Тікұшақты құтқарып қалғаны үшін «Қызыл Жұлдыз» ордені берілді

18.02.2020
Қаралды: 244

Биыл Ауғанстан жерінен Кеңес әскерлерінің шығарылғанына отыз бір жыл толып отыр. Бүгінде айтуға оңай болғанымен сол жылдардың жаңғырығы әлі сейіле қойған жоқ.

 

18-20 жастағы тепсе темір үзетін жігіттер Отан алдындағы интернационалдық борышын атқару ке­зінде мезгілсіз шейіт болып кете барды. Олардың артында ата-аналары, бауырлары, туған-туысқандары қайғыдан қан жұтып қала берді.

 

 

Ал ажал оғы себелеген ол жерден аман-есен елге оралғандар үшін Ауғанстан тақырыбы мәңгілік жазылмас жан жарасына айналды. Осы қанды қырғында бір ғана Түлкібас ауданынан 8 жауынгер майдан даласында ерлікпен қаза тапты.

 

Сондай қасіретті жағдайда оқ пен оттың ортасында болып, елге аман-есен оралған Ауған соғысы қаһармандарының бірі Түлкібас ауданы, Мақталы ауылының тумасы Бақтыбек Әбдіманапұлы Қалдыкөзов болатын.

 

1968 жылы көпбалалы отбасыда дүниеге келген оның балалық шағы, жастық кезеңі қарапайым ауылда өтті. Жастайынан спортпен айналысқан Бақтыбек А.Байтұрсынов атындағы орта мектепті бітірген соң бір жылдай Киров атындағы колхозда түрлі жұмыстарды атқарып жүрді. 1986 жылы әскер қатарына шақырылып, азаматтық борышын Өзбекстандағы Шыршық қаласында атқарды. Мұнда барлаушы-байланысшылар даярлайтын арнайы оқу орнында жарты жыл оқыған соң 1987 жылы сәуір айында әскери қызметін одан әрі жалғастыру үшін Ауған жеріне аттанды. Бақтыбек Кабул қаласына жақын орналас­қан мотоатқыштар полкына жіберілді. Қызметін барлаушылықтан бастаған жерлесіміз өзінің ширақтығының, белсенділігінің арқасында бөлім командирі, төрт айдан соң взвод командирінің орынбасары болып бекітіледі.

 

Барлаушы-байланысшының бас­ты міндеті – жаудың қоныстанған жерін жан-жақты зерттеп, анықтау. Бақайшығына дейін мұздай қаруланған дұшпан қай жерде көбірек шоғырланған, тау-тастың қай қуы­сын паналап отыр?

 

Аз ғана топпен жау орналасқан жерді анықтау үшін Бақытбектің қарамағындағы жауынгерлер арттан қосымша күш келгенше барлау жұмыстарын жалғастыра берді. Міне, осындай қиын-қыстау, өмір мен өлім беттескен сәтте Мақталы ауылының ержүрек ұланы жиырма бес мәрте жаумен кескілескен шайқасты бастан өткерді. Осы ұрыстарда ол көптеген жаны жайсаң достарынан айырылды. Бақтыбек ондай кезде шымболаттай беки түсіп, мезгілсіз шейіт болып кеткен достары үшін жаудан кек алам деп өзіне ант беріп, жігерін жани түсті.  Көптеген ұрыс қимылдарында батылдығымен ерекше көзге түскен ол «Қызыл Жұлдыз» орденімен, «Ерлігі үшін» медалімен және басқа да жауынгерлік төсбелгілермен марапатталды.

 

Көп жауынгерлер мен офи­церлердің қолы жете бермейтін «Қызыл Жұлдыз» орденін Бақтыбек Кеңес жауынгерлеріне азық-түлік әкеле жатқан, ішінде біраз жауынгерлер болған тікұшақты атқылаған дұшпандардың көзін жойғаны үшін алған болатын. Тау қуысына сұғына орналасқан дұшпандардың қар­ша боратқан оғынан тікұшақ тү­тіндеп, жана бастағанда Бақтыбек бастаған барлаушы топ жауға тұтқиылдан шабуыл жасаған еді. Оның нәтижесінде дұшпан кейін шегініп, ішінде жауынгерлер бол­ған тікұшақ әзер дегенде жерге аман-есен, ешқандай шығынға ұшырамай қонған болатын. Егер барлаушылар дер кезінде көмекке келмегенде тікұшақтың аман қалуы екіталай еді.

 

Ал «Ерлігі үшін» медалі жауға қарсы ұрысты ұтымды жүргізіп, Хост аумағын дұшпаннан азат етудегі батылдығы үшін берілген еді.

 

1989 жылы Бақтыбек Әбді­манапұлы Отан алдындағы азаматтық борышын аяқтап, елге оралды. Осы орайда Бақтыбектей өжет командирдің болмауы, тәжірибелі әскери қызметкердің тапшылығы себепті 1988 жылы күзде елге қайтуы тиіс ол қосымша тағы бес айдай Ауған жерінде қан майданда соғысты.

 

Ауылға аман-есен, үлкен абыроймен оралған, омырауында жауын­герлік орден-медальдары жарқыраған Бақтыбек елде біраз болып, сағынышын басқан соң Шымкенттегі Қазақ химия-технология институтының құрылыс фа­культетіне, кейінірек педагогикалық институтқа түсіп, екі бірдей жоғары білім алып шығады. Одан әрі біраз жылдар жеке кәсіппен айналысқан.

 

Ауған соғысының ардагері 1995 жылдан бері Шымкенттегі мұнай өңдеу зауытында еңбек етіп келеді. Бүгінде ол төрт перзенттің әкесі. Облыстық, қалалық Ауған соғысы ардагерлері кеңесінің белді мүшесі. Есімі облыс көлеміне белгілі азамат. Ол туған жері – Мақталы ауылының мақтанышы.

 

Орынтай КӨМЕКОВ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Түлкібас ауданы. Түркістан облысы.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ