп жатқан «6-р-2» каналынан арық тартуды ұсындым. Арықты лотоксыз де тартуға болады. Егер лоток керек болса, қажетті 40 лотокты Шымкенттен 40 мың теңгеге сатып алуға болады. Ең бастысы, ауылдың бұл шетінде 200 гектар жер бос жатыр, оның 100 гектары су болмағандықтан мүлде игерусіз қалған.

Ауданнан келгендер менің пікірімді тыңдағысы келмеді. Олардың жиырма шаруа қожалығының иесі қол қойды дегенінің өзі күмәнді. Қазірге дейін ауылдағы 5 мың гектар жердің барлығы лотоксыз арықпен суғарылуда. Бір миллион теңге несие беріңдер, мен арықты жерді қазып тартамын десем, әкімдіктен келгендер ол жұмыстарды он миллион теңгеден артық қаржымен атқарғанды дұрыс көруде. Әлде қаражат көп жұмсалса біреулердің алатыны да көбейе ме? Маған осы жағы түсініксіздеу болып тұр. Президент қаржыны үнемде дейді. Ал бұлар бір теңгемен бітетін жұмысқа он теңге жұмсағысы келеді. Сонда Елбасының тапсырмасы қайда қалды?»

Осыны айтқан Қ.Бегалиев аудан әкімінің тапсырмасы орындалмай, бұрмаланып кеткеніне қапалы екенін жасырмады. Егер нәтиже шығатын болса, Арман Абдуллаевқа қайта кіріп, су мәселесіне қатысты жиналысқа өзіңіз қатысыңыз деген ұсыныс айтпақшы екен.

Ұ. ҮМБЕТ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ