Масанчи елді мекенінің атауын Ноғайбай би деп өзгерту керек

12.02.2020
Қаралды: 640

Жамбыл облысы, Қордай ауданындағы Масанчи деген ауылды бүгінде бүкіл әлем білетін болды. Масанчиде болған оқиға талай елдің қабырғасын қайыстырып жіберді.

 

Ал енді қалың дүнген халқы қоныстанған үлкен елді мекенге есімі берілген осы Масанчи деген кім? Оның бұл өңірге қандай еңбегі сіңіп еді? Қазақтың ең шұрайлы да шырайлы жеріне ол кісінің атын беріп әспеттеу қаншалықты орынды?

 

Мағазы Масанчи деген адам 1885 жылы қазіргі Алматы (бұрынғы Верный) қаласында дүниеге келген екен. Кезінде комсомол, коммунист болған. Нағыз революционер болып, қызыләскер сапында талай адамды жер жастандырған. Бір кездері Өзбекстанда, Қырғызстанда, кейіннен Алматы маңында түрлі қызметтер атқарған. 1938 жылы «халық жауы» деп танылып, ату жазасына кесілген.

 

Мағазы Масанчидің есімі кейіннен ақталды. Оның аты Алматыдағы бір көшеге, ал 1962 жылы Қордай ауданындағы бір елді мекенге берілді. Алматыдағы скверлердің бірінде оның ескерткіш-бюсті қойылған.

 

Масанчи бұл ауылда туған да, тұрған да емес. Бұл өңірде қызмет етіп, ол жерге еңбек сіңірмеген адам. Тек бір кездері осы ауылда бірыңғай дүнгендер мекен еткендіктен, қызыл саясаттың себебімен революционердің атын ауылға беріп жіберген. Яғни бұл жерге ол кісінің түк те қатысы жоқ. Бұл – тарихи шындық.

 

Ал енді осы орайда айтуға тұрарлық тағы бір тарихи шындық бар. Ол тарих тасасында қалып қойған, ғасырдан астам уақыт бойы еленіп-ескерілмей келе жатқан басқа бір шындық.

 

Өткенге көз жіберсек, бір заманда дүнген халқы Қытай елінде көтеріліс жасап, ол жақта аяусыз жазаланып, тоз-тозы шығып, жер ауып қашқанда оларды кім өз панасына алып еді? Оларға кім мұсылман бауыр деп қарап, өз атақонысының сулы да нулы жерінен бөліп беріп, туған әкесінен бетер қамқорлық жасап еді?

 

Ол адам – Ноғайбай би емес пе еді? Сол бір аумалы-төкпелі заманда, дүнгендердің басына қара бұлт үйіріліп, қашып-босып, жүдеп-жадап, арып-ашып, мүсәпір күйде келгенде оларға аяушылық білдіріп, адамгершілік көрсеткен Ноғайбай би ғой. Оларға сол кезде, яғни 1891 жылы Ноғайбай би төрінен орын бермегенде жағдайлары не болар еді? Дәл осыншалықты ұрпақ өрбітіп, өсіп-өніп отырар ма еді?

 

Сондықтан бұл орайда дүнген халқы ең алдымен Ноғайбай бидің әруағы алдында қарыздар емес пе? Ең әуелі олар Ноғайбай биді әулие тұтса жараспай ма?

 

Ноғайбай бидің алыстан ауып келген дүнгендерге жасаған осы бір қамқорлығы туралы ел ішінде аңыз да, әңгіме де көп. Міне, сол туралы бәрінен бұрын дүнгендердің кәрі-жасы жақсы білуі керек. Ол оқиға мәңгі-бақи дүнген халқының жадында жаңғырып тұруға тиіс.

 

Жалпы, Ноғайбай би туралы, оның өз заманында елеулі тұлға, елді аузына қаратқан би, шешен болғаны жайында деректер көп. Ноғайбай би Дәулетбақұлы Қордайдағы «Сұлутөр» өңірінде 1834 жылы дүниеге келіп, 76 жыл өмір сүрген, ел басқарған, қол бастаған, қажылыққа барған, Жетісу өңіріне әйгілі адам. Кезінде ол Абай Құнанбайұлымен, оның әкесі Құнанбайдың өзімен де аралас-құралас болған, көргенді, көшелі кісі екен.

 

Айта берсе, Ноғайбай туралы жақсы әңгімелер аз емес. Сондықтан да оның есімін ұлықтау, жақсы істерін жаңғырту, тіпті атын ауылға беру қай жағынан болсын әбден лайық. Міне, мұны дәл осы күндері Масанчи халқы тереңірек ойланса, еш артық болмас еді.

 

Ал енді өткенге қайта оралар болсақ, қазіргі Масанчи елді мекенінің атауы әу баста Қарақоңыз деп аталған екен. Кейін көп ұзамай, сол жерге жайғасқан дүнген жұртының орыс билеушілеріне жазған өтініші бойынша, патша ағзамның құрметіне бұл елді мекен Николаевка деген атауға ие болыпты. Патша тақтан құлағаннан кейінгі жылдарда байырғы Қарақоңыз атауы қайта қайтарылған көрінеді. Ал 1962 жылы, жоғарыда айтып өткеніміздей, дүнген ұлтынан шыққан революционер Масанчидің есімі берілген.

 

Міне, бұл тақырыпқа қатысты біздің айтайын деген әңгімеміз осы еді. Өмірде мәңгі ештеңе жоқ. Көп нәрселер өзгереді. Тіпті көзқарастар, пікірлер, таным-түсініктер де уақытпен бірге өзгеріске ұшырап жатады.

 

Кешегі Масанчи оқиғасы біздің бәріміздің де төбемізден жай түскендей әсер етті. Біздің бәріміздің де көзімізді көп нәрсеге ашып бергендей болды. Ең бастысы, біз бұрын көз жұмып қарап келген талай нәрсені қайта таразылау керек екенін түсіндік. Бізде алдағы кезде бәрі де дұрыс болуы үшін көп-көп жайларға қайтадан баға беруге тура келіп тұр. Яғни күрт өзгерістер қажет. Ол өзгерістер қазаққа да, дүнгенге де, басқаға да аса қажет.

 

Осы туралы ойланғанда Ноғайбай би бабамыздың әруағын бір тербеп қоюды жөн көрдік.

 

P.S. Егер де Масанчи елді мекенінің атауын Ноғайбай би деп өзгертсе, онда сол маңайдағы Ырғайты ауылының бұрынғы атауы өзіне қайтарылып берілгені жөн. Немесе ол ауылға Ноғайбайдың әкесі Дәулетбақ бидің есімін беруге де болар еді.

 

А. КЕЛЕСБАЙ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ