47 немере, 36 шөбере, 10 шөпшектің әжесі

13.02.2020
Қаралды: 165

Түлкібас ауданының «Азаттық» ауылында 100 жасаған Хадия Абдиазизқызы деген әжей тұрады. Кейуана әлі де бақуат. Көздері жақсы көреді, құлағына да өкпесі жоқ.

 

Біз таяуда ол кісінің ауылына бардық. Бізге Т. Рысқұлов ауылдық округі жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Умрай Ирсалиева көп жәрдемін тигізді. Ол бізді кейуананың үйіне ертіп барды.

 

Еңселі үйге кіргесін иелерімен амандасып, төргі бөлмеге бас сұқ­қанда кейіпкеріміз төсегінде отыр екен. Сол күні ол кісінің жанында қолындағы келіні Тазагүл, қыздары Сәния, Бануша және ұлы Мұстафа да болды. Олар соңғы уақытта аналарының тым тұйық болып кеткенін, ұзақ әңгімеге жоқ екенін күле айтып жатты. Расында да жарты сағаттай уақытта ол салмақты қалпынан айнымай, томаға-тұйық қалпында отырды.

 

«Анамыз бен атамыз жоғары жақтың саясатымен 1944 жылы сонау Кавказдан Қазақстанға еріксіз  көшірілген екен, – дейді келіні Тазагүл. –  Қазақтар  қолынан келген көмегін көрсеткен. Бұлар көп ұзамай аяқтарынан тұрып, өз тіршілік­терін жасай бастайды.

Атамыз Ұлы Отан соғысының ардагері, соғыстан кейін колхоздың белсенді мүшесі болған. Анамыз да уақытпен санаспай еңбек еткен. Тыл ардагері. Жиырма шақты перзентті өмірге әкелген. Оның он бесін аман-есен өсіріп, бүгінде олардан тараған 47 немере, 36 шөбере, 10 шөпшек сүйіп отырған жайы бар.

 

Анамызда сабырлы, мәрт мінез қалыптасқан. Қонақ келгенін жақсы көреді. Жақын-жуықтарымен барын бөлісіп жеп, емен-жарқын әңгімелесіп отырғанды жаны қалайды. Бірақ соңғы кездері марқұм шалын сағынып жүр ме, әйтеуір томаға-тұйық болып алды. Жақында Алматыдағы баласына апарған едік, бірер күннен соң: «Үйіме, Түлкі­басыма  қайтамын. Мұнда тұрмаймын…» – деген соң қайта әкеліп алдық. Өз үйінде, қара шаңырағында болғанды қалайды».

 

Ұл-қыздары, келіні әжейдің ұзақ жасауының себебін Құдай берген қуатының арқасы, сабырлылығының және ағзасын үнемі ашықтырып тұруының, артық тамақ ішпей­тіндігімен байланысты екендігін алға тартты. Жылда тұтатын оразасынан бөлек, аптасына екі мәрте нәпіл оразасын ұстауды үзбейтінін білдік. Перзенттерінің сөздеріне қарағанда, кейуана осы күнге дейін тамақ  талғап, айырықша ем-дом ұстанбаған екен.

 

«Үйімізден азын-аулақ мал үзіл­ген емес. Жылда үйіргелік же­ріміздегі бау-бақшаны баптап, отбасының ішіп-жеуіне жетерлік көкөніс, жеміс дақылдарын жинап алу – біз үшін қалыптасқан жағдай», – дейді қарт әжейдің ұрпақтары зор мақтанышпен.

 

Ғасыр жасаған кейуанаға сәлем беріп, ақ батасын алуға асығатын жандар аз емес көрінеді. Солардың бірі болып біз де үлкен кісіден бата алдық.

 

Орынтай КӨМЕКОВ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ