Араб елінде жүрген Арманның айтқан сөзі

18.02.2020
Қаралды: 509

Ел арасында «Дикий Арман» деген атпен танылған  Арман Жұмагелдиев қазақ-дүнген қақтығысына қатысты желіде өз ойын айтты. (Бүгінде ол Стамбулда тұратын көрінеді).

 

Өзінің видеодағы мәлімдемесінде Арман бұл оқиғадан хабардар екенін алға тартып, өзге ұлтты қазақ жұртына сыйластық танытуға шақырды. Ол былай дейді:

 

«Қазақ елім, қазақ жерім, қазақстандықтардың бәріне сәлем! Мен қазір Медина қаласындамын. Алланың қа­лауымен құлшылыққа Умраға келгенмін. Сол Қордайдағы жағдайға байланысты көп нәрсе айтылды, көп нәрсе істелді, көп нәрсе болды. Маған «Инстаграм» парақшама да жазды, видеолар да жі­берілді. Көп нәрсені қарадым. Мен ең бірінші кезекте бұл дүнгендердің, олардың ақсақалдарының жастарға түсін­дірген дұрыс емес саясаты деп айтар едім. Олар өз жастарына қазақтардың тұрғылықты халық екенін, оларға деген құрметтің болуы тиістігін түсіндіруі керек еді.

 

Сонымен қатар, өз халқыма, өз жер­лестеріме де бір нәрсе айтқым келеді. Иә, бәрінің жиналғаны дұрыс, қазақ үшін жанын беретін патриоттардың болғаны да қуантады. Бірақ біз бірінші кезекте әділеттілік тұрғысынан қарауымыз керек. Егер 10-15 адам ақсақалды ұрған болса, сол 10-15 адамды дәл  солай «сындыру» керек еді, тіпті қайталанбас үшін одан да зорын жасау керек еді. Кез келген ұлтта жаман да, жақсы да адам болады. Қазақта да, дүнгенде де педофилдер, оларда да, бізде де алқаштар бар. Бірақ бұл жағдайда көптеген кінәсіз адамдар жапа шекті. Олардың арасында қақтығысқа ешқандай қатысы жоқ, Қазақстанда тұрып жатқан, қазақтармен құда-жекжат болып кеткендер де бар. Олардың үйі мен мүлкі зақымдалды. Бұл – қытайлықтардікіндей зұлымдық.

 

Қытайлар неліктен ұйғырлар мен қазақтарды қорлап жатыр? Себебі олар «біз – қытаймыз, біз басқарамыз» деп өз білгендерін істеп жатыр. Біз ондай ұлт емеспіз. Себебі мұсылманбыз. Алланың атымен айтайын, мен өз хал­қымды, Қазақстанды жақсы көремін. Бірақ мен бірінші кезекте мұсылманмын.

 

Екіншіден, Қордайда қазақтардың арасында ауылды ұстайтын, келіп, мә­селені әділетті түрде шеше алатын мықты батырлар жоқ. Сол үшін адуынды жігіттерді темір торға тоғытпасын деп билікке айтқым келеді. Себебі көшеде шешетін де мәселе бар, заңмен шешетін де мәселе бар».

 

Осылай деген ол елге әзір келе алмайтынын, шетте жүрсе де Қазақстан үшін жаны ауыратынын айтады.   

 

«Мен өз халқымды зұлымдық жасамауға, елдің шынайы патриоты болуға шақырамын. Иә, сырттан жау келгенде мықты халық екендеріңді, Қазақстанды жақсы көретіндеріңді көрсетіңдер. Бірақ күш жеткенді ұрып-соғып, өлтіріп, білгенін істеу дұрыс емес. Мен оған қарсымын.

 

Ал ғаламторда әр нәрсені бір жазып, соңында бәрінен шет қалатын арандатушылар, интернет батырлары, сендер осындай іріткі салуға Құдайдан қорқыңдар!

 

Өзіме келер болсақ, мен қазір Қазақстанға кіре алмаймын. Мені Қазақстанға кіргізбейтін себептер бар. Мен Қазақстан үшін жанкүйермін. Бұл – менің жерім, менің Отаным. Өзім де талай нәрсені бастан өткердім. Түрмелер мен лагерьлерде отырдым. Қаншама зұлымдарды көрдім. Бірақ мен өз еліме ренжіген жоқпын ғой. Басқа ұлттың адамдары жасамайтын иттікті жасаған талай қазақты көр­дім. Бірақ мен қазақты жау көрген жоқпын. Біз әділетті қарайтын ұлт екенімізді, көпұлтты мемлекетте ауызбіршілікте өмір сүріп жатқанымызды көрсетуіміз, бәріміз бірге болуымыз керек.

 

Қазақстанның барлық басқа ұлт өкіл­деріне айтарым: тұрғылықты қазақтарды сыйлаңыздар, мұны өз жастарыңыз­ға түсіндіріңіздер. Әр ұлттың осындай мә­селелерді шешетін өз ақсақалдары болсын және біздің жастарымыз мықты, әділетті, иманды жандар болсын. Сол кезде бәрі дұрыс болады. Қазақстанның біртұтас ел болуын тілеймін. Мұндайды өз мақсатына пайдаланғысы келетін арандатушылардың ойы жүзеге аспасын.

 

Мен Қазақстанға кіремін деп ойлаймын. Сол кезде барлығы да маған айт­қысы келгендерін бетіме тіке айтсын, ал бетіме айта алмағандар «юбка» кисін.

 

Қазақ елім, қазақ жерім, бірге болыңдар! Фитнаны тоқтатыңдар, ақиқатпен жүріңдер, Алладан қорқыңдар. Бәріміз ертелі-кеш Алланың алдына барамыз. Сол үшін біз Құдайдан қорқып, мейірімді, кешірімді халық болайық», – деп түйін­дейді ол өз ойын.

 

М. ӘМІР.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ