Майк Помпео Қытайдан қашып келгендерге адамгершілік көрсетуге шақырды

11.02.2020
Қаралды: 119

 

Кешегі аптада АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Майк Помпео Қазақстанға ресми сапармен келді. Ол осында әуелі Сыртқы істер министрі М.Тілеубердімен, Президент Қ.Тоқаевпен және Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы Н.Назарбаевпен кездесті.

 

 

 

Осы кездесулер кезінде М.Помпео Қазақстанның Қытайдан таралған коронавирусқа қарсы жүргізіп жатқан шараларына жоғары баға берді, бұл істе АҚШ тарапының қажетті көмек көрсететінін айтты. Сондай-ақ ол адам құқықтарын қорғау мәселелері жөнінде әңгімеледі.

 

М.Помпео Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономия­лы ауданындағы 1 миллионнан аса ұйғыр мен қазақтардың арнайы лагерьлерде отырғанын, олар­ға жасалып жатқан қысымды тоқтату үшін бірлесіп күрес жүргізу керектігін айтты.

 

«Адамның негізгі құқықтарын қорғау ұлт рухын айшықтайды. Біз адам саудасын, Қазақстанмен шекаралас Шыңжаңдағы лагерьлерде отырған мұсылман ұйғырлар мен қазақтардың жағдайын талқыладық. АҚШ барлық елдерді осы саяси қуғынды тоқтатуды талап етуге шақырады. Біз Қытай босқындарын қауіпсіз баспанамен қамтамасыз етуге, олар­ға пана болуға шақырамыз. Адамгершілік көрсетіп, дұрыс жасаңыздар», – деді АҚШ Мемлекеттік хатшысы.

 

М.Помпео сондай-ақ «Атажұрт еріктілері» ұйымының ұйытқы болуымен Шыңжаңдағы «қайта тәрбие­леу лагерьлерінде» болған, сонда туыстары отырған оралман қазақтармен кездесті, олармен сұхбаттасып, өз пікірлерін білдірді. Кейін өзінің «Твиттердегі» парақшасында бұл туралы: «Шыңжаңдағы лагерьлерге қамалған, сонда отырған этникалық қазақтардың отбасыларымен кездестік. Қытайдан қашып келгендерді оған қайтармағаны үшін Қазақстанға ризашылығымды білдіремін», – деп жазды.

 

Жалпы, М.Помпеоның бұл сапардағы басты мақсаты туралы сараптама жасап жатқандар аз емес. Әрине, оның бұл сапары АҚШ-тың негізгі қарсылас­тары Қытай мен Ресейге ұнамайды. Мысалы, Қытайдың Қазақстандағы елшісі М.Помпеоның бұл сапарын спектакльге теңеді. «АҚШ Орта Азияға өзінің монополиясын орнатқысы келеді», – дейді ол.

 

Қалай болғанда да Қазақстанға АҚШ-тың назары түсіп тұр.  Ресми кездесулер барысында М.Помпео мұны нақты сездірді, ол Қазақстан мен АҚШ арасындағы қарым-қатынастардың алдағы уақыттарда да дами түсетініне зор сенім білдірді.

 

Н. ӘБДІ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ