Уханьнан оралған студенттердің халі қалай?

11.02.2020
Қаралды: 413

Өткен аптада Қытайдағы коронавирус таралған Ухань қаласында оқып жатқан студенттеріміз арнайы рейспен Қазақстан­ға жеткізілді.

 

Қазіргі таңда олар Нұр-Сұлтан қаласынан 7 шақырым жердегі емханада орналасқан. Олар арнайы орында екі апталық карантинде болады.

 

Эвакуацияланған 80 студенттің денсаулығына байланысты еш шағымы жоқ, дегенмен вирустың таралу қаупінің алдын-алу мақсатында олардың дене қызуы өлшеніп, тиісті сынамалар алынған. Олардың әрқайсысы коронавирустық тестілеуден өтеді.

 

Олар орталықтың әр бөлмесінде екі-үш адамнан жатыр. Пациенттерге палатадан шығуға рұқсат жоқ. Сондай-ақ оларға басқа адамдармен байланысуға тыйым салынған. Ата-аналары студенттердің елге келгенінен хабардар болғанымен әзірге олармен кездесуге рұқсат жоқ. 

 

Студенттердің Қытайдан өздерімен бірге жеткізілген барлық заттары залалсыздандыруға берілген. Олар емханадағы медициналық қызметкерлердің өздеріне жақсы қарап жатқанын, жағдайларының бірқалыпты екенін айтуда. Дәрігерлер палаталарды аралайтын кезде маска тағып, арнайы киім киеді, палаталардан шыққан бойда ол киімдер жойылып отырады екен.

 

Коронавирустың отанына айналып, қауіпті індет өршіп тұрған Қытайдың қаласынан студенттерді алып қайтуда Аслан Асхатұлы атты ұшқыштың есімі ерекше аталады. Бұған байланысты әріптесіміз Бейбіт Сапаралы өзінің әлеуметтік желідегі парақ­шасында: «Күні кеше Уханьнан жүздеген жастарды алып қайту мәселесі тұрғанда өзге ұлт өкілдері тайсақтап, бас тартқан. Міне, сол кезде жас та болса халықаралық деңгейдегі тәжірибесі мол ұшқыш Аслан Асхатұлы бауырымыз нағыз қазаққа тән қайсар мінез танытып, қатерлі сапарға тәуекел етті. Бас ұшқыш Аслан басқарған арнайы топ  апатты аймақтан алып шыққандарды діттеген уақытында Нұр-Сұлтан қаласына жеткізді. Жүздеген ата-аналар үрей мен уайымнан серпіліп, көңілдері орныққандай болды», – деп жазды.  

 

Айта кетелік, сол жолы қазақстандықтармен қатар Беларусь елінің – 5, Қырғызстанның – 18, Армения­ның 1 азаматы да елге жеткізілген.

 

М. ӘМІР.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ