Ойын ойнап, оңай олжа іздегендер ойбайлап қалуда

23.08.2016
Қаралды: 1645

Қазір балаларды мектепке дайындау науқаны. Қай базарға барсаңыз да балаларын қаздың балапандарындай соңынан ертіп, киім әперіп жүрген ата-аналарды көресіз. 

Базар нарқы да қарапайым жұртшылыққа оңай тиіп тұрған жоқ. Бәрі қымбат. Оқушы қыздар киетін бір кофтаның бағасы 3000 теңгеден басталады. Сапалысын, әдемісін, «фирменныйын» аламын десеңіз, баға да өсе береді.

«Сезонды» пайдаланып қарапайым халықты заңсыз ойын ойнататын алаяқтар да тонап жатыр. Олай деуімізге мына жай себеп болып отыр.

 Шымкенттегі «Алаш» базарының тұсында, Алматы трассасы бойындағы аялдаманың артында «Спринтер» лотерея ойындарын ойнататын орын бар. Дәл осы жерде адамдар қыруар ақшаға ұтылып жатыр.

Өткен бейсенбіде жасы 40 – 45-тер шамасындағы бір әйел ойын ойнатушыларға жалынып тұрғанын көрдік. «23 мыңға ұтылдым, – деп күйгелектенді ол. – Балаларыма киім-кешек әперем деген ақшам еді. Мақұл, 5 мың теңгені лотереяның ақысы деп алып қалыңдар да, қалған 18 мың теңгемді қайтарып беріңдер. Мен балаларыма киім әперейін. Бұл менің маңдай терімді  төгіп тапқан ақшам».

Қанша шырылдағанымен ол әйелді тыңдайтын құлақ табылмады. Шетке шығарып сөйлескен бір әйел оған: «Баратын жеріңе бара бер!» – деді шіреніп. Ал жанында тұрған еркек: «Бір тиын да берме!» – деді зілді үнмен.  Алданып қалғанына ашынған әйел лотерея үстелінің жанына келіп, ақшасын қайтарып беруін талап етіп еді, ол жердегі де оңдырған жоқ: «Өзіңнің ақымақтығыңнан көр! Басың істемейді екен. Біз саған екі адамның бірі ғана ұтатынын айттық қой!» – деп айқайға басты. Оның сөзін сол жерде помидор мен қияр сатып тұрған әйел де: «Ақымақ қатын, өзіне де обал жоқ. Босқа ұтылып қалды», – деп қостады. Тап бір сол әйелден ала алмай жүрген өші бардай табалап сөйлейді. Адамдар неге қатыгез, безбүйрек болып барады деп ойланасың сондайларды көргенде. Және лотереяны ойнатып жатқандар да, ұтылған әйел де әлі ештеңені түсінбейді дейтіндей жас емес.  Бәрі де жасы қырық пен елудің ортасындағылар.

Ал мұндай заңсыз ойын тек «Алаш» базарының  маңында ғана емес, қаланың біраз жерлерінде бар. Көктемде Шымкенттегі мал базарының ішінен де көргенбіз. Қыс бойы маңдай тері, табан ақысымен өсірген малдың бағасын алыпсатарлар жерге ұра түсіріп бір алдаса, ойын ойнатамыз деп алаяқтар екі алдайды. Мұны алдау дегеннен гөрі тонау дегеніміз дұрысырақ шығар.

Онсыз да шеке майы шылқып жүрмеген шаруаларды алаяқтар осылай тонай берсе, жұрттың несі қалады? Құзырлы орындар қайда қарап отыр? Әлде олардың жұмысы қаланың көрінетін жерлеріне «Заңсыз ойындарға жол жоқ!» деген баннерлер ілгізумен ғана шектеле ме? Әлде алаяқтар табысын олармен бөлісе ме екен? Әлгілердің өздеріне соншалықты сенімді сөйлейтініне қарап осылай демеске де лажымыз жоқ. 

Ал қарапайым жұртшылыққа айтарымыз: Базарға, адамдар көп жүретін орындарға барғанда алдыңыздан темекі секілденіп оралған қағаз ұстап: «Бір шертіп жіберсең мол ақша ұтасың», – деп күлімсірей шығатын адамдарға сене көрмеңіздер! Олар сізге екінші адамды көрсетіп, мына кісімен ойнайсыз деп белгілі бір сомада ақша сұрайды. Бірақ есіңізде болсын, екінші адам сіз секілді ойыншы емес, өз адамдары. Сондықтан оңай олжаға қызығамын деп табан ақы, маңдай теріңізбен тапқан адал ақшаңызды қайдағы бір алаяқтарға жегізіп алмаңыз. Оңай жерде нан жоқтығын әрдайым есте ұстаңыздар!

Ал жұрттың қалтасына ашықтан-ашық қол сұғып жатқандарға айтарымыз, бәріміздің де алдымызда есеп беретін бір күннің барын ұмытпаңыздар. Осы ісіңізге сол кезде қатты өкініп жүрмеңіз! 

Г. ӘШІРБЕКОВА.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ