Жол полициясы мен сот орындаушылары жұртты неге босқа әуре-сарсаңға салады?

11.02.2020
Қаралды: 150

 

Мен сіздермен мына бір жағдайды бөліссем деп едім. Мүмкін біреулерге сабақ болар деп ойлаймын.

 

 

2019 жылы қазан айының соңында Түркістан қаласына тойға барған едік, сонда айналма жолда жылдамдықты өлшегіш фотоаппаратқа түсіп қалған екенбіз. Ол туралы желтоқсан айының соңында айыппұл қағазы келгенде бір-ақ білдік. Өзім Сайрам ауданында тұрамын. Сосын айыппұлды Қарабұлақ ауылындағы «Қазпочта» бөлімшесі ар­қылы төледім. Ал оның түбіртегін алып, Ақсукент ауылындағы аудандық полиция бөлімінен айыппұл төлегенімді рас­тап базадан өшіртейін десем, біз өшіре алмаймыз деп қайтарды. Ертеңгісін Шымкент қаласындағы процессингтік орталыққа барғанда олардан да Түр­кістан қаласына барып өшірмесең, өшпейді деген жауап алдым.

 

Содан амал жоқ, Түркістан қаласындағы «Бекзат» микроауданының Абай көшесіндегі бөлімшеге барып өшірттім. Солайша қаншама әуре-сарсаңға түстім! Бүкіл Қазақстан бойынша база бірдей емес пе, сонда егер Алматының көлігі фотоаппаратқа түсіп қалса, иесі айыппұлды Түркістанға келіп өшіруі керек пе? Осыған байланысты жауапты адамдар жұмыс жүргізсе екен.

 

Екінші мәселе сот орындаушылары туралы. Егер осындай айыппұлдар сотқа өтсе, сот орындаушылары ол кісінің атындағы барлық шоттарды, үйі, авто­көлігі – барлығын «арестке» қояды. Ол азамат барлық айыппұлын төлеген соң құтылдым деп ойлайды, ал бірақ «арест­те» барлық мүлкі тұра береді. Ол оны сол күйі білмей, бірнеше жылдан кейін үйін немесе көлігін сатайын десе, онысы «арестте» тұрады. Сосын ол адам әлгі сот орындаушыны іздеп, табанынан тозады.

 

Сот орындаушылары «арестке» қояр кезде барлық жерге электронды почта арқылы хат жазып, бұғаттайды, ал айып­пұлдар төленген соң неге сол хат жібер­ген мекемелеріне қайтадан: «Болды, аресттен шығарыңдар» деп хат жолдамайды? Өйткені ол адам өзінің қай мүлкінің тоқтамға қойылғанын білмейді де ғой.

 

Осыны да бір дұрыс жолға түсірсе болар еді.

 

Р. АҒЫБАЕВ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ