Сталинді у беріп өлтірген бе?

11.02.2020
Қаралды: 550

Кезінде Кеңес Одағын 30 жылдан астам уақыт басқарған Иосиф Сталиннің Бүкілресейлік Коммунистік (большевиктер) партиясының (БКП(б)) Бас хатшысы қызметіне сайлан­ғанына 10-ақпанда 98 жыл толып отыр. Ол кісі қызметке 1922 жылы сайланып, бұл лауазымды өмірінің соңына дейін атқарған екен. (БКП(б) 1952 жылдан бері қарай КОКП, яғни «Кеңес Одағының Компартиясы» деп атала бастаған).

 

Ал Сталиннің 1953 жылғы 5-наурызда, жасы 73-ке қараған шағында қайтыс болғаны белгілі. Ол кісі өмірден өткенде бүкіл ел шынайы аза тұтып, қара жамыл­ған. «Күніміз не болады енді?» – деп қайғырған.

 

...Осы орайда аз ғана шегініс жасай кетейік. Ілгеріректе Шымкент құс фабрикасы жақта «Плодовоягодное» деп аталатын шаруашылық болатын. Сол ауылда Қасқырбай деген кісі өмір сүрген. Марқұм, сол кісі 1990 жылдары болар, бірде теміржолға төселген рельстегі «Завод имени Сталина» деген жазуға қарап тұрып былай дегені еске түседі:

 

«Жарықтықтың аты бәрібір де өшпейді ғой. Біреулер қанша жамандағанымен мемлекетке сіңір­ген еңбегі зор болғасын жұрт оны ешқашан да ұмытпайды. Сталин өлген жылы әке-шешелеріміздің ет жақынын жоғалтқандай қайғыр­ғаны есімде.

 

Ол кезде біз ойын баласы едік. Сол күні бір-бір шыбықты ат қылып мініп,  шаңдата жарысып жүргенбіз. Әкем теміржолда істейтін. Достарымның бәрінен «оза шауып» келе жатып әкемді көрдім де, менің жұртты шаңға бөктіріп келе жатқанымды көрсін деп «құйғытып» жанына жетіп бардым. Қуанатын шығар, мақтайтын шығар деп ойлағанмын. Сөйтсем, көкем еңіреп жылап тұр екен. Маған түйіле қарап, астымдағы «атымды» суырып алды да, сонымен құйрығымнан аямай тартып-тартып жіберді. «Неменеңе жетісіп жүрсің?! Сталин қайтыс болды ғой! Ө-ө-ө...» – деп өкіріп тұрған әкемнің  түтіккен түрін көргенде зәреміз қалмай, бет-бетімізбен қашқан едік».

 

Иә, қалай десек те Сталиннің аты өшпегені рас. Оның шағын портретін машинасының ішіне орнатып қойған талай ағаларды көріп өстік. Қазір де оның есімін құрметпен атайтындар арамызда жоқ емес.

 

Міне, әлемге аты мәлім осындай адамның өмірден өз ажалымен өтпегені туралы да жиі айтылып жүр. Мұндай әңгімелер КСРО тарап, одақтас республикалар өз алдына бөлек отау тіккен соң көбірек айтыла бастады. Соның ішінде әсіресе Б.Ельциннің кезінде Ресей Премьер-ми­нис­трінің бірінші орынбасары, құпия құжаттарды ашу жөніндегі комиссияның төрағасы болған Михаил Полтораниннің айтқандары шындыққа қатты ұқсайды. М.Полторанин Ресей журналистерінің біріне берген сұхбатында Ста­линді у беріп өлтірген деп ресми түрде мәлімдеген екен.

 

«1981 жылы Лазарь Кагановичке АҚШ-тан жиені келгенде ол оған Сталинді қалай өлтірген­дерін мақтана айтып берген, – дейді М.Полторанин. – Кага­новичтің Роза деген жиені Кремль ауруханасында істеген екен. Сол Сталинге қан сұйылтатын, бірақ мөлшерін көбейтсе, уға айналатын дәрі берген көрінеді. Бірақ мен Кагановичтің айтқандарына аса сенбеймін.

 

Сталиннің өз ажалынан өлме­генін кейін де бірнеше қайрат­керлердің айтқаны бар. Мысалы, Албания басшысы Әнуар Қожа: «Кеңес Одағы Сталинге қарсы аса арсыз қастандық жасады. Микоян сияқтылар қазір оны қалай өлтіргендерін айтып мақтанып жүр», – деп ашына айтқан.

 

Сталиннен Хрущев пен Микоян қатты қорыққан. Сталин Саяси Бюродағылардың санын 11-ден 35-ке дейін көбейтпек болған, оған жастарды көбірек тартқан, Саяси Бюро басшылығына Байбаков тағайындалған. Осының бәрі Хрущев пен Маленковқа ұнамаған.

 

Мен құжаттарды тексергенде шындығында не болғанына көз жеткіздім. Бізден Сталиннің у беріп өлтірілгенін жасырып келіпті. Ол ұзақ уақыт әзірленген арнайы операция арқылы іске асырылған. Сталинді өлтіру туралы ой 1946 жылы Мемлекеттік жоспарға байланысты қылмыстар әшкереленген кезде басталған. Сол кезде көптеген мемлекеттік құпия құжаттардың АҚШ-тың қолына түскені белгілі болған. Оған кінәлілер жазаланған, Сталин тексеруді бастаған».

 

Қысқасы, соғыстан бұрынғы және кейінгі жылдары да мемлекет басындағы адамдар арасында жемқорлық, сатқындық қылмыс жасағандар аз болмағанға ұқсайды. Әсіресе Лениннің «НЭП» бағдарламасын іске асыру аясында қызметін пайдаланып байлық жинағандар көп болған көрінеді. 1927 жылы солардың бір тобы жең ұшынан жалғасқан судьялармен қоса ату жазасына кесіліпті.

 

Мемлекет қауіпсіздігіне залал келтірген осындай оқиғаның бірі – жоғарыда айтылған 1946 жылғы Мемлекеттік жоспар оқиғасы. Сол кезде біреулердің астыртын, шпиондық әрекетінің арқасында АҚШ КСРО-ның біраз құпия нысандары туралы біліп алған. Біз біл­мейтін бір жайт – қолға түскен осындай құжаттар кейін АҚШ әуе күштерінің Қиыр Шығыстағы әскери базаны бомбалауына жол ашқан.

 

М.Полтораниннің айтуынша, бұл оқиға 1950 жылы қазан айын­да болған. Қиыр Шығыстағы 5 бірдей әскери нысанға АҚШ-тың 4 «Ф-80» шабуылда ұшағы кенеттен шабуыл жасаған. Сөйтіп аэродромдарда алаңсыз тұрған 103 ұшақтың күл-талқанын шығарыпты.

 

Жоғарыда Полторанин атап өткендей, 1946 жылғы Мемлекеттік жоспарға қатысты іс өте шулы оқи­ға болған, талай адамның басы кеткен. Сталин тексеру жұ­мыстарын бастаған. Оны өлтіру жайлы ой қарсыластарына осы кезде келіпті. Олар бұл ойларын арада 7 жыл өткесін іске асырыпты.

 

«Осы аралықта Сталинге жақын Поскребышев пен бірнеше адамның қызметі ауыстырылған, – дейді Полторанин. – Власиктің көзі жойылған, Кремльдің коменданты Косичкинге у берілген. Берия Кремльдің емдеу-санитарлық басқармасының бастығын ауыстырған.

 

Сталинге қастандық 1953 жыл­ғы 28-ақпанда орын алған. Ол қиналып жатқанда дәрігерлердің консилиумы болған. Ол уланған су ішкен немесе саусағымен улан­ған кітап бетін парақтаған болуы мүмкін. Ол кісінің кітап оқығанда сөйтетін әдеті болыпты. Қан және зәр сынамаларын алғанда ағзасында уға қарсы күресетін лейко­циттердің 4 есе көп екені, бауырының ұлғайғаны анықталған. Ол қан құсқан, терісі ашық қызғылт түске енген, қолтық астының кө­гергені бар. Оған берілген у көгерткіш қышқыл немесе цианды калий болуы мүмкін».

 

Полтораниннің айтуынша, сол жердегі барлық құжаттар, Ста­линнің медициналық картасы – бәрі де тазартылған. Негізі Сталин көп ауырмаған адам, денсау­лығы жақсы болған екен. Оны тек гипертонияның алғашқы сатысы мен тізе буынының ревматизмі ғана мазалаған көрінеді.

 

Сталиннің мәйітін тексерген консилиумда Русаков деген профессор да болған екен. Сол кісі өзінің анықтағандарын емдеу-санитарлық басқарма бастығына жолдапты. Ал ол Берияның қой­ған адамы болған.

 

Профессор Русаков жазған қағазында Сталиннің тыныс жолдарындағы кілегей қабатта көгерткіш  қышқыл немесе цианды калийден қалатынға ұқсас нүктелер болғанын айтқан көрі­неді. Алайда сол профессордың өзі де көп ұзамай қайтыс болған. Сосын оның үйі тінтіліп, бірқатар құжаттардың көзі жойылыпты. Бірақ Русаковтың әлгі толтырылған құжаттан жасаған көшірмесі сақталып қалыпты, оны ешкім байқамаған. Полторанин осы жазбаны өз қолымен ұстап тұрып оқығанын айтады. Яғни Полторанин Сталинді Кремльде­гілердің у беріп өлтірге­ніне сенім­ді.

 

...Ресми құжаттарда Сталиннің өлімі миына қан кетуден болған деп айтылып жүргені белгілі. Датасы 1953 жылғы 5-наурыз деп көрсетілген. Ал ол кісінің түбіне өз төңірегіндегілер осылайша жеткен көрінеді. Бұған орай бүгінде оның сүйегіне эксгумация жасап, тексеру жөнінде айтып жүргендер де бар.

 

Т. ТҰРАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ