Қолға түскен қарақшыларды қолхатпен қоя бергені қалай?

18.02.2020
Қаралды: 276

Таяуда Түркістан облысындағы Отырар ауданының орталығы – Шәуілдір ауылы тұрғынының үйіне қарақшылық шабуыл жасалған еді.

 

Түн ішінде ұрлыққа түскен тонаушылар үй иесі мен оның әйелін байлап-матап, біраз заттарын тартып алып кеткен болатын.

 

Біз кешегі аптада ұрылардың қарақшылық шабуылына ұшыраған үй иесі – Шәуілдірдегі аурухананың реаниматолог-хирургі, жансақтау бөлімінің меңгерушісі Файзулла Шырынбаевпен  хабарластық. Ол аталған оқиғаның барысы туралы былай деп айтып берді:

 

«Оқиға 3-ақпанда, түнгі сағат 3-тен ас­қан шамада болды. Үш ұлымыз студент, басқа қалаларда оқып жүр. Үйде әйелім Гүлбану екеуміз ғанамыз. Түнде сықырлаған дыбыстан оянып кеткен едім, бірақ мысық жүрген шығар деп ойладым. Орнымнан тұрып үлгергенім жоқ, пластик терезені бұзып кіргендер қолдарындағы фонаригімен бетіме жарық түсіріп, бірден бас салды. Қарсылық көрсетуге үлгермедім әрі әйе­лімнің жайын ойлап, жағдайды ушықтырмайын деп шештім. Олар екеумізді байлап, әйелдің аузын да скотчтап тастады. Бетперде киген, қолдарында пышақ, ақша, алтындар беруді талап етті. «Сендер қателесіп келіп тұрсыңдар, – дедім оларға  барынша сабырлы сөйлеуге тырысып. – Бізде артық дүние жоқ. Айлық жалақыға күн көріп отырған жандармыз, екеуміздің де «кредитіміз» бар». Бірақ әлгілер оған сенбеді, пышақтап кетеміз деп қорқытты. Сосын бір жарты сағаттай уақытта үйдің астын-үстіне келтіріп, алатын зат, ақша іздеді. Аларын алды да, тайып тұрды. Әйелімнің қолы бостау байланған екен, ол босанып алды да, мені байлаудан босатты.

 

Әйел екеуміз біраз уақыттан кейін өзімізге әрең келдік. Барып қарасам, олар сейфтегі екі аңшы мылтығын да ала кетіпті. «Полицияға хабарлайтын болсаңдар, өлтіреміз!» – деп кеткен. Бірақ мен дереу «102»-ге телефон шалдым, полицейлер 5 минуттың ішінде жетіп келді. Аудандық полиция бөлімінің бас­тығы, криминалистер, облыстық полиция департаментінің бастығы Қайрат Дәлбеков, аудан прокуроры мен оның орынбасары келді, полицейлер түнгі сағат 4-тен күндізгі 12-ге дейін жұмыс жүргізді.

 

Әлгілерді сол күні Шымкенттен ұстады. Олар қылмысын мойындады, олардан айғақ заттар алынды. Ең үлкені 1989 жылғы, таксист екен. Үшеуі Жетісайдың тұрғындары, біреуі біздің ауылдың 1995 жылғы азаматы болып шықты. Ең жасы – 2001 жылғы бозбала», – дейді Ф.Шырынбаев.

 

Ол кісі бүгінде аудандық соттың ұстал­ғандарға қатысты шығарған шешіміне наразы болып жүр екен.

 

«Себебі аудандық сот әлгілерді ешқайда кетпеу туралы қолхат алып босатыпты. Қарақшылық шабуыл жасағандарды еркіндікке жібергенімен келіспеймін. Өздері бар немесе сыбайластары болып, бізге қатер төндірсе не болады? Қазір әйелім бірдеңе сықырласа да қорқатын болды, соны аяймын. Өзімді қойшы, 25 жылғы жұмыста талай өлімді көр­дік қой.

 

Сотқа оның қалай десем, бір баптарды алдыма тартады, «олардың да құқы бар ғой» дейді, «24 сағаттың ішінде маған өткізуі керек еді» дейді, әйтеуір сылтауы көп. Ал қандай да бір оқыс жағдай орын ала қалса, ол үшін кім жауап береді? Мен оның әрекетіне түк те түсіне алар емеспін», – дейді ол.

 

Иә, расында да Отырар аудандық сотының үйге қарақшылық шабуыл жасап, үй иелерін қорқытқан төрт адамды қолхатпен еркіндікке жіберуі түсініксіз болып тұр. Жәбірленуші айтқандай, олар қандай да бір оқыс қадамға барып, Шырынбаевтар отбасына қауіп төндірер болса, ол үшін кім жа­уапты болады?

 

Н. ӘБДІ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ