Қордайдағы қақтығыс туралы танымал тұлғалар не дейді?

17.02.2020
Қаралды: 330

Жамбыл облысында орын алған қазақ пен дүнген арасындағы кикілжің көп жұрттың назарын аударды. Бұл туралы сан түрлі ойлар, сан түрлі пікірлер айтылып жатыр. Соның ішінде ел алдында жүрген қоғам белсенділерінің де өз көзқарастары бар. Солардың бірқатары төмендегідей:

 

Еркін РАҚЫШЕВ, режиссер, қоғам белсендісі:

 

«Қазақ өз құқын осылай таяқпен қорғауға мәжбүр болды»

 

Кешегі Қордайда болған қақтығыс жайлы бір ауыз пікірімді айтып кетуді жөн көрдім. Алдымен қаза тапқан азаматтардың туған-туысқандарының қай­ғысына ортақтасып, көңіл айтамын.

 

Көптеген зиялы қауым өкілдері мен танымал тұлғалар халықты сабырға шақырып жатыр. Бірақ мұндай қантөгіс қайталанбас үшін халықты сабырға ғана шақырған аздық етеді.

 

Ресми органдар арандатушылар бол­ған деген сыңайда мәліметтер беруде. Арандатушыларды іздесек, 80-ге келген қазақтың қариясы мен екі баласын аяусыз соққыға жыққан дүнгендердің арасынан іздеу керек. Олардың Қазақстан заңдарына бағынбай, полиция қызметкерлерімен жанжалдасып, киім­дерін жыртып, қол жұмсағанын әлеу­меттік желіден көрдік. Дүнгендердің мұндай әрекетіне намыстанған бір топ қазақ жігіттері Қордайға барып, олармен төбелескен. Арты осындай қайғылы жағдайға әкеліп отыр.

 

Бұған басты кінәлі – дүнгендердің шектен шыққан бассыздығы мен бүгінгі билік. Билік жемқорлыққа негізделген қылмыстық жүйе қалыптастырды. Бәрін сатып алуға болады деп ойлайтын саудагер дүнгендер қазақты менсінбеді. Басқа ұлттарды төрімізге шығарып едік, билік төбемізге шығарып қойды. Мем­лекетті құраушы ұлт қазақтың құқы қорғалмаған соң қазақ өз құқын осылай таяқпен қорғауға мәжбүр болды. Билік кешелі бері халықты татулыққа шақырып жүргенімен отыз жыл бойы ар-намысын аяққа таптап келді. Бір рет те әділ сайлау өткізбей, даусын ұрлап келді. Байлығымызды талан-таражға салды. Халықтың несібесін берудің орнына, мойнына кредит іліп қойды. Жұмыссыз, үйсіз-күйсіз, күнін әрең көріп жүргендері қаншама?! Ал бұл кезде билікте отыр­ған бір топ ұры-шпана шет елден миллиондаған долларға зәулім сарайлар алып, жекеменшік яхта, самолеттерімен тайраңдап жүр.

 

Осының барлығын халық көрмей, білмей отыр ма? Халық шыдап келді, бірақ шыдамның да шегі бар деген. Сол үшін биліктегілер, елдің татулығын ойласаңыздар, алдымен өздеріңіз әділ болыңыздар. Халықты алдамай, өтірік айтып, мақтанбай, халыққа шынайы бет бұрыңыздар. Әділ сайлау өткізіп, әділетті қоғам орнатыңыздар. Бұлай жасамайды екенсіздер, біліп жүріңіздер, әділетсіз қоғамда ешқашан халықтың татулығы болмайды, онсыз да ашынған халықтың наразылығы өшпенділікке ұласады. Ол кезде бәрі кеш болуы мүмкін. Кешегі қамалған жігіттердің босатылғаны дұрыс болды, бірақ оларға қысым жасалмасын.

 

Марғұлан СЕЙСЕМБАЙ, кәсіпкер, инвестор:

 

«Ассамблея – түкке керегі жоқ ұйым»

 

...Біріншіден, кез келген қақтығыс – ол дала өртіндей. Ол тек соған лайықты жағдай туғанда ғана пайда болады. Өртке сіріңке, шылым, найзағай болсын, барлығы да себеп немесе түрткі бола алады. Адам арасындағы қақтығыс та сол секілді. Оған да кез келген нәрсе себепші бола алады. Оның үстіне қоғамды жайлап жатқан әділетсіздік, жемқорлық және қазақ ұлтының құқығы жерге тапталып жатқанын ескерсек, онда ондай алапат өрт шығатындай себептер біздің қоғамда өте көп.

 

Екіншіден, мұндай жағдайды видеоға түсіріп, өздерінің туыс-туғандарына, жолдас-жораларына тарату – ол әр адамға тән қасиет. Ондай нәрсені «арандатушылық» деуге болмайды. Сондықтан, менің ойымша, бұл қалыптасқан нәрсе, барлық кінәні ондай адамдарға жабуға болмайды.

 

Үшіншіден, кез келген қақтығыстың астарында ұлтаралық, экономикалық немесе тұрмыстық жағдай болуы мүмкін. Бірақ қақтығыстың барлығы төбелеспен, адам өлімімен не өртеумен, не мүлік тонаумен аяқталады. Өйткені кез келген адам көпшіліктің жетегіне түсіп, өзінің ашу-ызасына ерік беріп қояды. Сондықтан мына мәселелерге көңіл бөлу керек деп есептеймін:

 

Біріншіден, бәрін әділетті түрде шешіп, жергілікті биліктің өзіне шара қолдану қажет.

 

Екіншіден, кінәнің бәрін сол видео таратқан адамдардың өздеріне жаппай, оларды «провакатор» деп атамай, мессенджерлер мен әлеуметтік желілерді бұғаттауды тоқтату керек.

 

Үшіншіден, халықтың әлеуметтік жағдайын шешу керек.

 

Төртіншіден, Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмысы. Олар біздің Конституциямызға өзгеріс енгізуден басқа ұсыныс жасады ма? Менің ойымша, олар түкке керегі жоқ орган, мүшелерінің барлығын қуып шығып, олардың орнына сол диаспоралардың беделді адамдарын отырғызу керек.

 

Ал енді басты ескеретін нәрсе – сая­си реформа. Егер де саяси реформалар жасамасақ, онда мұндай қақтығыстар бізде алда кездесе береді. Онда көшеміз қан сасып, осындай қақтығыстан көзімізді аша алмай қаламыз. Мысалы, былтырғы жылы Қарағандыдағы оқиғаны еске салсақ, бұл да тура сол секілді нәрсе. Сондықтан да бізді құтқаратын тек қана – саяси реформалар. Барлығымыз қоғам болып, билік өкілдері болып осыны ойлануымыз керек, аға­йын!

 

Жанболат МАМАЙ, журналист, қоғам белсендісі:

 

«Полиция бейшаралығын көрсетті»

 

Кешегі болған оқиға дүнген азаматтарының кінәсінен басталғаны барлығына айқын. Өйткені әлеуметтік желіде 80 жастағы қариямызды осы дүнген азаматтары соққыға жықты деген ақпарат тарады. Бірнеше полиция қызметкері дүн­ген азаматтарын ұстау үшін барған, ал олардың полиция қызметкерлеріне бағынбай, жағасына жармасып, заңды сыйламайтынын көрсетіп жатқанын ғалам­тордан көрдік.

 

Бұл жерде полиция қызметкерлерінің қателігі болды. Өйткені полиция қызмет­керлері митингке шыққан қарапа­йым азаматтарды, қорғансыз адамдарды, қария­ларды қол-аяғынан сүйреп, көтеріп, автозактарға тығып, күш көрсетуден аянбайды. Ал кеше дүнген азаматтарының алдында өздерінің бейшаралығын, дең­гей­лерінің төмендігін көр­сетті. Негізі қай елде болмасын полиция қызметкеріне қарсы күш қолдануға болмайды. Ол мемлекетке қарсы шығу деген сөз.

 

...Жалпы, осындай қақтығыстар бізде бірінші рет болып жатқан жоқ. Тәжік­термен де, түріктермен де, ұйғырлармен де мұндай жағдайлар болды. Осы мәселені шешудің жолы қандай?

 

Біз «жемқорлықты жеңді, экономикасын дамытып жатыр» деп үнемі Сингапур туралы айтамыз. Міне, біз сол Сингапурдың ұлт саясатындағы моделін алуы­мыз керек сияқты. Ол қандай модель? 1989 жылы Сингапур басшысы Ли Куан Ю арнайы заң қабылдап, этникалық топтардың бір жерде шоғырланып өмір сүруіне тыйым салды. Мысалы, Сингапур халқының 77 пайызын қытайлар, 13-14 пайызын малайлықтар құрайды және үнділер, басқа да ұсақ ұлттар бар. Мәселен, бір жерде тұрғын үй салынып жатса, онда тек қытайлар тұра алмайды. Сол сияқты шағын аудандардың өзінде де тек қана қытайлар немесе тек қана малайлар тұруға рұқсат жоқ. Яғни ұлттық-этникалық анклавтар болмайды деген сөз.

 

Осы Масаншы ауылында 18 мың халық болса, соның 94 пайызын дүнгендер құрайды екен. Олар өздерінің тілдерінде сөйлейді, өз газет-журналдарын оқиды, өз ақсақалдарына бағынады. Бұлар Қазақстанның басқа халықтарымен араласу, қазақ тілін үйрену, басқа да мемлекеттік орындармен тіке­лей қарым-қатынас орнату сияқты нәрселерден түгелімен жұрдай болып қалған, яғни өздерінің қазандарында өздері қайнап жатыр. Олардың ішінде не болып жатқанын, ойларында не бар екенін білу жұмбақ. Сондықтан біз осындай ұлттық анклавтарды құртуымыз керек.

 

Бір қарағанда бұл демократияға қай­шы болып көрінуі мүмкін. Бірақ шын мәнінде өмірдің қажеттілігі. Әрине, бас­қа ұлттарды кеудеден теппеуіміз қажет. «Диаспора», «анау-мынау» дегенді қоюы­мыз керек. Бұлардың барлығын бауырымызға тартып, қазақыландыруымыз тиіс.

 

 

Ермек НАРЫМБАЙ, саясаттанушы:

 

«Дүнген­дердің өз автономиясына оралғаны дұрыс»

 

...Этникалық тұрғыдан айтар болсақ, дүнгендер негізінен мұсылман қытайлар. Егер олар Қазақстанда тұрып жатқан болса, Қазақстан оларды ассимиляция жасап, өзіне сіңіруі керек еді. Бірақ олай болған жоқ.

 

Дүнгендер Қазақстанның ішінде автономия сияқты болып шоғырланбауы қажет. Ең дұрысы – дүнгендердің өз еркімен Қытайға оралуы. Қазақстан Қытаймен, Пекинмен, дүнгендердің сондағы тарихи отаны болып табылатын Нинся-Хуэй автономиялы ауданының басшылығымен репатриацияға байла­ныс­ты келіссөздер жүргізуі керек. Осы автономиялық ауданның басшылығы Қазақстанға келіп, Масаншының және басқа да дүнгендер тұрып жатқан ауылдардың тұрғындарымен сөйлесіп, олар­ға тарихи отанына қайтуға байланысты баспана, мектеп, жүктерді тасымалдау мәселелеріне қатысты шарттарды ұсынуы тиіс. Дүнгендерден де қандай да бір делегация сол автономиялы аудан­ға барып, ол жақтағы халықтың қалай тұрып жатқанын көріп қайтуы керек. Екі ортада тұрақты әрі тығыз байланыс орнауы қажет. Мұның барлығы да бейбіт, ерікті түрде және бірнеше жылдар ішінде іске асқаны дұрыс. Сонымен қатар Қазақстан мен Қытайдың, Алматы облысы мен Нинся-Хуэй автономиялы ауданының арасында мемлекеттік бағдарлама болуы шарт.  

 

...Бұл жағдайда мені этносаяси мәселелер толғандырады. Дүнген мәселесін қалай шешу керек? Олар келісім арқылы өз отандарына оралуы қажет. Бұл барлығы үшін дұрыс болады.

 

Дүнгендер қазақ тілін құрметтемеу дұрыс еместігін түсінуі керек. Бұл барлық диаспора үшін аксиомаға айналса деймін. Олар қазақ тілін меңгеруі тиіс. Егер дүнгендер, орыстар, ұйғырлар, тағы да басқа ұлттар мемлекеттік тілді үйренсе, олар қазақ қоғамында толыққанды өмір сүріп, карьера жасап, қазақ мемле­ке­тіне қызмет етіп, мемлекеттік қызметте көтеріліп, министр, әкім болып, елдің өз адамына, патриотына айналар еді. Егер олар бөтен болып қала берсе, қа­зақтар да оларды мұсылман екеніне қарамастан бөтен адамдар секілді қа­был­дайтын болады. Егер олар қазақ тілін, қазақ мемлекетін, қазақ дәстүрлерін қабылдағысы келмесе, онда билік көп жылдардан бері бақылауға алмаған катаклизм пайда болады. Бұл жерде қазақ билігі барлық жағдайды назардан тыс қалдырған.

 

Дүнгендер анклав ретінде, автономды өмір сүріп жатыр, себебі олар қазақтардан оқшауланған аймақта тұрады. Қордай ауданының солтүстігі мен шығысын таулы алқап, оңтүстігін қырғыздар­дың шекарасы алып жатыр. Қазақстан ешқандай ұлттық саясат жүргізбе­гендік­тен біз Қордай ауданының шекарасына бақылауды жоғалттық. Қордай ауданы шекарасының тең жартысын кім бақылап отырғаны белгісіз.

 

Сондықтан мемлекеттік бағдарлама керек, бұл мәселені Қытаймен, Пекинмен шешу керек. Егер дүнгендер Нинся-Хуэй автономиясына оралса, онда өте жақсы болар еді.

 

Дайындаған – М. БИБОЛ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ