Қақтығыста қаза болған қазақ жігіті кім еді?

17.02.2020
Қаралды: 340

Кешегі қазақ пен дүнген арасындағы қақтығыста он адамның қайтыс болғаны туралы ақпарат тарады. Өкінішке орай, олардың арасында Әбдірахым Дархан атты қазақ жігіті де бар. Ол қақтығыс басталған түнде Масаншыға басқа ауылдан көмекке барған көрінеді. 10-ақпан күні Қордай ауданы, Әлжан ана ауылы, Қордай көшесінде Дарханның жаназасы шығарылды.

 

Біз Дарханның жанұясы және сол күнгі жағдай туралы білу мақсатында оның туған әпкесі Райхан Якубовамен сөйлескен едік.

 

– Бауырым 1995 жылдың 16-тамызында дүниеге келген. Дархан – үйдегі екінші бала, жалғыз ұл. Өзіміз үш ағайынды едік. Одан кейін Арухан атты қыз бар. Әкемнің есімі – Асқарбай, анамның аты – Рахима. Дархан 19 жасында үйленді. Жұбайы Әйгерім 21 жаста. Артында Аймира, Ерхан, Асылым атты үш баласы қалды. Үлкені – қыз, жақында 5-ке толады, екіншісі – ұл, 3 жасқа енді келеді, үшінші қызы 11 айлық.

 

Дарханның еш нәрседен қаймықпайтын мінезі бар еді. Бала кезімізден бірге ойнап өстік қой, сыныбында да қатарының алды болды. Әрдайым бізді қорғап жүретін. Достарының арасында өте сыйлы еді. Өте ұйымшыл құрдастары бар. Олардың Дархансыз басы қосылмайтын. Бәрі үйге келіп, іздеп тұратын.

 

Өзі мемлекеттік қызметте жоқ, қарапайым жұмыстарды істейтін. Сондай бір ашық мінезді, ақкөңіл, жайдары, жарқырап күліп, адамдармен тез тіл табысып кететін ерекше жан еді. Алла да көріп тұр ғой, бауырымның ешкімге зияны жоқ, өзімен өзі жүретін. Қолдағы барына шүкіршілік етіп, отбасын қуанта білетін қасиеті де жоқ емес болатын. Өзі әкемнің жалғыз тұяғы, шаңырағымыздың түтіні, тірегі, арқа сүйер бауырымыз, қорғанышымыз еді. Батыр болып келіп, батыр болып өтті-ау бұл өмірден... – дейді ол көзіне жас алып.

 

Біз одан сол күнгі оқиғаның қалай болғанын айтып беруін сұрадық.

 

– Шынымды айтсам, ол жақтағы оқиғаның нақты қалай болғанын білмеймін. Дархан өзі Алматы мен Қордайдың арасында «таксовать» етіп жүретін. Сол күні адам алып, ауылға қайтып келе жатырмын деді. Бір күн бұрын түнгі сағат 24.00 шамасында оған қоңырау шалдым. «Қаракемер, Масаншы жақта сұмдық болып жатыр, телефоннан видеолары келіп жатыр. Көріп жатсың ба? Барма, клиентіңді жеткізіп болып, үйге барып деміңді ал. Мамалар уайымдап қалмасын. Үйге барып жат», – деп сөйлескен болатынбыз. Басында: «Бармағаны несі, қызықсың ғой, Райхан. Барамын!» – деді. Мен: «Жындысың ба?! Барам дегені несі? Қайдағы жоқты айтпашы, құрысын! Кім біледі ол жақта не болып жатқанын... Қызық керек пе саған?!» – деп ұрыстым. Содан соң ол: «Иә, иә, әпкетай, бармаймын, жарайды», – деп тұтқаны қоя салды.

 

Одан кейін ойымызда ештеңе жоқ, сол күні түнде бәріміз жатып ұйықтап қалғанбыз. Таңертең сағат 7.00-де суық хабар естіп тұрмыз ғой... «Дархан моргта екен» деген соң сенбей ауруханаға бардық. Ақыры осылай болып отыр. Бар айтарым осы, – деді ол. 

 

...Өкініштісі сол, қазақтың атпалдай азаматы небәрі 25 жасына толар-толмас шағында ойламаған жерден өмірден өтіп кетті. Біз ол отбасыға қайғырып, көңіл айтамыз.

 

М. ШЫНҰЗАҚ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ