Үй кезегі келіп тұрғандарды зар жылатқаны қалай?

13.02.2020
Қаралды: 131

Қазіргі қым-қуыт заманда бюджеттен жалақы алатындар арасында да шекесі шылқып жүрмегендер баршылық. Біз кешегі аптада сондай бір жанмен сұхбаттас болдық.

 

Таяуда Шымкент әкімдігі қаладағы құрылысы аяқталған екі көпқабатты үйді көпбалалы, тұрмысы төмен отбасылар­ға беріп қуантқаны белгілі. Бірақ бұл қуаныш басқалардың есебінен – жылдар бойы үй кезегінде тұрған бюджеттік сала қызметкерлерінің есебінен болыпты. Бізбен әңгімелескен жан соны айтып күйіп-пісті.

 

«Екі көпқабатты үй пайдалануға беріледі дегенді естіп, жылдар бойы күткен пәтерге енді, міне, қол жетеді деп қуанып жүргенбіз, – дейді ол. – Әсіресе үй кезегінің алдыңғы жағында тұрғандар баспана иеленетініне сенімді еді. Бірақ біз ерте қуанып қойыппыз. Бізге тиесілі пәтерлер әкімдіктің шеші­мімен көпбалалы әйелдер мен тұрмысы төмен жандарға бұйырды.

 

Сөйтіп, біреулер кезегі келмей-ақ үйге қарық болды. Оның есесіне біздің көңілімізге кірбің түсті. Өйткені біз үшін енді мұндай мүмкіндіктің қашан болары белгісіз. Егер қала бюджетінен қаржы бөлінсе, үй салынады, содан аласыңдар деп жұбатқан болды. Бірақ ол күмәнді сияқты. Өйткені қаланың қаржы қажет ететін басқа салалары да баршылық қой. Республикалық бюджеттен сұраса, бере ме – ол жағы да белгісіз.

 

Сөйтіп қуанышымыз су сепкендей басылып, әрі-сәрі күйде жүрген жайымыз бар. Енді үй кезегін қашанға дейін күтетініміз белгісіз.

 

Айлық жалақымыз 100 мың теңгеге де жетпейді. Соның жартысын жалдап тұрып жатқан пәтер ақысына төлейміз. Табысы жақсы жерге ауыспақ түгілі қарапайым жұмыс табудың өзі қиын заман ғой. Содан дымымыз іште болып, налып жүрміз. Мен сияқтылар көп.

 

Көңілге келетіні, бізді адам құрлы көрмегендері қалай? Заңды кезегіміз келіп тұрған үйді алды да, басқаларға бере салды. Мемлекет қайда қарап отыр? Біз сол мемлекеттің жұмысын істеп, соның саясатын жүргізіп жатқан жандар едік қой. Жылдар бойы еңбек етудеміз. Үйде отырып балам көп деп немесе тұрмысым төмен деп, маған баспана бер деп талап етіп жатқан жоқпыз ғой».

 

Осылай деген сұхбаттасымыз көпбалалы аналар мен тұрмысы төмен отбасыларды да сөзбен түйрей кетті. Ашын­ғасын айтқаны ғой, әйтпесе оларда шаруасы қанша?

 

Мінеки, көрер көзге адамдар арасына осындай сына қағылып тұр. (Үйін тартып алғандай болып иеленіп кеткен жанды кім ұнатады?) Осы орайда басшы азаматтардың алды-артын ойламай шешім шығара салғанына қынжылдық. «Солай етуге қаулы бар» деп айтылған көрінеді. Оларға  мына жақта жылап-сықтап жүр­гендердің жайы не болса да бәрібір сияқ­ты.

 

Ал олар осы ісімен қоғамның тағы бір әлеуметтік тобының наразылығын тудырып отырғанын сезіне ме екен? Елге енді солардың көтерілгені керек пе? Отбасын асырап отырған жұмысынан айырылып қаламын ба деп уайымдап, «аузы құлыптаулы» жүргендердің әзірге ашу-ызасы ішінде. Бірақ шиқанның сыздап барып жарылатын кезі де болады ғой.

 

Қысқасы, біз басшылардың бұл мәселені белден басып шеше салғанын адамгершілік дей алмадық.

 

Енді не болады? Жылдар бойы үй кезегінде тұрып,  іліктім бе дегенде одан айырылып қалғандарды басшылық немен жұбатады, қалай жұбатады?

 

Олардың да ертеңгі күннен үміті бар, жоспарлары бар. Басшы азаматтар болса, соны тағы да белгісіз мерзімге, кейінге ысырып қоя салды Осы да әділдік пе? Адамгершілік қайда?

 

Р. ҚАЛТАЙ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ