«Хоум Кредит Банк» мені мазақ етпекші ме?

13.02.2020
Қаралды: 102

Редакциямызға Түркістан облысының Жетісай ауданынан хат келді. Авторы өзін толғандырып жүрген мәселе жөнінде былай деп жазыпты:

 

«Мен 2019 жылы мамыр айының соңында ақшаға зәру болып, Жетісайдағы «Хоум Кредит Банктен» үш жылға 500 мың теңге несие алған едім. Оған «страховка» деп 80 мың 28 теңге қосып жазып берді. Кейін бұл соманы қалай қайтаратынын түсіндірмеді. Қолыма «договор» деп бір құшақ қағазын ұстатты. Онда ай сайын 29 мың 659 теңге төлеу керектігі көрсетіліпті. Сонда 36 айда 1 миллион 67 мың 649 теңге беруім керек пе? Мен зейнеткермін. Алатын зейнет­ақым – 62 мың теңге.

 

Содан маусым айынан желтоқсанға дейін ай сайын 30 мыңнан, барлығы 210 мың теңгедей «Қазпочтаға» төледім. 2020 жылы 6-қаңтарда несиені жабайын деп едім, Шымкентке баруым керектігін айтты. Сосын Шымкенттегі Момышұлы көшесі, 49-үйде орналасқан «Хоум Кредит Банкке» барып, ай сайын ақша құйғанымды дәлелдейтін түбіртектерді көр­сеттім. Ондағылар тағы да 532 мың 400 теңге төлейтінімді айтты. «Компьютер солай көрсетіп тұр», – деп сол ақшаны «сылып» алды. Кейін «7979»-ға қоңырау шалдым. Алматы ма, астана ма, біл­медім, әйтеуір ондағылар мардымды жауап бермеді. Мен жоғарыға шағымданатынымды айттым.

 

Содан 2020 жылы 9-қаңтарда менің телефон нөміріме хабарлама келді. Онда былай депті: «Есімханов Сатыбалды, ай сайынғы төлемдерден 25 мың теңге қайтарым көзделген». Мен «7979»-ға телефон соғып сұрасам: «Жаңылысып жазылған шығар», – дейді. Артығымен алуға жаңылыспайды, қайтаруға келсе жаңылысады ма сонда? Мардымды жауап болмады.

 

Арада 19 күн өткен соң, яғни 2020 жылы 28-қаңтарда телефонға «Есімханов Сатыбалды, 2  миллион теңге несие алсаңыз, ай сайынғы төлемдерден 12 па­йыз қайтарым көзделген» деген тағы да бір хабарлама түсті. Сонда қалай, олар мені ақымақ көріп отыр ма, әлде мазақ етіп отыр ма?

 

Мен халыққа мұндай банктерден несие ала көрмеңдер деп айтар едім.

 

Сатыбалды ЕСІМХАНОВ.

Жетісай ауданы. Түркістан облысы».

 

Редакциядан: Әрине, бұл – жеке адамның пікірі. Дегенмен автордың жазуына қарағанда, бұл төңіректе түсініксіз жайлар жоқ емес сияқты. Сондықтан банкте отырғандардың клиентке мә­селенің жай-жапсарын дұрыстап тү­сіндіріп бергені абзал болар деген ойдамыз. Әйтпесе түсініксіз жайға қатысты сөздің де көбейе түсетіні белгілі ғой.

 

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ