Қордай оқиғасында бүге-шігесіне дейін тексеретін нәрсе өте көп

17.02.2020
Қаралды: 199

Жамбыл облысының Қордай ауданына қарасты дүнген ұлтының өкілдері тұратын ауылдарда болған оқиға жұрттың жағасын ұстатты. Тәртіпсіздіктердің туындауына себепкерлер, сөз жоқ, жергілікті дүнген ұлтының өкілдері.

 

Олардың бетімен кеткені өздерінің әкесіндей адамға қол көтеріп, оны балаларымен қоса еш шімірікпестен соққыға жыққанынан-ақ көрініп тұр.

 

Олардың өз бетімен кетіп бара жатқан қазақтарға не себепті соқтыққаны белгісіз, тіпті де түсініксіз. Ал істегендері ешқандай да адамшылыққа жатпайды, аса сорақы, көргенсіз қылық. Есі дұрыс адам мұндай қатыгездікке қалай барады? Өзіндей адамның обалынан, наласынан қорықпақ түгілі заң адамы – полицейлердің сесінен сескенбеген, оларға дікеңдей сөйлеп, тілдеп, ол аз болса, жағаласып, қол жұмсауы, атыс қаруын қолдануы – барып тұрған мейман­асы тасқандық.

 

Міне, осы сұмдық оқиға өздігінен өзгеге ұрынбайтын, үлкенді, өзгені сыйлай білетін, бірақ намысына тигеннің әкесін танытатын қазақ жігіттерінің көтеріліп, кеудесіне нан піскендердің қайда тұрып жатқанын мықтап тұрып есіне салуымен аяқталды. Өкініштісі, арада адам шығыны болды. Қаза тапқан дүнгендердің арасында бұл оқиғаға түк қатысы жоқтары да болуы мүмкін. Олай болса, олардың обалы сол топалаңның шығуына себеп болған әпербақандардың мойнында. Оларды дүнгендердің өздері де аямауы керек.

 

Бүгінде арнайы комиссия оқиғаның себеп-салдарын тексеріп, саралап жатыр. Ал осы тексерулер кезінде анықтайтын, көз жеткізетін, тиісті шаралар қолданатын нәрселер өте көп екені көрініп тұр.

 

Мысалы, оқиға орын алған Масанчи және Сортөбе ауылдарының өзінде ғана 40 мыңдай дүнген тұрады екен, бірен-саран қазақ пен орыс араласқаны болмаса, тұрғындардың 90 пайыздан астамы – дүнгендер. Ал көпшіліктің азшылыққа тізесі бататыны таңсық нәрсе емес. Осы орайда кезінде бұл төңіректерде төбелес, адам өлімі, зорлық-зомбылық оқиғалары болып, «жабулы қазан» күйінде қалып кеткені туралы айтылып қалуда.

 

Міне, тексеру-саралаулар кезінде «өтіп кеткен нәрсе» делінбей, осы жайлар да қайта қозғалып, оған кінәлілер, қылмысты жасырғандар, оны «жауып тастағандар» анықталуы керек. Былайғы жұрт та білуі үшін ол ешқандай да жасырылмай, жариялануы тиіс. Сонда одан жұрт ой түйеді, мемлекетің тарап кетсе де бәрібір, қалтасы толып, қарны тойғанына мәз адамдарды танып-біледі, тиісті қорытынды жасайды.

 

Сондай-ақ жергілікті дүнген ұлты өкілдерінің үйлерін түгелдей тексеріп шығамыз десе, ол полицияның қолында тұрған мүмкін нәрсе. Қару, тіпті есірткі және басқа заңсыз нәрселер табылуы да ықтимал ғой. Қауіптің алдын алу үшін бұл да керек.

 

Соңғы жылдары дүнгендердің Қытаймен тығыз қарым-қатынас орнатып жатқаны туралы да аз айтылмауда. Бұл да тексеріліп, қадағалануы тиіс нәрсе. Егжей-тегжейлі тексеремін десе, мемлекеттің қолында тұр, елдің қауіпсіздігі үшін мұны міндетті түрде жасау қажет. Ол ауылдарда шекарадан заңсыз өткен, Қазақстанда заңсыз жүрген қытайлар болуы да ғажап емес қой. Қазіргі Қазақстанның жағдайында бұл әбден мүмкін жай. Шетелдерден қоныс аударған қандастарымыздың жылдар бойы қолы жетпей жүрген Қазақстан азаматтығын «қалпақпен ұрғандай» етіп иеленіп алған дүнген немесе қытайлар табылып жатса, бүгінгідей жаппай жемқорлық жайлаған заманда оған да аса таңырқай қоймаспыз.

 

Аталған ауылдардағы халық өсіміне де мән бере қараған жөн. Мысалы, осыдан бірер жыл бұрын «Қазақпарат» Сортөбе ауылында жылына 1000-ға жуық бала өмірге келетінін мақтана жариялапты. Шындығында бұл да бір ойланарлық мәселе емес пе? Қазақ ешкімге де өспе-өнбе демейді, бірақ жеріне орнығып алып, енді өзіне ауыз салған, жер иесі-ау, кезінде нанын бөлісті-ау деп елемейтін, менсінбейтін ұлтқа қалай іші жылиды? Енді оған сенімсіздікпен, күмандана, жек көре қарай бастайтын шығар. Ал өмірге келіп жатқан балаларға Қазақстан жөргекпұл, жәрдемақы төлейді. Сол балалар да ертең өсіп-өніп алып, Қазақстанның ауасымен тыныстап, суын ішіп, игіліктерін пайдаланып жүріп сол жердің заңды иелері – қазақтарға зорлық көрсетіп жүрсе не болады? Дүнген тумасын демейміз, Құдайдың жаратқан ұлты ретінде ол да өссін-өнсін, бірақ ол осы елдің шынайы азаматы, патриоты болуы тиіс.

 

Біздегі ең бір жаман нәрсе – қолында билігі, мүмкіндігі бар кейбіреулердің ақы берсе, заңсыздықтарға, әділетсіздікке көз жұма қарайтыны. Бүгінде дүнгендердің қай нәрсені болса да сатып алатынына сенімділігі, тіпті оны өздері де жасырмайтыны жөнінде көп айтылып жатыр. Бұл рас сияқты. Қазақ қарияны балаларымен қоса сабап тастағандар да осылай, «тиісті адамдарға пара беріп, істі жаптырып тастаймыз» деп ойлаған болуы әбден мүмкін. Олай болса, бұл – мұндай оқиғалардың бұрын да болып, «қалтасы қалыңдаған» біреулердің ар­қасында ың-шыңсыз жабылып кеткенінің көрінісі, сондай жайлардың жалғасы. Тек бұл жолы іс насырға шауып, айдай әлемге жария болды.

 

Тағы бір айта кетерлігі, Сортөбе ауылынан дүнгендер өз тілінде газет шығаратын көрінеді. Комиссияның оны да тексеріп, саралағаны артықтық етпейді.

 

Қысқасы, арнайы құрылған комиссияның анықтайтын нәрсесі көп. Әрине, бәрі де заң шеңберінде жасалады. Бірақ үлкен әлеуметтік зерттеу жүргізілуі, соған сай шаралар атқарылуы тиіс.

 

Өйткені мемлекет ішінде жергіліктіден өзге ұлт өкілдерінің бір аумақта шоғырланып тұруы көп жағдайда ол ел үшін артық проблемалар әкеледі. Оған тарих куә. Тіпті қазіргі кездері де Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан жерлеріндегі сондай аумақтардан ұлтаралық қақтығыстар жиі бой көрсетіп жатады. Мысалы, Қырғызстанның Баткен облысына қарасты бір аумақ Өзбекстан жерінің толық қоршауында жатыр. Өзбекстанның да Қырғызстан аумағында сондай бір жері бар. Оларды «анклав» деп атайды. Анклав – бір мемлекеттің жан-жағынан өзге ел жерімен толықтай қоршалып жатқан аумағы. Міне, Орта Азиядағы осындай анклавтарда таяу жылдарда ұлт пен ұлт қырқысқан бірнеше жайсыз оқиғалар болып өткенін біз білеміз. Олардың алдағы уақыттарда қандай да бір себеппен қайталанып кетпеуіне ешкім де кепілдік бере алмайды. Өйткені телі-тентек қай ұлттың арасынан болса да табылады, сондайлардың бір-екеуі арзымайтын нәрсеге бола шекісіп қалса, бітті, оған басқаларының бас салып араласып кетері даусыз.

 

Сол сияқты дүнген мен қазақтың арасында мынадай аса қолайсыз жағдай орын алды екен, енді оның кейін де қайталанып кетпесіне кім кепілдік бере алады?

 

Бұл істе ойланатын, қолға алатын мәселе көп. Соның бәрін осы уақытқа дейін қаперімізге алмай келуіміздің өзі қорқынышты. Дегенмен «ештен кеш жақсы», қажетті шаралар жасалып, оңды нәтижелерін бергей дейміз.

 

Н. ЖҮНІС.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ