Көкпарсайда төбеттер сайысының кезекті туры өтті

11.02.2020
Қаралды: 344

Түркістан облысының Қазығұрт ауданындағы Көкпарсайда ит төбелесінен кезекті Әлем чемпионатының іріктеу турлары жүріп жатыр.

Таяуда оның 2-ші туры болып өтті. Біз бұл жөнінде осы төбет төбелесіне қызығатын, оған өзінің баптаған итін қатыстырып жүрген бір азаматтан естіп білдік.

 

Жалпы, төбеттер төбелесі Оңтүстік өңірінде  бұрыннан өткізіліп тұратыны белгілі. Қазір Шымкентте де чемпионаттар өткізіліп жатыр.  Ол еліміздің басқа өңірлерінде де ұйымдастырылады. Оның өзіндік ережелері қалыптасып біткен. Елімізде бұған қатысты арнайы қауымдастық құрылған, көптеген командалар соған мүше болып тіркелген.

 

Бүгінде тө­бет төбелесінен чемпионаттар негізгі 5 салмақ дәрежесі бо­йынша өткізі­леді. Алғашқы турға, мысалы, 100 ит қатысатын болса, жұп­тап іріктеу­ден соң 2-ші турға олардың 50-і қа­лады. 3-ші турда 25-і қалса, жартылай сайыс­қа солардың жартысы шығады, ең соңында финалға екі төбет өтеді. Яғни жеңілген төбеттерде екінші мүмкіндік жоқ, олар жарыстан бірден шығарылып отырады.

 

Иттердің жеңілген қарсыласын талап тастауына жол берілмейді. Төбелес кезінде осал жағы қыңсылап, үріп деген сияқты қандай да бір сыр берсе, олар ажыратылады. Яғни ит мертігіп қалмауы керек.

 

Ал төбет төбелесінен Әлем чемпионаты Көкпарсайда өтуінің себебі – ол жерде арнайы жасалған арена бар. Оны қазығұрттық бір қалталы азамат істеткен, жан-жақтан тамашалауға баратын адамдар­ға қажетті жағдай жасап қойған. Сондықтан ол жерге төбеттер төбелесін қызықтауға өте көп көрермен барады. Жарыстардың өтуіне қаржылай демеушілік жасайтындар бар.

 

Көкпарсайда өтетін төбеттер төбелесіне бақ сынауға Өзбекстаннан, Қырғызстаннан, Тәжікстаннан, Түркіменстаннан, тіпті Ресейден де адамдар иттерін әкеліп жатады. Мысалы, осы чемпионатқа Тәжікстаннан ауыр салмақтағы, 27 мәрте жеңіске жеткен бір төбет әкелінген екен. Ол алғашқы турда өзінен біраз жас кіші шымкенттік Космос деген төбеттен жеңіліп қалып, еліне қайтыпты. Басқа елдерден келген «қонақтардан» жеңіске жетіп, келесі турға өтіп жатқандары да жоқ емес.

 

Енді бір айдың шамасында төбеттер төбелесінің 3-ші туры болып өтеді. Одан іріктеліп шыққандар жартылай сайысқа шығады. Ақтық сайыста мықты екі төбет кездеседі.  Басты жүлделер де соларға бұйырады. Чемпион атанған төбеттің иесіне қымбат көлік бұйырады деседі.

 

Негізі төбет төбелестері күннің ыстығы басылып, шыбын жоғалған салқын кезде, күзде басталады, көктемде аяқталады. Сосын ит иелері оларды қайтадан күтіп-баптауға кіріседі. Төбет келесі чемпионатқа дайын болуы тиіс.

 

Н. ЖҮНІС.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ