Есің барда, еліңді тап!

17.02.2020
Қаралды: 894

Қазақта осындай сөз бар. «Есің барда, еліңді тап!» дейді. Өте дөп сөз! Бұл ел ішіндегі түрлі кірмелерге арналған. Сонымен бірге өзге елде жүрген өз адамдарымызға да қатысты.

 

Өзге елде, жат жерде, басқа біреулердің ортасында өмір сүру оңай емес. Сондықтан да қазақ өз туысқандарына осылай деп кесіп айтқан. «Есің барда, еліңді тап!» деген. Себебі бәрібір де адамға бөтен жер бөтендік қылады.

 

Осы сөзді бүгінде өз елімізде кірме болып жүрген, бір кездері тағдыр талқысымен қазақ жеріне ауып, босып, қашып-пысып, жер аударылып келген басқа ұлт өкілдеріне де айтса ешбір айыбы жоқ. Оларға біз: «Ей, бауырлар, естеріңнің барында өз елдеріңді табыңдар!» деуіміз керек.

 

Өйткені бөтен адамдар басқа елге ешқашан да сіңіп кете алмайтынын уақыт дәлелдеп берді. Елу жыл, тіпті жүз жыл өтсе де бәрібір бөтен жұрт бөтен болып қалады екен.

 

Сондықтан кімде-кім кезінде бас сауғалап, паналап, саясат құрбаны болып, біздің елімізге келген болса, енді олар өздерінің түпкі, тарихи отандарына кері қайтуды ойланып жүруі керек. Бір жыл бола ма, бес жыл бола ма, он жыл бола ма, олардың бәрі де естері барында елдерін тауып алса, нұр үстіне нұр болмақ.

 

Бұл ең алдымен олардың өздеріне керек, олардың ұрпағына керек. Солай етсе тіпті дұрыс болмақ. Әркім өзінің тарихи отанында өмір сүргені жақсы ғой.

 

Өзгелердің өз еліне ертерек кеткені бізге де  дұрыс. Біз сонда тыныш, бейбіт, өзімізбен өзіміз өмір сүреміз. Бізге ешкімнің ештеңесі керек емес. Жақсы болсақ та, жаман болсақ та, өз қотырымызды өзіміз қасиық. Басқа елдермен аралас-құралас болудың өзге де өркениетті жолдары көп қой. Біз солай-ақ тіршілігімізді жасай береміз.

 

Біздің бұл айтып отырғанымыз қисынсыз әңгіме емес. Кезінде 100, 200 жыл бұрын жер аударылып келген неміс халқын алайық. Олар үдере көшіп, ата жұртына барып алды ғой. Осы жерде туып-өсіп едік деп, алаңдаған жоқ.

 

Міне, солар өте дұрыс істеді. Олардың ұрпақтары өз тарихи отандарында алшаң басып жүр. Өздеріне де, өзгелерге де проблема тудырып жүрген жоқ.

 

Сол сияқты, біздің елде өмір сүрген гректер де, месхеттік түріктер де, тіпті орыстар мен украйндардың елеулі бөлігі де өз тарихи отандарына біржолата көшіп кетті. Нағыз ақылды адамдар солар екен! Бүгінде біз де риза, олар да риза! Олар қазір қазақтарды сыртынан тек мақтайды, Қазақстанның тілеуін тілеп отырады. Біз де оларды бір бауырымыздай санаймыз. Міне, адамдық қарым-қатынас осылай болуы керек қой!

 

Біз айтып отырған осы әңгіме бүгіннен бастап барлық жерде қызу талқыға түссе дейміз. Бұл әңгіме елдің өз арасында да, мемлекеттік, қоғамдық ұйымдар тарапынан да өте салмақты, салиқалы, байыпты, парасатты, мәдениетті түрде жайлап айтылып тұрғаны жөн. Барлық елдің құлағына сіңе бергені дұрыс. Әсіресе бір заманда біздің елге сырттан келіп қалған өзге жұрт өкілдері санасына сіңіріп, іштей дайындық жасап отырғаны мақұл. Солайша ол кісілермен түбінде тату-тәтті түрде тарасқанымыз жөн емес пе? Қазақшалап айтқанда, қазір бой көрсетіп қалып жатқандай, арамыздан ала мысық өтіп кеткенін күтудің керегі не? Тәтті аузымыздың дәмін кетіріп алмағанымыз жақсы емес пе?

 

Қысқасы, кім де болса осы айтылғанды ой елегінен өткізе жүрсе дейміз. Шынында да «Есің барда, еліңді тап!» деген қандай керемет сөз десеңізші! Қазақ бабам кезінде қалайша тауып айтқан?!

 

...Сыртта жүрген қазақтар, бұл сендердің де құлақтарыңа алтын сырға! Осыдан он шақты жыл бұрын Қытайдағы бауырларымызға осы сөзді қаншама рет айтып едік. Ақырында не болды? Қазір оңай болмай тұр ғой. Сол сияқты басқа елде жүрген бауырларымыздың да алдында не күтіп тұрғанын ешкім білмейді. Тыныш, бақытты өмір сүретініне, сол жақта күндердің күнінде көзтүрткі болмасына ешқандай да кепілдік жоқ. Ойланайық, бауырлар!

 

Есің барда, еліңді тап, ағайын!

 

Б. БАҚТИЯР.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ