Ректорды орнынан босатуды талап етуде

13.02.2020
Қаралды: 360

Шымкенттегі Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік педагогикалық университетінен дау шықты. Ондағылар ректор болып тағайындалғанына көп уақыт болмаған Анар Қайырбекованы қызметінен босатуды сұрап Президентке, Білім және ғылым министріне хат жолдады. Бұл хаттың толық нұсқалары бүгінде әлеуметтік желілерде де жаппай жарияланып жатыр.

 

Анар Қайырбекова бұл қызметке 2019 жылғы 18-қазанда тағайындал­ған еді. Ол екі оқу орнын бітірген, мамандығы – экономист. Кезінде бірқатар министрліктерде, Есеп комитетінде еңбек еткен. 2014 жылдан бергі уақытта Білім және ғылым министрлігінің үш департаментін басқарған. 2016 жылдың маусым айынан бастап әкімшілік жұмыс және мемлекеттік сатып алу депар­таментінің директоры болды. Өткен жылы оның Білім және ғылым вице-министрі Фатима Жақыпованың ғылыми жұмысында плагиат жасағанын әшкерелегені белгілі. Арада көп өтпей А.Қайырбекованың өзі де қызметінен өз еркімен босаған болатын.

 

Содан көп ұзамай А.Қайырбекова Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік педагогикалық университетіне ректор болып тағайындалды. Бірақ арада көп өтпей-ақ оның үстінен жоғарыға шағым жолданып отыр. Өздерін университеттің ғылыми кеңесі мен ректорат мүшелері деп көрсеткен хат авторлары А.Қа­йырбекованы көптеген жайлар бойынша кінәлайды. Олар: «Педагогикалық жоғары оқу орнында бір күн де қызмет атқармаған А.Қайырбекова оқу процестерінен хабарсыз, сол себепті уни­верситеттегі барлық бағыттағы жұ­мыстар тоқтап тұр. Ілгерілеу жоқ. А.Қайырбекова келгелі ұжымда оқытушы-профессорлардың өз істеріне деген сенімі мен құлшынысы төмендей бастады. Барлық салада қолайсыз моральдық-психологиялық ахуал туындап, шиеленісе түсті», – деп жазған. «Әр ректорат сайын ескерту мен сөгіс жариялайды, қорқытып-үркітеді, қызмет­кер­­лерді жұмыстан тыс уақытта жұмыс істеуге мәжбүрлейді», «ұжыммен қарым-қатынасында шектен шыққан дөрекілік көрсетіп, тіпті мазаққа айналдырады, қызметкерлер арасында алауыздық тудырып, зиялы қауымды арандатуда» деген сияқты бірнеше пункттен тұратын кінәлар таққан. Сондай-ақ «кадрлық өзгерістер жасамаймын деген уәдесіне қарсы әрекет етуде», «бірқатар ұстаздар қысымға ұшырап, жұмыстан кетуге мәжбүр болды» деп, бұған нақты мысалдар келтірген.

 

Хат авторлары сөз соңын: «...Ғылыми дәрежесі жоқ А.Қайырбекованы ұжым тосырқай қабылдағанымен педагогикалық әдептен аттамай, осы уақытқа дейін шыдамдылық танытып, бірге жұмыс істеуге әрекеттенді. Бірақ біздің төзіміміз бен шыдамымыз шегіне жетті. Ұжымдағы ауызбіршілік пен ұйымшылдықты ыдыратып, бір-біріне айдап салып, алауыз­дық тудырып отырған, ғылыми атақ-дәрежесі жоқ, педагогикалық қасиеттерден ада А.Қайырбекованы Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік педагогикалық университетінің ректоры қызметінен босатуыңызды сұранамыз», – деп түйін­депті.

 

...Қысқасы, ОҚМПУ ұстаздары оқу орнының басшысы А.Қайырбековаға ауыр кінәлар тағып отыр. Ал мәселенің жай-жапсарын анықтап, тексеру, оған тиісті баға беру енді сала басшылығының құзырында. Өйткені жоғарыға арыз жолданды, ол сондай-ақ әлеуметтік желілер арқылы көпшілік арасына таралып та кетті.

 

Н. ӘБДІ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ