55 жаста «пенсияға» шығып, немерені иіскеп отырайықшы...»

13.02.2020
Қаралды: 856

Қазақстанда ерлер 63 жаста зейнеткерлікке шықса, әйелдердің зейнет жасы біртіндеп ұлғайып, 2027 жылдың 1-қаңтарына қарай олар да 63 жаста еңбек демалысына шығатын болады. Ал мұнымен көпшілік әйелдердің келіскісі келмейтіні белгілі.

 

«Жасым 51-де, – деп жазыпты сондай жандардың бірі әлеуметтік желіде. – Қазірдің өзінде еден жуып, тазалап зорға жүрміз. Аяқ-қол сырқырап, бел ауырып... 63 жаста «пенсияға» шығу деген деген – масқара! Біз сияқты қара жұмыс істейтн аналарға обал емес пе? Депутат қатындар отыра берсін креслода миллион айлық алып, оларға рақат. Біз жүрміз 50 мың теңге айлықпен хлор иіскеп, еден жуып.

 

Тоқаев мырза, өтінемін сізден, біз 55 жаста «пенсияға» шығып, үйде немеренің иісін иіскеп, әже болып отырайықшы. Сіздің де анаңыз бар шығар. Аналардың тілегін Аллам қабыл етіп, Тоқаев орындаса екен. Әумин».

 

Осындай оймен келісетіндердің қатарында  алматылық заңгер Камиша Есмұхамбетқызы да бар. Ол елімізде әйелдердің 55 жастан, ер­кектердің 60 жастан бастап зей­нет­керлікке шығуын қамтамасыз етуді Үкіметтен талап ететінін желі арқылы жеткізген болатын. Ол былай дейді:

 

«Қазіргі таңда тіршілік, бала-шаға қамы деп жүйкенің тозуы, отбасындағы ұрыс-керістен қажу, одан қалса, алимент өндіре алмау, қаржының жетіспеушілігі, кей ер-азаматтардың жанұясын асырай алмауы, баспана мәселесінің тиісті деңгейде шешілмеуі, жиған-тергеннің несиеге кетуі – осының барлығы үлкен қиындыққа әкеліп отыр. Одан қалса, ер-азаматтарымыздың өмір сүру деңгейі төмендеп бара жатқандай. Қарап отырсаңыз, 40-45 жаста немесе 50-55 жастан аспай ер-азаматтарымыз өмірден озып не болмаса денсаулығы дұрыс болмай жатады.  Сондықтан олар да ертерек зей­неткерлікке шығып, үкіметтен үлкен қамқорлық сезінуі тиіс. Осылайша өздерінің тіршіліктерін жасап, тұрмыстық деңгейі мен әл-ауқатын сәл де болса дұрыстасын.

 

Жарайды, ер-азаматтарымыз физикалық тұрғыда мықтырақ делік. Бірақ әйелдерді 63-інде зейнеткерлікке шығаруға мүлде келіспеймін.

 

Заңгер ретінде көптеген жағдайларды көріп-біліп жүрмін, қазіргі таңда бізде әйел адамдарда проблема көп. АӘК ала алмай, алса да ақшаны заңсыз алған «алаяқ» атанып, одан қалса, өз құқығын талап ете алмай, тағы басқа да келеңсіз жағдайларда жүргендер өте көп. Енді әйелдердің әлеуметтік жағдайына назар салатын кез келді. Президенттің саясатын қолдаймын, дегенмен төмендегі халықты ойлайтын уақыт туды.

 

Жоғарыдағылар осындай жөн-жосықсыз ұсыныстарды қабылдап, халықтың жағдайын одан сайын қиындатып жатқан жайы бар. Халықты ойлайтын адам бірінші кезекте олардың тұрмыс-тіршілігіне мән беруі тиіс. Содан соң саяси мәселелерді рет-ретімен шешуге болады. Мен қиын талап қойып жатқан жоқпын. Арандатушылық жасап жатқан жоқпын. Дегенмен әйелдердің жүзі жадырауы тиіс. Олар қашанғы жоғарыға мұңын айтып, шағымдана береді? Былай қарасаңыз, байлығымыз жетерлік, бірақ басшылық соны орын-орнымен жұмсауды білмейді. Әл-ауқатымыз көте­рілуі тиіс, сонда ғана Үкіметке сенім пайда болады, құрмет артады. Үкімет көтермесе, қарапайым халық қалай өз тыныс-тіршілігін көтереді?

 

Министрлер халыққа қажетсіз заңнамаларды ұсынуды қоюы керек. Заңнамаларға халықпен ақылдаса отырып өзгеріс енгізген дұрыс деп ойлаймын. Өздері би, өздері қожа болуды тоқтату қажет. Біз қазір бір нәрсе болса заң қабылдаймыз да, адамдарды тығырыққа тіреп қоямыз. Халық барынша Үкіметке жақын болуға тырысып жатыр, барынша бюджетті толтырғысы келеді. Бірақ олардың жағдайлары ойдағыдай емес. Халық қиналып, үйсіз-күйсіз, баспанасыз әрең күн көріп жүргенде, жан бағамын деп түрлі онкологиялық ауруларға тап болып жатқанда бәрін көріп-біліп жүрген мен үнсіз қала алмадым», – дейді заңгер ханым.

 

...Расында да көп жағдайда 50 жастан асқан соң әйел адамдарды жұмыс­қа ала бермейді. Сондықтан заңгер ханымның бұлай ашынуы орынды секілді. 

 

М. ШЫНҰЗАҚ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ